Университет • 14 Маусым, 2023

Құжатқа QR-мен қол қояды

275 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­верситетінің оқытушылары мен студенттері үшін электронды цифрлық қол­таңбаның көмегімен QR коды арқы­лы құжатқа қол қоюдың тиімді әдісі енгізілді.

Құжатқа QR-мен қол қояды

Сөйтіп, оқу орнының IT мамандары smart.enu ақпараттық жүйесін «Egov Mobile» қосымшасымен толықтырды. Енді жоғары оқу орнының қызметкерлері мен студенттері QR кодты сканерлеу арқылы 10-ға жуық құжатқа қол қоя алады.

– Біздің университет пандемия кезінде адамдардың ғимараттарға өзара байланыссыз кіруі үшін өзінің ақпараттық жүйесіне QR код енгізді. 2021 жылдан бері электронды сандық қолтаңба қолданылады. Сондай-ақ жеке экожүйесін белсенді түрде дамытып, үдерістерді жеңілдетіп отыр. QR арқылы құжаттарға қол қою мүмкіндігі бар екені туралы хабарландырудан кейін бірден тиісті министрлікке өтініш бердік. Біздің жүйеміз сәйкестік пен қауіпсіздікке байланысты тексерістен сәтті өтті. Енді біз smart.enu жүйесінде құжаттарға QR арқылы қол қоюдың ыңғайлы әдісін енгіздік. Ол үшін телефонға «eGov» мобильді қосымшасының соңғы нұсқасын жүктеу қажет. Цифрлық мүмкіндік құжаттарды басып шығаратын уақыт пен қаржыны үнемдеп қана қоймай, қоршаған ортаға да пайдасын тигізеді, – дейді университеттің Цифрлық даму және қашықтықтан оқыту департаментінің директоры Гүлмира Бекманова.

Шын мәнінде, автоматтандыру өндіріс­тік үдерістерді жеңілдетіп, жылдамдатуға мүм­кіндік берді. Биылғы бес айдың ішінде smart.enu жүйесі арқылы 3 100 келісімшарт пен ­ 5 000 силлабусқа қол қойылған.

Айта кетейік, соңғы екі жылда Еуразия ұлттық университетінің ІТ мамандары 15 өнім жасады. Енді олар жеке құжат айналымы жүйесін әзірлеуге кірісті.