Небәрі 43 жасында жол апатынан көз жұмған ақынның артында қалған мұрасы руханиятымыздың бір уығы секілді құндылыққа толы. Әттең, көзі тірі болса 60 жасқа толар еді. Әйтсе де атын жоқтатпайтын елі бар. Міне, бүгін соңындағы ұрпағы мен көзкөрген достары, қаламдастары, өзі «курстастар – дұрыс достар» деген жолдастары, жалпы жетісулықтар ерекше атап өтті.
Ардақты ақынның 60 жылдық мерейтойы алдымен өзінің жалынды жылдары өткен, бүгінде манат топырағына мақпал тәнін төсеген жері – Қаратал ауданында зиярат ету рәсімімен басталды. Жылыбұлақ ауылындағы ақын зиратына еліміздің түкпір-түкпірінен келген зиялы қауым өкілдері мен жетісулық қаламгерлер барып Құран бағыштады.
Қаламы мен бойдағы талант қуатымен еліне рухты жыр арнап, лирикалық толғамдарымен адамгершіліктің, ізгілік пен мейірбандылықтың қаншалықты асыл қасиет екенін айшықтай білген Қайрат Әлімбектің тірісінде тұтқан бұйымы мен пайдаланған заттары жауһар жырлары іспетті жәдігерге, мұраға айналып сала берді. Ақынның біршама бұйым-киімі, заттары, алған марапаттары мен сарғайған газет беттеріндегі кесек-кесек жазбалары қойылған музей экспозициясы да мерейтойға орай салтанатты түрде ашылды.
М.Тынышбайұлы атындағы Тарихи-өлкетану музейіне құрметпен орнатылған «Ғазал-ғұмыр жарқылы» тақырыбындағы арнайы бұрыштың ашылуына зиялы қауым өкілдері қатысты. Әуелі ақынның университетте бірге оқыған курстасы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰЗУ профессоры Аязби Бейсенқұлов сөз алып, салқамдық пен сырбаздықтың, серіліктің жарқын үлгісін көрсеткен, адамгершіліктің аяулы тұғырынан танбаған аяулы досының әр заты көзге оттай басылғанын, әрбір дүниесі тарихқа, жәдігерге айналғанын тебірене тілге тиек етті. Өз кезегінде Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры Әділ Қойтанов та жарқын жылдар жаңғырығын толғамына тақырып етті. Ал Алматы облысының Құрметті азаматы Жақыпжан Нұрғожаев пен Мәдениет қайраткері Бейсенбай Сүлейменов музей бұрышының лентасын қиды.
«Мен қазақтың ұлымын,
Ұлы дала – болған менің тұғырым.
Ғасырлардың дауылымен алысып,
Жетісуда өтті менің ғұмырым», –
деп өзі жырлағандай, туған жерінен тамыр үзбей, Алатау мен Алакөл, Аспантау мен Аягөзге дейін созылып жатқан ұлы атырабында ақық өлең өрістетіп, ғұмыр кешкен Қайрат Әлімбектің «Жоқ іздеген жігіт» кітабының тұсаукесер салтанаты өтті.
Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрында өткен рухани шарада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, академик Уәлихан Қалижанұлы мен Парламент Мәжілісінің депутаты, ақын Қазыбек Иса жаңа жинақтың тұсаукесер рәсімін жасады. Сондай-ақ белгілі талантты ақын Маралтай Райымбекұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, республикалық «Абай» журналының бас редакторы Мұратбек Оспанов, С.Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты, ақынның досы Бекен Нұрахметов сөз алып, қазыналы кеудесінен қара өлеңнің саф алтынын сапырған саңлақ шайырдың ақындық айбыны, адамгершілік болмысы мен қасиеті туралы кеңінен толғады.
Иә, осындай ғажайып іс-шаралармен өрнектелген мерейтой өз кезегінде Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрының сахнасында жалғасын тапты. Онда әуелі «Жетісу» телеарнасының шығармашылық ұжымы дайындаған деректі фильм көпшілік назарына ұсынылды. Ақынның өмір жолы, шығармашылық сүрлеу-сүрдегі ел ағаларының, қаламдас достарының, әдебиет бірегейлерінің естеліктері айтылып, ақынның студенттік кездегі рөлі сомдалды. Әсерлі фильмнен кейін алғашқы болып аталған тойдың өтуіне тікелей мұрындық болған ақынның досы, курстасы, Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев сөз алды. Әуелі дарынды ақын, қарымды журналист, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты Қайрат Әлімбекті еске алуға арналған іс-шаралар өскен өлкесі Қаратал жерінде басталып, Талдықорғанда жалғасын тауып отырғанын, ақынның руханияттағы орнын айшықтаған аймақ басшысы: «Біз Қайратпен ҚазМУ-да бірге оқыдық, бір бөлмеде тұрдық. Журналистика саласында 80-жылдары қатар қызмет еттік, үзеңгілес, пікірлес, дос-жолдас болдық. Қайраттың мінезі көпшіл, парасаты терең, бойында лапылдаған жалыны бар, арынды, адуынды, рухты азамат еді. Оның ойға ұтқыр, сөзге шешендігі, азаматтық болмысы, елжанды мінезі жырларынан айқын аңғарылып тұратын», деп сәулелі жылдардың естелігін жаңғыртты. Ақынның асқаралы жасына орай айшықталған мерейтой қарсаңында атқарылған жайдарман істерді
атап өтті.
«Өз елі өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді», деп Ілияс ақын жырлағандай, биыл жерлес ақынымызды еске алып, 60 жылдық мерейтойына орай тағылымды іс-шара ұйымдастырғанды жөн көрдік. Келесі жылдан бастап Қайрат Әлімбекке арнап жыл сайын тұрақты түрде жас ақындардың шығармашылық байқауын өткіземіз. Бұл – ақын рухының жас таланттарды шабыттандыруға, шыңдауға шарапаты тисе деген ниеттегі игі бастама.
Жетісу топырағы төл таланттарымен мақтанады. Соның бірі Қайрат Әлімбек аз жасаса да, мәнді өмір сүрді. Аз жазса да, саз жазды, тереңнен толғады, рухани ортаға құбылыс болып келді. Оның мұрасын насихаттау, сол арқылы қазақ руханиятының ортақ игілігіне айналдыру – біздің парызымыз», деп ағынан жарылды. Жазиралы Жаркент жерінде от жүрегін тулата өмірге келіп, аз ғұмырында «Сезімнің гүлі», «Жоқ іздеген жігітпін», «Намыс найзагері», «Махаббатстан» сынды бірқатар кітабын оқырманға олжалаған талант иесі қазақ журналистикасында да соны соқпақ салды. Ол көптеген басылымда қызмет етіп, тілшілік әлемін тіршіліктің тіні еткен бірегейлер қатарына енді. Әрбір жазбасы ойлы оқырманын толғандырмай қоймады. Қазіргі «Жас Алаш», «Jetisy» сынды беделді басылымдардың беткеұстар қаламгері ретінде қазақ журналистикасына еңбек сіңірді.
Өмірде ізгілік пен адамгершілікті насихаттаған, іңкәрлік пен сезімді жырына астар еткен Қайрат Әлімбек турасында көптеген жылы естелік айтылды. Өзі еліктеген, пір тұтқан Мұқағалидай асқақ тұғырға ел болып қондыру керегі сөз етілді. Сондай тебіреніске толы толғам толғағандар қатарында белгілі журналист, ғалым Уәлихан Қалижанұлы ақын шығармашылығына терең талдау жасап, «Лениншіл жас» газетінде жүрген жылдардағы ақынның журналистік қабілет-қарымы турасында сөз қозғады. Өз кезегінде зиялы қауым өкілдері, көрнекті қаламгерлер Жақыпжан Нұрғожаев, Бейсенбай Жолдасбекұлы, Қазыбек Иса ақын туралы лебіздерін жаудырды. Ақын Маралтай Райымбекұлы Қайрат Әлімбекке арнаған кестелі жырын көпшілікке паш етті.
Қазақтың бірлігі мен берекесін, еркіндігі мен ерен қасиетін жырымен насихаттаған шайырдың шырайлы кешінің өтуіне мұрындық болған курстастары сазгер досы Жүніс Ормашұлы әнін жазған «Нарынқол» әнін әуелетті. Өз кезегінде Жетісу жерінің өнерпаздары ақын сөзіне жазылған ғажайып әндермен өлеңсүйер көпшілікті сусындатты. Ал еске алу кешінде сөз алған Қайрат Әлімбектің ағасы Жұмағұл Әбдіраманұлы аяулы інісін сағына еске алып, жанарын жасқа шылап айтқан естеліктерімен көпшілікті толқытты.
Жиын соңында ақынның достарына, ел азаматтарына Әлімбек әулеті атынан алғысын жеткізді. Өлеңін, өнерін қадірлеген елге ризашылығын білдірді. Ақынның немересі Әбдірахман ата жолын қуған перзент екенін көрсетіп, арнау өлеңін оқыды. Көрермен асылдың сынығына сүйсіне қарап, бата беріп жатты.