ІІМ мамандарының айтуынша, бұрын негізінен «қолма-қол» жасалып келген алаяқтық қылмыстары кейінгі жылдары, әсіресе пандемия кезінде виртуалды әлемге қарай ойысқан. Интернет әлемінің қыр-сырын меңгеріп алған кәнігі кибералаяқтар халықтың цифрлық сауаттылығының төмендігін шебер пайдаланып, аңғал жандардың ақшасын жымқыруын доғарар емес. Жалпы, өткен жылы елімізде 20,5 мың интернет алаяқтық қылмысы тіркеліпті. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 4 пайызға төмен болғанымен, олардың түрлері бірін кессең, екіншісі өсіп шығатын аждаһаның басындай көбейіп жатыр.
Елімізде көп кездесіп жүрген алаяқтық түрлеріне: интернет-дүкенмен байланысты алаяқтықтар, фишинг, интернет арқылы қайыр сұрау, телефон-алаяқтық, SMS-алаяқтық және интернет-банкинг арқылы жасалатын қылмыстар жатады. Қулығына құрық бойламайтын заманауи қылмыскерлердің «идеялары» мұнымен таусылмақ емес. Оларға қарсы сақтық шаралары жасалған сайын өршелене түсіп, жымысқы ойларын одан әрі өрістетіп, небір қитұрқы амал-айлаларды өмірге әкеліп жатыр. Мысалы, қалтаңдағы ақшаңды көзіңді бақырайтып қойып жымқырып кету өз алдына, қылмысының ізін жасыруда «судан құрғақ шығып», алдына жан салмай жүрген «ақылмандары» да араларында аз емес. Сондай қылмыс «кестесінің» бірі былайша өрбиді.
Автобуста немесе басқа қоғамдық орында сіздің телефон арқылы банк қосымшасына кіретін төрт санды кодыңызды көріп алған қылмыскер амалын тауып телефоныңызды қолды қылады. Сосын өзінің досына хабар береді. Досы банкоматтың алдына барып, сол жердегі бір адамды ұстап алады да: «Аға, көке, маған ауылдан ата-анам ақша аударуы керек еді. Бірақ өзімнің телефоным істемей тұр. Ақшаны сізге жіберсе, банкоматтан шешіп бересіз бе?», деп жалынып-жалпайып өтінеді. Әлгі адамды алдап-сулап көндірген соң, қылмыскер өз сыбайласына оның нөмірін айтады да, досы ұрланған телефонның банк қосымшасындағы барлық ақшаны әлгі адамның шотына аударады. Еріксіз түрде қылмыстық «сызбаның» қатысушысы болып жатқанын сезбеген азамат өзіне келіп түскен қаражаттың бәрін банкоматтан шешіп алып, алаяқтың қолына ұстатады. Содан кейін бірінші қылмыскер ұрланған телефонды лақтырып тастайды...
Телефонын жоғалтқан адам полицияға арыз жазғаннан кейін, тәртіп сақшылары банкоматтан ақшаны шешіп берген адамды ұстайды. Ал шын қылмыскерлер бұл кезде жеңіл жолмен келген ақшаға мейрамханада той тойлап немесе келесі құрбандығын іздеп, көше торуылдап жүреді...
Асқан шеберлікпен ұйымдастырылған бұл қылмыстық жолда кибералаяқтықтың да белгісі бар. Өйткені құқық бұзушылық банк қосымшасын қолдану арқылы жасалып отыр. Дегенмен мамандар қазіргі күні интернет арқылы жасалатын алаяқтық қылмыстарының көбі онлайн саудамен байланысты екенін айтады. Мәселен, алаяқтар белгілі жарнама сайттарында және әлеуметтік желілерде жарнамалар жариялайды. Олар тауардың немесе қызметтің бағасын әдеттегіден төмен қылып көрсетеді де, алдын ала төлем жасауды сұрайды. Бір қарағанда, қарапайым ғана алдау жолы болып көрінгенімен, солардың құрығына да түсіп қалып жататын аңғалдар арамызда аз емес.
Таяу күндері біз Ішкі істер министрлігі дайындаған Қоғамдық қауіпсіздікті қоғаммен серіктестікте қамтамасыз етудің 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасы жобасының шеңберінде Цифрлық криминалистикалық зертхана жұмысын бастағанын жазған едік. Ішкі істер органдарына алғаш рет енгізіліп отырған компьютерлік-техникалық зерттеулер мен жеке басты биометриялық сәйкестендірудің заманауи жүйесі интернет және цифрлы технологиялар арқылы жасалатын қылмыстарды ашуға бағытталмақ. Мамандардың айтуынша, виртуалды әлемде және цифрлық кеңістікте жасалған кез келген әрекет, соның ішінде құқыққа қайшы істер өзінің ізін қалдырмай қоймайды. Ақпараттық технологиялардан хабары бар мамандар оларды оңай табады. Сондықтан Ішкі істер министрлігі Жедел криминалистикалық департамент базасында аталған зертхананың қанатқақты жобасын іске қосты.
– Зертхана мамандары екі бағытта жұмыс істейді. Оның бірі – бағдарламалық-аппараттық кешендерді пайдалана отырып, компьютерлік-техникалық зерттеулер жүргізу. Бұл цифрлық іздермен жұмыс істеуге, оларды мобильдік құрылғылардан, бейнетіркеу және компьютерлік құралдардан, оның ішінде құрылғылардың жадынан жойылған деректерді, резервтік көшірме файлдарды (бұлтты деректерді) алуға мүмкіндік береді. Екіншісі – биометриялық белгілер (бейнелерді талдау) бойынша жеке басты сәйкестендіруді пайдалана отырып, фото-видео бойынша портреттік зерттеулер. Бұл маманға автоматтық режімде құқық бұзушылық жасаған және сыртқы бақылау бейнекамераларына түсіп қалған адамдарды ІІМ дерекқорлары бойынша іздеуді және анықтауды жүзеге асыруға мүмкіндік береді, – дейді ІІМ мамандары.
Ішкі істер органдарында пайда болған тағы бір жаңа құрылым – «Киберпол» арнайы бөлінісі. Жуырда Қарағанды облысында ашылған бөліністің жұмысымен облыс әкімі Ермағанбет Бөлекбаев арнайы келіп танысқан болатын.
– Киберқылмыспен күресетін бөлімнің ашылуы – уақыт талабы. Интернет пен цифрлық технологиялардың өмірімізге сіңісіп кеткендігі сондай, біз кей жағдайларда поштамызға немесе телефонға келген сілтемелердің қаншалықты қауіпті екенін де аңғармай, кіріп жатамыз. Полиция қызметкерлері тарапынан алдын алу жұмыстарының жүргізіліп жатқанына қарамастан, алаяқтардың құрығына түсіп жатқан тұрғындар аз емес. Сондықтан да бұл қылмыс түрімен күресуге жаңа тәсілдер қажет, – деді Ермағанбет Бөлекбаев.
Киберқылмыстармен күреске жетекші ІТ-компаниялардың мамандары мен ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының қызметкерлері тартылып отыр. «Біз интернет-алаяқтықпен күресудің жаңа тәсілін қолға алуға шешім қабылдадық. Жәбірленушілердің арызы енді «бір терезе» қағидаты бойынша қабылданады. Жедел уәкілдер, тергеушілер және криминалистер бір жерде қызмет атқаратын болады. Бұрын жәбірленушілердің арызы бір адамнан екінші қызметкерге өтетін. Сөйтіп, біз бұл аралықта 3-4 күн жоғалтатынбыз. Қазір жәбірленушілердің ақшасы басқа қолға өтпеу үшін бұғаттау жұмыстарын жасауға мүмкіндігіміз бар», деді облыстық ПД бастығы Санжар Әділов.
Қарағанды облысындағы «Киберпол» арнайы бөлінісі цифрлық зертханамен жабдықталған. Бөліністегі мамандар гаджеттерді бақылау арқылы интернет-алаяқтар қолданатын бағдарламаларды да анықтай алады. Қазіргі уақытта аталған бөліністің жеткен жетістіктері де бар. Өткен аптада киберпол қызметкерлері алаяқтықпен айналысқан екі қылмыстық топты құрықтады.
Киберқылмыскерлердің құрығына түспеу үшін не істеу керек? Полиция қызметкерлері сақтық шараларын үнемі жұртшылықтың есіне салып келеді. Олардың айтуынша, банк немесе құқық қорғау органдары қызметкерлері болып хабарласып, несие рәсімдеу, мүлікті сату немесе ақшаны қауіпсіз шоттарға аудару, қандай да бір бағдарламалар орнату туралы «телефон» нұсқаулар беретін адамдарға ешқашан сенбеу керек. Банк пен құқық қорғау органдарының қызметкерлері арнайы операцияларды ешқашан телефон арқылы жүргізбейді. «Өзін банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкері деп таныстырған бөгде адамдар қоңырау шалған кезде тұтқаны қойып, сізге қызмет көрсететін банктің сенім телефонына немесе полицияға қоңырау шалу қажет», дейді мамандар.
Өзіңіз туралы жеке мәліметті, пластикалық карталардың деректемелерін, аударымдар туралы түбіртектерді, кодтар мен құпия сөздерді ешкімге бермеу; белгісіз және тексерілмеген сайттарға сенбеу; тексерусіз алдын ала төлем жасамау; тауарды алғаннан кейін ғана төлем жасау туралы келісу; күмәнді келісімдер бойынша ақша аударымдарын жасамау; қосымшаларды орнату үшін App Store және Play Market сынды ресми бағдарламаларды пайдалану; банк қосымшаларына кіру парольдерін үнемі өзгертіп отыру сынды сақтық шаралары алаяқтардың құрбаны болудың алдын алады.