Аймақтар • 16 Маусым, 2023

Абай облысына келіп түскен гуманитарлық көмек жеткілікті - әкімдік

384 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Абай облысының әкімдігі гуманитарлық көмекті сақтау қоймасын тексеріп, ондағы заттардың жеткілікті екенін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Абай облысына келіп түскен гуманитарлық көмек жеткілікті - әкімдік

Абай облысындағы өртке байланысты еліміздің түпкір-түпкірдерінен еріктілер азық-түлік пен қажетті заттарды жеткізіп жатыр. Жергілікті әкімдіктің мәліметінше қазір жағдай тұрақталғандықтан, азық-түлік толық жеткілікті.

«Құрметті жерлестер, ТЖ кезінде Абай облысына көмек қолын созғандардың барлығына рахмет. Біздің облысымыздың әрбір ауданы, еліміздің әрбір облысы қол ұшын созып, бізге көмек көрсетті. Бүгін өрттің беті қайтқан кезде баршаңызға үлкен алғысымызды білдіреміз және азық-түлік пен бірінші кезекте қажетті заттарды қабылдау тоқтатылатынын жариялаймыз», деді облыстық мәслихат төрағасы Қуаныш Сүлейменов.

Қалған азық-түлік пен қажетті заттар мұқтаж адамдарға таратылады.

«Әкелінгеннің бәрі қоймаларда, бұл мәселемен «Ақ Ертіс» қоры айналысады. Барлық өнімдер тізімдемемен қабылданып, беріледі. Жақын күндері бұл азық-түліктер өрт сөндірушілер мен әскерилерге жеткізіледі. Егер қандай да бір өнімдер қалса, арнайы комиссия бұл өнімдерді Бородулиха ауданына немесе балалар үйіне таратады», деді Қуаныш Сүлейменов.

Гуманитарлық көмекті жинау мен бөлуді үйлестірумен «Amanat» партиясы, еріктілердің Ұлттық желісі, сондай-ақ «Ақ Ертіс» қоғамдық қоры айналысты. Бүгінгі таңда көмек көрсету үшін арнайы шотқа жеке және заңды тұлғалардан 500 млн теңгеден астам қаражат түскен.