Бірер күн бұрын елордадағы №1 көпбейінді қалалық ауруханаға және «Өнеге» оңалту орталығына барғанымызда, МӘМС шеңберінде көрсетілетін медициналық көмек турасында дәйекті ақпарат жинадық. Сонымен былтыр №1 көпбейінді қалалық аурухананың базасында жедел коронарлы синдроммен келген пациенттерге көмек көрсету үшін интервенциялық рентгенхирургия бөлімшесі ашылған. Бөлімшеде жасалатын операцияларға былтыр МӘМС есебінен 200 947 760 теңге қаралған. Осы сомаға 231 операция жасалған. Ал биыл 291 160 736 теңге сомасына 283 науқас операция жасатып, диагностикадан өткен. Тағы айта кететіні, биыл маусым айынан осы ауруханада жүрек-қан тамырлары ауруымен келген науқасқа жоспарлы көмек көрсету үшін №1 терапия бөлімшесінде кардиохирургия профилі ашылған. Біз осы аурухананың интервенциялық рентгенхирургия бөлімшесінің дәрігері Азат Ыдырысовпен пікірлескен едік.
– Біз Астана қаласының Байқоңыр, Алматы аудандары бойынша коронарлы синдроммен түскен науқастарды жедел қабылдаймыз. Мұндайда науқас ангиограф аппаратына жатады. Сосын, осы аппаратта жүрек-қан тамырларының бітелген тұстарын анықтап, тазартамыз. Бұл – жоғары технологиялық операция саналады. Қан тамырларында тромб пайда болуы мүмкін. Ол кісілер жүрек ұстамасымен түскенде, жедел операция жасаймыз. Өкінішке қарай, жүректің ишемиялық ауруы жасарып барады. Жедел түрде инфарктпен түскен науқастардың ішінде қазір 20-25 жастағы пациенттер де кездесті. Аптап ыстықта жүрегі ауырып келетін пациенттер жиіледі. Бөлімшеде соңғы үлгідегі стандарттарға сай аппарат, құрал-жабдықтар жеткілікті. Бөлімшедегі операциялардың барлығы МӘМС жүйесі есебінен тегін жасалады. Қазір бөлімшедегі операциялар тамыр арқылы жасалады. Енді биыл жыл соңына дейін кардиохирургия бөлімшесін ашуға дайынбыз. Онда ашық түрдегі операциялар жасалады, дейді А.Ыдырысов.
Бұдан әрі көпбейінді аурухананың кардиология бөлімшесіне барып, операциядан шыққан пациенттермен жүздесуді жөн көрдік. Бөлімшеде 35 науқасқа шақталған төсектік орын бар екен. Біз егде жастағы науқастар жайғасқан палатада пациентті Б.Сыдықованы әңгімеге тарттық.
– 2017 жылы қал-ахуалым нашарлай бастады. Дәрігерге қарала келе, жүректегі екі тамырға дұрыс қан жүрмейтінін білдік. Тәубе, сол жылы №2 қалалық аурухананың дәрігерлері жедел көмек көрсетті. Ауруханада 18 күн жаттым. Шүкір, жағдайым жақсарды. Содан бері міне, 5 жыл өте шығыпты. Кардиологтердің нұсқауымен 14 маусымда №1 қалалық ауруханаға жолдамамен келдім. Денсаулығымды жіті бақылаған дәрігерлер келген күннің ертесіне-ақ жүрек-қан тамырларының бітелген тұстарын тазартты. Операция сәтті өтті. Жарты сағатта палатаға алып келді. Медициналық тексерістерден түгел өттім. Жағдайымызды дәрігерлер үнемі бақылап отырады. Шүкір, бірер күнде ауруханадан шығамын, деді дәрігерлерге алғысын жаудырған ана.
МӘМС жүйесінде сақтандырылған азаматтар базалық анализ талдауларынан бастап құны қымбат операцияға дейінгі барлық қажетті медициналық көмекті тегін алады. Медициналық сақтандыру қоры есебінен мемлекеттік медицина ұйымдары ғана емес, қормен келісімшарт жасаған жекеменшік клиникалар да медициналық көмек көрсетеді. ӘМСҚ Астана қаласы бойынша филиалының халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарау бөлімінің жетекшісі Ғұламжан Жұмановтың айтуынша, жыл сайын медициналық сақтандыру есебінен кардиохирургия, нейрохирургия, урология, травматология, онкология, хирургия, басқа профильдер бойынша науқастарға операция жасалады. Осындай бір ғана күрделі отаның құны орта есеппен бірнеше миллионға шығуы мүмкін. Алыс кетпей-ақ қоялық, мысалы, биыл төрт айда Астана қаласы бойынша 4,5 млрд теңгеге 777 кардиохирургиялық операция жасалған.
Осы күні әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мамандарымен бірге «Өнеге» оңалту орталығына да бардық. Онда орталықтың басшысы дәрігер-реабилитолог Гүлім Дүйсенбина орталықтың тыныс-тіршілігін таныстырды.
– Орталықта нейроортопедиялық патологиясы бар балалар емшара қабылдайды. Айына біз кемінде 50 баланы қоғамға бейімдеуге бар күшімізді саламыз. Орталыққа тек Астана қаласы емес, өңірлерден де балалар келеді. ДЦП, генетикалық ақаулары бар балалар, даун синдромына шалдыққан, аутистік спектрі бұзылған және жарақат алған балалар келеді. Қарап отырсам, реабилитацияда еңбек еткеніме 10 жылға жуықтапты. Сонда байқағаным, кейінгі жылдары ДЦП, аутистік спектрі бұзылған балалар жиі келетіндігі. Мұндайда балалардың диагнозын мейлінше ертерек анықтаса, ем шипалы болады. Орталықта бейімделген балалар көп. Біз осыған дейін невропатолог-дәрігер екеуміз аустриялық мамандардан оқыдық. Баланы шақалақ кезінен бақылау арқылы бұзылыстарын таба алатын болдық. Іс-қимылында немесе ойлау қабілетінде бұзылысы бар алты айға дейінгі балаларды да анықтай аламыз. Кейбір балалардың дамуындағы кедергілер әсте іс-қимылынан байқалмайды. Бірақ баланың қабылдау қабілетінде немесе психологиялық жағынан сөйлеу қабілетінде бұзылыстары болуы мүмкін. Біз мұны сәбилердің эмоциясынан да байқаймыз. Сондықтан кейде туғанына 3 немесе 5 ай болған балалардың ата-анасына реабилитациядан өтуді ұсынамыз, дейді дәрігер-реабилитолог.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Астана қаласы бойынша филиалы биыл оңалтуға үлес қосып жүрген 65 медицина ұйымымен келісімшарт жасаған. Оның ішінде 38 – жекеменшік, 25 – мемлекеттік, 3 – республикалық медицина ұйымы бар. Оларға биыл МӘМС есебінен 9,2 млрд теңге қаралған.
Қазір қоғамда МӘМС жүйесіне қатысты орынды-орынсыз сын-пікірлер жиі айтылады. Шын мәнісінде, қор есебінен жасалып жатқан жоғары технологиялық операциялардан басқа да қызметтер жетіп артылады. Сонымен қатар қормен шарт жасаған медициналық ұйымдар халыққа сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсету жауапкершілігін өзіне алады. Яғни қор арадағы шарттардың орындалуын бақылайды.