«Ой түбінде жатқан сөз», «Сөз сырына құштарлық», «Тілдестірмек тілшіден» атты үш бөлімнен тұратын жинаққа автордың кейінгі жылдары ұлт тағдыры, ел жағдайы, тіл мәселесіне қатысты мақалалары мен сұхбаттары енген.
Осы кітапқа жазған алғы сөзінде көрнекті қаламгер, тарихшы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қойшығара Салғара: «Өз басым үш тарауға топтастырылып, елу түрлі тақырыпты қамтыған қолжазбаны түгел оқып шыққанда әртүрлі оқиғалардан құралған үзік-үзік шағын әңгімелерді емес, қазақ халқы бастан кешірген тірліктің белгілі бір кезеңінің бар болмысын көз алдыңа әкелген «бас-аяғы бүтін» толыққанды тұтас бір көркем шығарманы оқығандай күй кештім. Жинаққа енген еңбектердің қай-қайсысының да ақпараттық мағлұматының танымдық тағылымы басым. Осыған орай бұларды газет мақалалары дегеннен гөрі «этнографиялық танымдық шағын әңгімелер жинағы» деп қабылдасақ та артық болмайтын секілді», деп баға беріпті.
Мазмұнды шарада белгілі жазушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынхан Зәкенұлы оның қаламы төселген қарымды журналист екенін атап өтті.
« Ол Қытайдағы «Шыңжаң» газетінде біраз жыл қызмет істеп, қалыптасты. Беткеұстар тілші болды. Оның бір артықшылығы – қытай мен қазақ журналистикасының ерекшелігін бойына сіңіріп, соны шығармашылығында шебер пайдаланады», деді ол.
Сондай-ақ іс-шара барысында жазушы Қойшығара Салғара, түрколог ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы, «Elorda Aqparat» ЖШС директоры Олжас Сыдықбек, «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы Еркін Қыдыр және «Қандас» медицина мамандары қауымдастығының төрағасы Жеңіс Қалиязымұлы сөз алып, оқырманға жол тартқан жаңа жинақ туралы ой қозғап, авторға шығармашылық табыс тіледі.