Қоғам • 20 Маусым, 2023

Күн қуатымен жүретін көліктер

343 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтөбеде күннен қуат алып жүретін көліктер көрмесі болды. Төбесіне күн батареялары орнатылған сегіз көлік 11 маусым күні Оралдан шыққан. Алайда жолда екеуі бұзылып қалып кері қайтқан. Аптап ыстықта, күн қатты қызған уақытта ғана жүретін қолдан құрастырылған көліктерімен Орал мен Ақтөбе арасындағы 800 шақырымды бір аптада жүруінің себебін күн қызуының аздығы мен желдің күштілігінен қажетті жылдамдықты ала алмағандықтарымен түсіндірді. Олар бір жағынан елімізді саяхаттап, екіншіден қолдан құрастырылған көліктерін сынауды жоспарлаған. Жігіттер еліміздің оңтүстік белдеуін басып өтіп, Алматыға дейін бармақшы. Алда оларды 2 мың шақырым жол күтіп тұр.

Күн қуатымен жүретін көліктер

Бұл көліктердің ерекшелігі сол, күн қатты қызған уақытта ғана жүреді. Өйткені көлік төбесіне орнатылған батареялар күн сәулесі қуатын жинап, жиналған энергияны бірден тақ­тайшалар астына жалғанған радиа­торға жібереді. Күннің қызуы азайып, кеш түсе бастағанда қалыпты жыл­дамдықты ала алмаған соң көлік­тер тоқтайды.

Күн көліктері көр­­месі Ақтөбеде осымен үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Жазда қолдан құрастырылған көліктермен еліміздің аумағын жүріп өтуді үш жыл бұрын талдықорғандық өнертапқыш Никита Поддубнов бастады. Ол жа­нар-жағармайды қажет етпейтін өздері құрастырған күн көлігінің басты кемшілігі күнделікті өмірде қолдануға келмейтіндігі дейді. Мәсе­лен, қазіргі кезде танымалдылығы жо­ғары, әлемде қолданысқа енгізіле бастаған күн батареяларымен жүретін «Mantana» көлігінің салмағы 350 кило. Салмағы жоғары көліктің қоз­ғалысқа енуі үшін қуатты электр тогы керек. Ал, Никита көлігінің салмағы 100 килодан аспайды әрі кабинасы өте тар. Түнде айдалада келе жатып көлік ішіне қонуға келмейді. Сондықтан саяхатшылар өздерімен бірге палаткаларын алып жүреді. Соған қарамастан жаз кезінде саяхаттауға өте ыңғайлы, жанармайды қажет етпейтін саяхатшылар көлігі сынақтан өтсе, өндіріске жіберуге болады. Әзірге өнертапқыш жігіттер бұл жағын ойлап жүрген жоқ.

 

АҚТӨБЕ