Президент • 16 Маусым, 2023

Марат Тәжин елші қызметінен босатылды

250 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының Жарлығымен Марат Мұханбетқазыұлы Тәжин Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымынан босатылды, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Марат Тәжин елші қызметінен босатылды

Марат Мұханбетқазыұлы Тәжин 1960 жылы 8 сәуірде Ақтөбе қаласында дүниеге келді.

1981 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын, экономист мамандығы бойынша бітірген. Философия ғылымдарының кандидаты (1985). Әлеуметтану ғылымдарының докторы (1988). Лондон университетінің докторанты (1988). Профессор (1993 жыл). Ыстанбұл университетінің құрметті профессоры (2008 жыл).

Қазақстан Республикасы Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, Ресейдің әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, Ресейдің жаратылыстану ғылымдары академиясының шетелдік академигі, Қазақстан Республикасы саяси ғылымдар академиясының академигі және президенті, Қазақстан Республикасы әлеуметтанушылар қауымдастығының президенті, Түркі тілдес елдер әлеуметтанушылар одағының президенті.

1981 жылдан бастап – ҚазКСР Ғылым академиясы Өндірістік күштерді зерттеу жөніндегі кеңестің кіші ғылыми қызметкері. 1983-1987 жылдары – аспирант, С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің оқытушысы. 1991 жылы – әл-Фараби атындағы ҚазМУ жанындағы қоғамдық ғылымдар оқытушыларының біліктілігін арттыру институтының кафедра меңгерушісі.

1992 жылы – Қазақстан Республикасының Президенті және Министрлер Кабинеті Аппаратының ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары; Қазақстан Республикасының Президенті және Министрлер Кабинеті Аппаратының Ақпараттық-талдау орталығының жетекшісі; Қазақстан Республикасының Президенті Аппаратының Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі.

1993 жылы – Қазақстан Республикасының Президенті Аппараты басшысының орынбасары – Қазақстан Республикасының Президенті Аппаратының Ақпараттық-талдау орталығының жетекшісі. 1994 жылы – Қазақстан Республикасы Президентінің Мемлекеттік кеңесшісі – Қазақстан Республикасының Президенті Аппаратының Ақпараттық-талдау орталығының жетекшісі.

1995 жылы – Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары – Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігі Талдау және стратегиялық зерттеулер орталығының жетекшісі. 1999 жылы – Қазақстан Республикасы Президентінің Ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі көмекшісі.

2000 жылы – Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі мемлекеттік комиссия төрағасы. 2001 жылы – Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы. 2001 жылы – Қазақстан Республикасы Президентінің Ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі көмекшісі – Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы. 2002 жылы – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары.

2006 жылы – Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы. 2007 жылы – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі. 2009 жылы – Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы.

2013 жылы – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы. 2014 жылы – Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкілетті елшісі. 2017 жылы – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары.

2019 жылы 1 наурызда Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы болып тағайындалды.

2019 жылдың қараша айынан бері Қазақстан Республикасының мемлекет қайраткері, Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін атқарды.

«Құрмет» (2002), І дәрежелі «Барыс» (2007), ІІ дәрежелі «Барыс» (2016) ордендерімен және алты медальмен марапатталған. Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының құрметті қызметкері. Төтенше және өкілетті елші дәрежесіне ие.