Экономика • 20 Маусым, 2023

Қазақ-неміс инжиниринг институты ашылады

130 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Германия бизнес-форумында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақ-неміс инжиниринг институты ашылады

«Біз SVEVIND Group компаниясымен құны 50 миллиард доллар болатын жасыл сутегін өндіру жөнінде келісімге қол қойдық. Қазір бұл – әлемдегі ең ірі жобалардың бірі. Қазақстанның осы саланы дамыту әлеуеті әлдеқайда зор. Жасыл сутегі өндірісі экологиялық таза болат, алюминий және басқа да металдар өндірісіне жол ашады. Германияның жоғары технологиялық шешімдерімен және Қазақстанның ресурстарымен біз, шын мәнінде, алдымызға биік мақсаттар қоя аламыз», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы ретте ол Германия – әлемдегі жетекші инновациялық орталықтардың бірі екенін атап өтті.

«Бұл ел технология мен ғылым саласында өте жоғары стандарттарды енгізуімен танымал. Біз Еуразиядағы өңірлік инновациялық және цифрлық орталық болуға ұмтыламыз. Аталған салалардың берік іргетасын қалауды бастадық. Қазақстан цифрлық қызмет көрсету саласында өңірлік көшбасшы ретінде жоғары бағаланады. Осы мақсатта біз түрлі бағыттарға, соның ішінде технологиялық және цифрлық зерттеулерге және стартаптарға германиялық серіктестерімізді шақырғымыз келеді», деді Қазақстан Президенті.

Бұдан соң, ол адами капитал саласындағы ынтымақтастық жөнінде сөз қозғады.

«Білім беру, біліктілікті арттыру және білім трансферті маңызды сала саналады. Бұл бағыттарды меңгермей, бәсекеге қабілетті болу мүмкін емес. Осы ретте Штайнмайер мырзаның ертең Ақтау қаласына сапары кезінде Каспий мемлекеттік университеті жанынан Қазақ-неміс инжиниринг институтының ашылуын құптаймын.

Сонымен қатар Шығыс Қазақстан техникалық университетінің жанындағы Қазақ-неміс ғылым және технологиялар институты осы маңызды индустриялық өңірдегі адами капитал мен бәсекеге қабілеттілікті одан әрі жетілдіруге ықпал етеді. Бұл институттар озық логистика, жасыл сутегі және жаңартылатын технологиялар үшін аса қажет пайдалы қазбалар өндіру секілді негізгі салалар бойынша мамандар даярлайды», деді Президент.

Оның айтуынша, түлектер Қазақстан мен Германия дипломын қатар алады. Бұл екі ел серіктестігінің тағы бір маңызды кезеңі болмақ.