Денсаулық • 13 Маусым, 2023

Дертке шипа оңалту орталығы

1873 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгінде церебралды сал ауруына шал­дық­қан бала санының көбеюі қоғам­ды алаңдатады. Көрсең қабырғаң қайыса­тын бейкүнә сәбилердің жағдайын жа­сау мемлекет назарынан тыс қалмауға тиіс. Осы ретте өңір орталығы Талдықор­ған­да ерекше қажеттілігі бар балалар­ға арналған екі бірдей оңалту орталығы ашылды.

Дертке шипа оңалту орталығы

Оның бірі – облыстық перинаталды орта­лық жанынан құрылған «Қамқорлық» ерте емдеу орталығы. Ал, екіншісі – аутизм және басқа да ментальді бұзылулары бар балалар­ға әлеуметтік-медициналық қызмет көрсетуге арналған күндіз жұмыс істейтін орталық. Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл игі іске әлеуметтік мекемелер, облыс әкімдігі­нің «Қамқорлық» корпоративтік қоры, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры, Назарбаев қоры және «Samruk Kazyna Trust» әлеуметтік жобалар­ды дамыту қолдау көрсеткен. Екі әлеуметтік нысан да дәрігерлердің медициналық қорытын­ды­сы және медико-әлеуметтік сараптаманың жолдамасы бойынша тегін қызмет көрсетеді. Осы күні орталықтардың ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Рустам Әли қоғамдық қорлардың өкілдеріне алғыс айтты.

Облыстық перинаталды орталықтың директоры Қанат Жұмашевтің айтуынша, облыстық перинаталдық орталықтың жанынан нейро-ортопедиялық бұзылулары және олардың даму қаупі бар балаларға ем жүргізу мекемесін ашу ісі қолға алынған. Атап айтқанда, церебралды паралич, мерзімінен ерте туған сәбилер, Даун синдромы, орталық нерв жүйесі зақымданған басқа да сырқаттары бар балалар ем ала алады.

«Түрлі ерекшелікпен туған балаларға уақы­тында ем жасаса, денсаулығын едәуір жақ­сартуға мүмкіндік бар. Ал кеш жүргізілген емнің нәтиже беруі қиын. Сондықтан ерте бастан емдейтін бұл орталықтың жұмысы ерекше қажеттілігі бар балалардың денсаулығын сауықтыруға оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын», дейді Қ.Жұмашев.

Мұнда 3 айдан 3 жасқа дейінгі балалардың денсаулығы қадағаланады. Орталық айына 50 бала қабылдай алады. Балалардың әр 2-3 ай сайын келіп, ем қабылдауына жағдай жасалған. Себебі ерте басталған ем үздіксіз жүргізуді қажет етеді. Орайы келгенде, емдеу орнында диагностикалық аудиологиялық тексеру және соңғы үлгідегі мидың электро энцефалограммасы бар екенін айта кеткеніміз ләзім. Мұнда арнайы медициналық мамандардан невролог, реабилитолог, ЛФК дәрігері, педиатр, балалар ортопеді, сурдолог дәрігер, педагогикалық құрамнан дефектолог, логопед, эрготерапевт, балалар психологы мамандары жұмыс істейді.

Осы күні аутизм және басқа да ментальді бұзылулары бар балаларға әлеуметтік-меди­циналық қызмет көрсетуге арналған күндізгі орталық ашылғанын айттық. Бұл орталық 2 қабатты ғимаратта орналасқан. Осы қолайлы ғимарат жергілікті бюджет есебінен сатып алынып, оған жалпы сомасы 200 млн теңгеге күрделі жөндеу жүргізілген. Ал қажетті жабдықтарды қорлар түгендеген. Орталық 125 орынға шақталған. Аулада балаларға арналған волейбол, футбол алаңдары бар. Сондай-ақ орталық сенсорлық, емдік дене шынықтыру кабинеті, дефектология, музыка, физиотерапия, массаж, ем-шара бөлмесі, робототехника, логопед, конференция залы, психолог кабинеті, еңбекке баулу, қыш құмыра жасау бөлмелерімен қамтылған.

 

Жетісу облысы