Мектеп • 21 Маусым, 2023

Бес мектепке – жаңа автобус

291 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орал қаласындағы бес мектепке оқушылар тасымалына су жаңа автобус­тар берілді. Балаларға арналған көліктердің кілтін Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов салтанатты түрде табыс етті.

Бес мектепке – жаңа автобус

Автобустар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы негізінде Оқу-ағарту министрлігі Бала­лардың құқықтарын қорғау коми­тетінің бастамасымен алынған.

Қала басшысы оқушылар қауіп­сіздігін қамтамасыз ету үшін білім бе­ру ұйымдарында автобус паркін жа­ңар­ту ісіне ерекше назар аударылып отырғанын айтты.

 – Қазіргі уақытта қаладағы бар­лық мектепте қауіпсіздік мәселесі қа­таң бақылауға алынған. Мектеп ғи­мараттарына бейнебақылау жүйесін орнату, дабыл түймесін жедел бас­қару орталығына байланыстыру, турникеттермен жабдықтау жұмысы толық атқарылды. Қала мектептерінде қазіргі уақытта 60 мыңдай оқушы білім алады. Олардың 2700-і мектепке тасымал арқылы қатынайды. Осы оқу­­шылардың мектепке күнделікті ба­рып-қайтуын сапалы ұйымдастыру және мектеп иелігіндегі автокөліктерді жа­ңарту мәселесі біраз жылдан бері өзекті болатын. Былтырдан бастап рес­публикалық бюджеттен қаржы бөлініп, мектептердің автобус паркін жаңартуға мүмкіндік туды. Осындай игі істеріміз жалғасын таба берсін, – деді Миржан Мұнайдарұлы мектеп директорларына жаңа автобус кілтін табыстау салтанатында.

Жаңа көлікке ие болған білім ор­дасының бірі – Әлия Молдағұлова атын­дағы №38 мектеп-лицейі ата-аналар комитетінің төрағасы Қа­нат Иманғалиев ата-аналар мен мектеп ұжымдары атынан мемлекет қамқор­лығы үшін алғыс айтты.

Жаңа автобустар Орал қаласындағы №12, 14, 20, 32 және 38 мектептерге берілді. Бұл көліктерде бала қауіп­сіздігіне ерекше көңіл бөлінген. Қауіпсіздік белбеуі, сөмкелерге арналған сөрелер, бей­небақылау камерасы бар. Тағы бір ерек­шелігі – автобус есігі жабылмай тұрып орнынан қозғалмайды. Қозғалыс жыл­дамдығы – 60 км/сағ. Мұның бәрі бала­ның қауіпсіздігіне кепіл болары анық.

 

Батыс Қазақстан облысы