Осы мәселеге қатысты «Egemen Qazaqstan» газетінің «Ұшқыш болу оңай ма?» мақаласына көз жүгіртіп көрсек.
«Қажетті маман тапшылығы мәселесін шешу мен студенттеріміздің еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, еуропалық стандарттарға көшу арқылы азаматтық авиация саласына кадр даярлау жүйесін түбегейлі реформалап, оқу үдерісін ИКАО-ның озық стандарттарына сай жолға қою мәселесі қарастырылып келеді», дейді М.Қарабаев.
Жоғарыда айтып өткендей, елімізде 20 мыңға жуық адам авиация саласында қызмет етеді. Оның ішінде ұшқыш, инженер, менеджер тағы да басқа мамандарды қосқанда 107 мекемеде жұмыс істейді екен. Салада 53 әуе компаниясы қызмет көрсетеді. Оның 8-і күнделікті жолаушы тасымалына араласады. Ал басқасы ауыл шаруашылығын, маусымға қарай ұшатын чартерлік рейсті жандандырса, бұл қатарға VIP жолаушы таситын компания да қосылады. Оның жетеуі – жергілікті шағын аэропорт. Алматы, Ақтөбеде авиажөндеу зауыты бұрыннан жұмыс істейді.
Авиацияға маман даярлайтын Орталық Азиядағы Азаматтық авиация академиясы Алматыда орналасқан. Онда жоғары және орта білімді мамандарды оқытады. Кеңес өкіметі тұсында авиация саласында 6 жоғары оқу орны болған екен. Ақтөбедегі училищеде ұшқыштар даярлаған. Егемендік алғаннан кейін, 1995 жылы Азаматтық авиация академиясы құрылып, 2000 жылы бірінші түлектерін шығарды. Содан беріге дейінгі аралықты есептесек, академия 23 жылда 7000 түлек даярлапты. Олардың шамамен 80%-ы авиация саласында еңбек етіп жүр. Бірақ қазір салада 20 мың жұмысшы еңбек ететінін ескерсек, салыстырмалы түрде білікті маман аз екенін аңғарамыз. Бұл – авиациядағы мамандардың орта жасы 50-ден асатыны туралы деректі растайды. Қысқасын айтқанда кадрлар қартайып барады.