Экономика • 14 Маусым, 2023

25 жыл ішінде елордаға құйылған инвестиция көлемі 55 есе өскен

353 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астана еліміздің жүрегі болғаннан бастап оның дамуына қыруар қаражат бөлінгенін айтпасақ та түсінікті. Инвестиция құйылып, қаланың жағдайы жақсарып, жаңадан жұмыс орындары ашылған сайын халықтың саны да көбейе түсті. 

25 жыл ішінде елордаға құйылған инвестиция көлемі 55 есе өскен

Бұл мәселені белгілі журналист Арнұр Асқар «Egemen Qazaqstan» газетіне жазған «Астана экономикасы: Тақ келген жерге бақ келді ме?» мақаласында көтерген. 

Өткен жылдың қаңтар-қараша айларында елорданың сыртқы тауар айна­лы­мының көлемі 9 526 млн АҚШ долларынан асып түсті. Атап айтқанда, экспорт көлемі 7,005.4 млн доллар болса, импорттың үлесі 2,521,2 миллион дол­ларға тең. Экономистердің мәліметіне сүйенсек, қала Төртінші өнеркәсіптік револю­ция жағдайында ел экономикасын жаң­­ғыр­туға, Қазақстанның жаһандық эко­но­­микалық кеңістігіне кірігуіне зор ық­па­лын тигізіп отыр.

Қала әкімдігі ұсынған деректерге сүйенсек, 25 жыл ішінде қалаға құйылған инвестиция көлемі 55 есе өскен. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға 1 млрд 446 млн теңгеден асып түсіпті.

Мақала авторының айтуынша, шетелдік компаниялардың қаты­суы­мен қалада 7 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Олардың қатарында транс­форматор шығаратын франциялық Alstom компаниясы, медициналық жабдықтар шығаратын «Eira Med» компаниясы сынды алпауыттар бар. «Әбу-Даби Плаза» көп­мақсатты кешенінің құрылысына Біріккен Араб Әмірліктерінің, автокөліктерге арналған логистикалық терминал құрылысына Жапонияның компаниясы атсалысқанын атап өткен дұрыс. 

Халықтың саны жыл сайын артып келе жатқандықтан, Астана - шетелдік капитал үшін тартымды қалалардың бірі. Бұл ретте ғылыми әлеуеттің ауқымды бөлігі елордада шоғырланғанын айта кеткен орынды. Бұған қаладағы 15 жоғары оқу орны мен 33 колледж дәлел бола алады. Орта мектептердің саны да 160-тан асады және бұл көрсеткіш жыл санап артып келеді.