Экономика • 14 Маусым, 2023

Астана экономикасы: Тақ келген жерге бақ келді ме?

425 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Елорданың экономикалық әлеуе­тіне тоқталғанда «Тақ келген жерге­ – бақ келеді» деген тегеурінді тәм­сіл­ тіл ұшына оралды. Ширек ға­сыр­ ішінде бас қаланың аумағы ана­­ғұрлым ұлғайып, абыройы ал­ты­ құрлыққа жеткені – бағы жан­­ға­­ны деген ойдамыз.
Әу баста Астана мәртебесін ие­лен­­ген кезеңнен бастап бұл қала­ға елі­міздің әкімшілік басқару нүк­те­сі,­ мәдени-рухани орталығы ғана емес, экономикалық локомотиві бо­лу сынды маңызды миссия­ жүк­­­­те­л­ген болатын. Олай болса,­ 25 жыл ішінде қаланың негізгі әлеу­мет­тік-экономикалық көрсет­кіш­те­рі қалай өзгерді?

Астана экономикасы: Тақ келген жерге бақ келді ме?

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Әуелден әлеуеті зор еді

Жалпы, сарапшылар әуелден бұл қаланың экономикалық әлеуеті зор болғанын айтады. Біріншіден, көлік және коммуникациялық, логистикалық тұрғыда ыңғайлы. Өткен ғасырдың алғашқы ширегінен бастап-ақ Ақмола одақты көктей өтіп жатқан тарам-тарам теміржол жүйесінің маңызды орталығына айнала бастағаны белгілі. Тың игеру науқанында экономикалық маңызы одан сайын күшейді. Астықты өңірлердің бірі ретінде он бес республикаға мо­йындалды. Жергілікті өнім түрі мола­йып, теміржол қатынасының қуаты артқан сайын қаланың экономикасы, халқының әлеуметтік жағдайы да жақсара берді. Ақмола пойызбен де, автокөлікпен де, авиациямен де жетуге ыңғайлы қала еді, елорда ретінде таңдалуына осы фактор да ерекше ықпал етті.

Одан да әріге ой жүгіртсек, Қараөт­кел­дің төңірегінде көктемге салым жәр­меңке қызып, қара күзге дейін толастамайды екен. Әу бастан үлкен сау­да­ның басы қосылған жер болған. Қазақ­тан шыққан ірі капиталист Қос­шы­ғұл әулеті дүкен ұстаған, кондитерлік фабрика салып, өнімін Петербургке дейін экспорттаған, сауда-сат­тықты дөңгелеткен мекен де – осы жер.

Бір ғасыр бұрын қазақ жеріндегі капитализмнің іргетасы қаланған шаһар бүгінде елдің әкімшілік орталығы ғана емес, экономикалық локомотивіне айналып келеді деуге негіз бар.

Жалпы, сонау 1998 жылы тұсаукесер салтанаты өтіп, қала күні тойлана бас­та­ған­нан халықтың болашаққа деген үмітіне деп беріп, айдарынан жел естірген шаһар шағын қалашықтан – мойындалған мегаполиске дейінгі даму жолынан өтті. Халық саны 4 есеге жуық көбейіп, 1 млн 350 мыңнан асып түсті. Бүгінде елордада еліміздің әкімшілік және іскерлік орталықтары шоғырланған, ауқымды экономикалық, ғылыми-техникалық және әлеуметтік мәселелер шешілуде. Машина жасау, құрылыс индустриясы, ауыл шаруашылығы өнімі салаларындағы ірі жобалар іске асырылып жатыр. Қыз­мет­ көрсету саласы, инженерлік және әлеу­мет­тік­ инфрақұрылым кеңейіп, жүздеген мың жұмыс орны құрылды.

 

Өзіне жетеді, өзге өңірлерге де артылады

Біз бас қаланың тұрғыны, экономика ғылымдарының кандидаты Сапарбай Жобаевқа хабарласып, өзі тұрып жатқан қаланың экономикасы туралы пікірін сұраған едік. Сарапшы өңірлік даму бағдарламаларын жасау кезінде оның сол өңірге қаншалықты сай келетініне көңіл бөлу керектігін, бұл тұрғыда елорданың жолы болғанын айтты.

– Астана экономикасының басты бағыт­тары – сауда, қызмет көрсету, білім беру,­ денсаулық сақтау, логистика, туризм. Осы аталған салалар өте қарқынды дамып келе жатыр, дейді экономист.

Шаһар аумағы 3 есе ұлғайып, халқы көбейді. Экономикалық әлеуеті де қатар өріліп отырып, осыдан 9 жыл бұрын бюджет донорына айналған-ды. Содан бергі аралықта салық түсімдері артпаса, кеміген жоқ. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджет қазанына құйылған жалпы салық түсімдерінің көлемі 1 трлн 675 млрд теңге­ден асып түсті. Қалалық бюджетке түскен қар­жының 70 пайызы республикалық бюджетке беріліп, қалған 30 пайызы өз қазынасында қалатыны белгілі. Яғни Атырау мен Маңғыстау облыстары, Алматы қаласы сияқты донор өлкелердің қата­­рындағы қаланың үлесі кейінгі 5 жылда 30 пайызға ұлғайды деген сөз.

– Қазір Астананың ішкі жалпы өні­мі­нің үлесі бүкіл Қазақстан бойынша 10 па­­йызға жақындады. Бұл дегеніміз – шамамен 10-11 трлн теңгеге жуық сома. Астана экономикасындағы ауыз толтырып айтатын салалардың бірі – шағын және орта кәсіпкерлік. Сауда саласы түгелге жуық шағын және орта кәсіпкерлердің қолында. Осы секторда еңбектеніп жүрген жүз­деген мың адамның жеке табыс салы­­ғынан түсетін қаражат елорданың бюд­же­тін толық қанағаттандырады, деді Сапарбай Жобаев.

Экономистің пікірін қала экономикасына қатысты көрсеткіштер қуаттай түседі. Астана – республикадағы кәсіпкерлікпен айналысуға ең қолайлы қалалардың бірі. Ресми дерекке жүгінсек, биыл­ғы­ жылдың басында қаладағы шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны 204 мың­нан асып түсті. Яғни кәсіпкерлік нысандарының саны 5 жыл бұрынғы 124 мыңдық межемен салыстырсақ, өсім айтар­­лықтай жоғары. Шағын және орта биз­­несті дамытуға жасалған жағдайдың арқа­сында 457 мың адам күнкөрісін айы­рып отыр.

– Астана экономикасындағы тағы бір ірі сала – құрылыс секторы. Өздеріңіз білесіздер, құрылыс нарығы Астананың ғана емес, ел экономикасының драйверінің қызметін атқарған кезеңдер болған. Қазір де маңызы төмендеген жоқ. Елордада халық саны артқан сайын жол құрылысы, тұрғын үй салу, мектеп, балабақша, ауру­хана сынды әлеуметтік нысандар тұрғызу, спорт, мәдениет нысандарын көбейту, сауда орындарының бой көтеруі сынды қажеттілік үздіксіз туындап отырады. Құрылыстың қарқынды жүруі оған қызмет ететін басқа бағыттардың да дамуына әсер етеді. Құрылыс материалдарын қоя тұрыңыз. Елорданың іргесіндегі Қосшы қаласындағы зауыттың өзі Астананың талай ғимаратын лифтпен, эскалатормен қамтып отырғанына біраз жыл болды. Қаланың шығыс жақ бөлігі бұрыннан өндірістік аймақ саналады. Ол маңда электровоз зауыты сыны күрделі өндірістік кешендер орналасқан, дейді Сапарбай Жобаев.

Экономист ғалым жалпы мегапо­лис­тер­ді қызмет көрсету сынды салалардың асы­райтынына да тоқталып өтті. Осы орай­да, бүгінгі таңда елорда бойынша 11 сауда орталығы, 24 базар, 348 мейрам­хана, 1 мыңға жуық асхана мен кафе, 34 авто­­салон, 149 кәсіпкерлік нысандары бар екенін айта кетейік. 1 млн 350 мыңға жуық­ халқы бар шаһар үшін бұл біршама жақ­сы көрсеткіш.

 

Инвестиция игілігі

Өткен жылдың қаңтар-қараша айларында елорданың сыртқы тауар айна­лы­мының көлемі 9 526 млн АҚШ долларынан асып түсті. Атап айтқанда, экспорт көлемі 7,005.4 млн доллар болса, импорттың үлесі 2,521,2 миллион дол­ларға тең. Экономистердің пайымдауын­ша, қала Төртінші өнеркәсіптік револю­ция жағдайында ел экономикасын жаң­­ғыр­туға, Қазақстанның жаһандық эко­но­­микалық кеңістікпен кірігуіне зор ық­па­лын тигізуде.

Жалпы, инвестицияға тоқтала кетейік. Қалалық әкімдіктен алдырған деректерге сүйенсек, 25 жыл ішіне қалаға құйылған инвестиция көлемі 55 есе өскен. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға 1 млрд 446 млн теңгеден асып түсіпті.

Тартылған қаражаттағы шетелдік ин­вес­­­тицияның үлесіне келсек, ол барлық ин­вес­тицияның төрттен бір бөлігіне шамалас. Шетелдік компаниялардың қаты­суы­мен қалада 7 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Олардың қатарында транс­форматор шығаратын франциялық Alstom компаниясы, медициналық мақсаттағы жабдықтар шығаратын «Eira Med» компаниясы сынды алпауыттар бар. «Әбу-Даби Плаза» көп­мақсатты кешенінің құрылысына Біріккен Араб Әмірліктерінің, автокөліктерге арналған логистикалық терминал құрылысына Жапонияның компаниясы атсалысқанын атап өткен жөн.

Жалпы, Астананы шетелдік капитал үшін тартымды қалалардың бірі деуге негіз бар. Біріншіден, тұтыну нарығы жыл санап қарқынды түрде ұлғайып келеді. Халық саны қаншалықты тез көбейіп жатқанын жоғарыда айтып өттік. Оған қоса, шаһар – экономикалық жағынан белсенді, білімді қала. Еліміздегі ғылыми әлеуеттің ауқымды бөлігі елордада шоғырланған. Бұл сөзіміздің айғағы ретінде қалада 15 жоғары оқу орны, 33 колледж бар екенін айта кетейік. Орта мектептердің саны 160-тан асады, бұл көрсеткіш жыл санап артып келеді.

 

Қоймасы кең қала

Елорда әкімдігі ұсынған дерекке­ жүгіне отырып, қаланың алдағы жыл­дардағы даму жоспарына көз жү­гір­тіп көрейік. Сөз басында айтып кет­ке­­німіздей, астананың халқы еселеп артып, бір жарым миллиондық межеге жақындап келеді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегіне сүйенсек, күн сайын елорданың халқы 700 мың тоннадан астам әлеуметтік маңызды азық-түлік түрлерін тұтынады екен. Ал оның 22 па­йызы қалада өндіріледі. 45 па­йыздан астамы Ақмола, Қарағанды, Павлодар облыстарын қамтитын азық-түлік белдеуінің үлесінде.

Қаланың ресми сайтынан алынған дерек­терге сүйенсек, өткен жылдың со­ңын­­дағы көрсеткіш бойынша былтыр елор­дада өндірілген өнеркәсіп өнімдерінің жал­пы­ құны 2 триллион теңгеге жуықтады. Шаһар экономикасындағы өңдеуші сала­ның үлесі жалпы өндірістің 80 пайызына жуық­тайды. Бір жыл ішінде қаладағы азық-түлік өндіруші кәсіпорындар 2 089 тон­на шұжық өнімін, 12 389 тонна ұн, 28 323 тонна макарон өндірген.

Жылдың төрт мезгілінде Астананы көкө­ніспен, жеміс-жидекпен қамтамасыз ету үшін қалада «Астана Агро» ЖШС, «АстанаАгро-АА» ЖШС, «АстанаНива» ЖШС, «Картоп және көкөніс» ЖШС, «Arul Communication» ЖШС, «Целин­сельмаш» ЖШС сынды он шақты қойма салынған. Осындай қоймалардың жалпы сыйымдылығы 60 мың тоннадан асады.

Сөз басындағы тілге тиек еткен тәм­сіл­дің шындығына үңілеміз деп, бас қала­ның экономикалық даму барысына көз жүгірткенде, осындай дерек-дәйектер қолы­мызға түсті. «Елу жылда – ел жаңа» дейді, біз елорданың 25 жылын қамтып отыр­мыз. Әуелден әлеуеті зор, кезінде қазақ жеріндегі капитализмнің негізі қалан­ған шаһар бүгінде экономикалық локо­­мотивке айналып келе жатқандай.

 

Арнұр АСҚАР, 

журналист