Сұхбат • 22 Маусым, 2023

Лидия Кәденова: Тағдырым театрға таңылған

858 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін

Драма, комедия, трагедия. Актриса театр өнерінің аталған осы басты үш жанрын тек сахнада ғана сәтті сомдап қойған жоқ, өмір ұсынған осынау көңілдің түрлі сәттерін пешенесіне бұйыртқан тағдыр-тақтасында да теңдей көрді, қайыспай көтерді. Ол бақытты сәттерінде дандайсып, болмаса жеңілген, қайғырған кездерінде морт сынып кетпеді. Драмаға толы өмірінің әр сәтін аялай һәм бағалай білді. Өзіне бұйырған рөлдерін абыроймен алып шықты. Күні бүгінге дейін сол тұғырынан түспей келеді. Себебі ол өнерде қандай талантты актриса болса, өмірде дәл сондай парасатты, терең адам. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері Лидия Кәденованың көңіл пернесін басып көрдік. Сыңғырлаған сұлу үн салиқалы сырларын төге жөнелді.

Лидия Кәденова: Тағдырым театрға таңылған

– Әңгімеміздің әлқиссасын есіміңізден бастайықшы. Лидия – ерекше есім!

– Мұның себебі көп. Бірінші­ден, «ерекше есім өлім тоқтата­ды» деген ырым бар. Маған де­йін­гі перзенттері тоқтамай, шеті­ней берген соң ата-анам айрық­ша есім деп, осы Лидияны таңдаса керек. Екіншіден, әжемнің қолын­да өскендіктен бе, әке-шешеммен қалжыңдаса беретінмін. Жеті айлық кезімде әкем Ленинградқа оқу­ға кеткен екен. Сол кезде түскен су­реттерін қарасам, қасында кі­лең орыстың, татардың сұлу қызда­ры жүріпті. «Осы сұлулардың бірі Лидия ғой, иә?! Соны есің­де сақтау үшін менің атымды осылай қойған шығарсың?!» деп әзілдейтінмін. Ондайда әкем: «Бал­тық жағалауында Лида деген ерек­ше әсем қала бар. Мен сенің атыңды сол қаланың құрметіне қойғанмын» дейді. Бұл дерекке сүйенсек, демек менің атым Лидия емес, Лида болғаны. Үшін­шіден, Ақтөбе облысының Ырғыз жерінде туып-өстім.  Ал бізде – батыста Света, Рая, Лидия дегендер көп жалпы (күлді).

– Ақтөбенің аядай ауылында өскен арманшыл қыздың тағ­дыры алып Алматымен қалай тоғысты? Білуімізше, бүгінде мұ­қым қазақ танитын актриса Лидия әу баста керемет биші болған деседі...

– Мектепте оқып жүрген ке­­зім­нен бастап би үйірмесіне қа­­ты­стым. Ол кезде Құры­лыс­шы­лар ­сарайы болатын. Соның би бөліміне бара бастадым. Арада екі-үш жыл өткенде үйірменің үздік бишісі атанып, Мәскеу мен Ленинградты көріп қайттым. Тіп­ті ең алғаш Алматының киелі сах­насына да актриса ретінде емес, осы би өнерімен көтерілген екен­мін. Әлі есімде, 1966 жыл еді. Оқу­шымыз. Қазір ой елегінен өткіз­сем, Офицерлер үйінің сахнасы болар деп топшылаймын. Міне, сол сахнаға алғаш билеп шықтым. Содан бастап жаным өнермен егіз екенін түсіндім, ал Алматыға өлердей ғашық болдым. Бірақ педагогім мені бимен кетеді, болашағын сонымен байланыс­тырады деп ойлады. Алайда неге екенін білмеймін, мен «ән» дедім. Өйткені анам әнді керемет айтатын. Сөйтіп, 8-сыныпты бітірдім де, колледждің вокал бөліміне түсуге бел будым. Емтихан күні сах­­наға шығып, әнімді орындадым. Өзімше «қатырдым» деп шық­қанда, балым орташа болып қалып, түсе алмадым. Со­дан Ал­ма­ты емес, Ақтөбенің Мә­­дени-ағар­ту училищесінің «теат­­раль­ный» бөлімінен бір-ақ шық­­тым. Колледжді бітіргенде Ең­лікті де, Ажарды да мен ой­нап, ұс­тазда­рым­­ның ақ батасымен Ал­ма­ты­ға аттандым. Ол кезде же­ке оқу орны жоқ, консерватория­­­ның құ­рамындамыз. Жұлдызым жа­­­­­нып оқуға қабылдандым. Диплом­­­­дық жұмысым Шыңғыс Айтма­­тов­тың «Жәмиласындағы» Жәми­­­ла бейнесі болды. Кейін Ғ.Мүсіре­пов атындағы Қазақ мемлекет­­тік ­ба­лалар мен жасөспірімдер театрына қызметке қабылдандым ­да, бірден шығармашылыққа арала­­сып кеттім. Мұндағы алғашқы рө­­лім – режиссер Виктор Пұсырма­нов­тың қолтаңбасымен қойыл­­ған И.Са­вин мен Ж.Тәшеновтің ­«Қа­ла­дан ­келген қылжақбас» қо­йы­­лымындағы Жамал деген қыз­дың бейнесі болатын. Міне, содан бас­тап қызық пен қиындыққа, ізде­ніс пен естен кетпес сәттерге толы театрдағы тынымсыз өмі­рім бас­талды да кетті. Шүкір, осы киелі сахнада табан аудармас­тан 49 жыл қызмет етіп келемін. Алла жазса, келесі жылдың 1 наурызында Ғ.Мүсірепов атындағы театр­ға қа­былданғаныма тура жарты ғасыр толады. Яғни менің бүкіл өмі­рім осы театрмен байланысты, тағдырым театрға таңылған десем де болады. Еңбек кітапшамда да жалғыз-ақ жұ­мыс орным бар – ол да осы сүйікті қарашаңырағым!

– Тұрақтылығыңыз бен сах­наға адалдығыңыз шын мәнінде сүйсінтеді...

– «Келіннің бетін кім ашса сол ыстық» дейді ғой. Иә, мен үшін ыстық ұя – осы театрым, аға­йыным – алтын әріптестерім. Жас­тайымнан келгендіктен бе екен, киелі қарашаңырақты өз үйімдей көремін. Одан кейін театрға қа­былдана салысымен бірден басты рөлге бекітілдім. Содан рөлден рөл, қойылымнан қойылым деп жүріп өмірдің қалай өтіп кет­ке­нін байқамай да қалыппыз. Дра­матургтер де бізге арнап «Пай-пай, жас жұбайлар-ай», «Ең әдемі келіншек» сияқты пьесалар жазып, ол сахнада сәтімен қойылды. Соның бәрі осылай дүркіреп тұра беретіндей көрінді. Ондайда адам өзінің өмірінің өтіп кеткенін де білмейді екен. Сөйтіп қарасам, 10 жыл өтіп кетіпті. 10 жылдан кейін пәтер аламын дейсің, болмаса атаққа ұсынып қояды. Әри­не, мұның бәрі пендешілік қой. Әйтпесе, жасыратыны жоқ, мені талай театр шақырды. М.Әуезов театрының өзіне бірнеше мәрте шақырылдым. Бірінші рет Әзір­байжан Мәмбетов шақырды, кейін Тұңғышбай Жаманқұлов «Тұзды шөл» спектаклінен рөл берді. Тү­бегейлі ауысуға ұсыныс жасалды. Орыс театрларында да спектакльдерде ойнадым. Бірақ қалай десек те жас кезіңде келген ұжымыңның орны бөлек болады екен. Қиып кете алмадым.

– Әйтсе де бір сұхбатыңызда: «Еңлік, Қарагөз, Қыз Жібек сынды шолпысы сыңғырлап, нағыз ұлттық қалыпты өрнектейтін классикалық қойылымдарда ойнай алмай қалдым, жастық өтіп кетті» деп ішкі өкінішіңізді де білдірген екенсіз...

– Бұл енді көңілдің кейбір кез­дерінде айтылып кеткен, жүрек түкпірінде жасырынып, тек арман күйінде қалып қойған тілектер ғой. Ол кезде жағдай солай болды ма, әлде Жастар театрындағы репертуар саясаты әсер етті ме екен, әйтеуір бізде классикалық қойылымдар көп қойылған жоқ. Есесіне замандастар бейнесі жан-жақты қырынан көрініп, пси­хо­логиялық образдар, заманауи ке­йіпкерлер сахнаға шықты. Атап айтсақ, М.Әуезовтің «Алуа» пьесасында – Нина, Р.Сейтметов пен Е.Обаевтың «Өзімді іздеп жүр­мінінде» – Сұлу, Қ.Қайсенов пен О.Бөкейдің «Жау тылындағы ба­ласында» – Тамара Ивановна, Джон Патриктің «Кемпірден қа­лай құтылсақ екен?» пьесасында – Памела, И.Вовнянконың «Стрип­тизердің өлімі» пьесасын­да Дәулетқалиева рөлдерін сомдадым. М.Хасеновтің «Пай-пай, жас жұбайлар-айында» – Зәу­реш, Т.Ахтановтың «Махаб­бат мұ­ңында» – Ләззат, С.Жүні­сов­тің «Қос анарында» – Тамара Деря­ги­на, О.Бөкейдің «Мен сіз­ден қор­қамынында» – Вайра, С.Елу­бай­дың «Аспаннан түскен ада­мын­да» – Ақ сайтан, У.Шекспир­­дің «Гамлетінде» – Офелия, «Дуалы түн­гі думанында» – Ипполита, А.Че­ховтың «Шағаласында» – Маша, Ян Соловичтің «Түлен түрт­­­кен тіленшісінде» – Цилька, Ә.Та­­ра­зидың «Жақсы кісісінде» – Қа­тира, С.Балғабаевтың «Қыз жиыр­маға толғандасында» – Гау­Һар, Қ.Мұхамеджановтың «Өзім­ді іздеп жүрмінінде» – Айсұ­лу, Э.Хушвақтовтың «Сүйе біл­се­ңінде» – Құрбан ана, Т.Ахта­нов­тың «Күшік күйеуінде» – Би­ғай­ша, С.Ахмадтың «Келіндер кө­терілісінде» – Фармон бибі, Т.Те­меновтің «Карменситасын­да» – Сыған кемпір, Г.Хугаев­тың «Қара шекпенінде» – Қосүрей, тағы да басқа бейнелер бар. Бұл рөлдердің қай-қайсысы да мен үшін ерекше ыстық. Қай бейнеде де жаным, жүрегім бар деп ойлаймын. Ал арман, өкініш әркімде болады. Онсыз өмір бола ма?

– Ұлттық классикалық бейне дегеннен туындап отыр. Кезінде Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақ­тоқты» трагедиясындағы Ақтоқты рөліне дайындалып жат­қанда күбір-күбір күңкілмен күмән келтіргендер болыпты. Мұңайған сәтіңізде әйгілі Қа­сым Жәкібаев жұбатып, жігер­лендірген деседі...

– Иә, ондай жағдай болған. Театрға енді келген жас кезіміз. Бірден ұжымға сіңісіп кету қиын ғой. Бетіңе күле қарағанымен, арада түрлі күңкіл сөздер болады. Енді біреуі сынай қарайды дегендей... Біз келген алғашқы жылда­ры осы театрға еңбегі сіңген Мең ­Доң Ук деген корей режиссері ­«Ақан сері – Ақтоқтыны» қоюға кіріс­ті. Ақтоқты рөлі маған бұйы­рды. Соған дайындалып жатқанбыз. Ту сыртымда тұрып алып біреулер менің рөлімді талқылап тұр екен. Дабырлай сөйлегені соншалық, әңгімелері маған ап-анық естілді. Енді бойым кішкентай ғой, түр болса мынау, боянғанның өзін­де мұрынды бәрібір қай жаққа жібересің? Содан сахнаның тасасына барып жылап отыр едім, Қасым аға қасымнан өтіп бара жатыр екен. Мені көріп: «Әй, қыз, неге жылап отырсың?» деп сұрады. Мен болсам ештеңе айтпаймын, тек жылай бердім. Со­дан аға қоярда-қоймай сұрап, мән-жайды білген соң: «Ой, қыз-ай, қайғыратын нәрсені тапқан екенсің? У тебя французкие ноги, римский профиль! Еще страдает!» деді. Аяулы ағамның өзінше мені жұбатқан түрі ғой, әйтпесе қайбір «римский профиль» дей­сің?. Бауырсақ мұрын дейді оны қазақша (риясыз күліп алды). Кино­ға да жарамай жүргеніміз содан шығар. Соны осы күнге дейін күліп айтып отырамын. 

– Актерді қанаттандыра­тын – сомдайтын кейіпкерлері. Де­сек те әртістің шығармашылық дағдарысқа соқпайтыны си­рек. Театрдағы осы бір тоқырау сіз­дің «Тамашаға» келуіңізге түрткі болыпты. Рөлсіз жылдарды солай жеңген екенсіз...

– Әрбір актер адамның басынан кешетін жағдай ғой. Тоқы­рау кездерім болды. Жеті жылдай рөлсіз, тек ескі қойылым­дар­да ойнаумен шектеліп қал­дым. Театрда спектакль қойылады, бас­­­қалар ойнайды, бірақ маған ­рөл­ бұ­йырмайды. Әрине, бұл тек мен ғана ойнауым керек деген сөз емес, бірақ енді 7-8 жыл рөлсіз қалу деген актерге өте қиын. Ол кезде не отбасым, не бала-шағам жоқ. «Театр, театр» деп жүргенде бір-ақ сәтте өзіңді сол театрыңа қажетсіз сезіну актер үшін үлкен соққы. Содан кейін табиғат заңы ғой, әртіс адам «өліара» жасқа тап келеді. Бұл әсіресе әйел адамдар­да қатты көрінеді. Сахнада қыздар­ды ойнауға жарамай, кемпірге ерте­леу болып, екі ортада тұрып қала­тын кездер болады. Мен де сон­дай сәтті бастан өткердім. Оны енді трегедия деп айта алмайсың, бі­рақ жаныңды ауыртпай қоймайтын ­ауырлау жылдар болғаны рас. Сол бір дағдарыс кезінде «Тамашаға» кеттім. Оған дейін «серьез­ный» әртістің образына еніп алып: «Мен комедия актрисасы емеспін, бол­­мысыма драма жақын» деп ұсы­ныстан біраз уақыт үзілді-кесілді бас тартып жүргеніммен, ке­йін келісім бердім. Оның үстіне «да­­­рыным – драма, көрерменді күл­ді­ре алмаймын» дегенімде, Құ­дай­­берген Сұлтанбаев курстасым: «Та­машаға» қыздар жетіспей жатыр» деп қолқалап қоймаған соң, аталған ойын-сауық отауының 1979 жылғы жаңа жылдық шы­ға­­рылымына қатыстым. Басында Құ­дайберген Сұлтанбаев, Мейір­ман Нұрекеев үшеуіміз көп жылдар бірге өнер көрсеттік. Халық та солай қабылдай бастады. Алай­да уақыт өте келе «Тамаша» шы­ғар­­машылық әлеуетімді тежеген­дей сезілді. Өйткені тек қана сол ха­рактер, сол амплуамен «өмір сү­­ріп», театрда да, кино­да штам­пқа түсе бастағаным бай­қал­ды. Ре­жиссерлер де мені тек қана сол планда көретін болды. Ал мен комедия актрисасы емеспін. Театр­­да талай кесек рөлдерім бар. Сон­дықтан да өзімді бір бейнеге бай­лап тастағым келмеді. Бас­қа рөл­дерде де көрінгім келді. Ке­йін «Тамашаның» құрамы да, құ­ры­лымы да өзгерді. Осылайша, «Тамашамен» қоштасып, театрыма қайта оралдым.

– Драмтург Сұлтанәлі Бал­ғабаев «Ең әдемі келіншек» деп ерекше әспеттеп, өзіңізге арнап пьеса жазды. Автор айтады: «Сол кезде менің Лидиядан көр­ген трагедиям – сондай әдемі қыз тұрмысқа шықпай біраз жүріп қалды. Лидияда сұлулық та, талант та – бәрі бар. Бірақ 30-дан асқанша күйеу жоқ. Не­ге осындай болады?» деген ой маған «Ең әдемі келіншекті» жаз­ғызды» дейді. Айтыңызшы, драмадағы «Ең әдемі келіншек» пен өмірдегі ең әдемі келіншек – Лидия Кәденованың тағдыры қаншалықты ұқсас?

– Бұл енді «Тамашада» жүр­ген кездер болса керек. Жоға­ры­да айтқанымдай, мені халық са­ти­ралық пландағы актриса деп танып, солай қабылдай баста­ған­да, сахнадан тыс өміріме қа­нық Сұлтанәлі ағаның маған арнап жазған туындысы ғой. Оны Райымбек Сейтметов ағамыз қой­ды. Өмірде талай нәрсе болды ғой. Бастан талай қиыншылықтар да өтті. Жақсылықтар да жетерлік, Құдайға шүкір. Соның бәріне қа­нық, сахнадағы һәм одан тыс өмі­рімді, басымнан өткен жағ­дай­ларды жетік білгендіктен Сұл­танәлі аға осы пьесаны өмірге әке­ліпті. «Ең әдемі келіншекті» сах­нада 17 жылдай ойнадым. Екі құрамда ойнадық. Рөлді алған кезде үйде балам кішкентай болды да, бастапқыда өте қиналдым. Ұлымды көтеріп келіп сахна­ның артына ұйықтатып тастап, репетицияға шығамын. «Ең әдемі келіншек» – осылай қиналып шық­қан рөлдерімнің бірі. Бірақ жаныма ең жақыны да осы бейне. Менің нәзік жанымды түсініп, ел көрмеген, білмейтін қырларымды зерттеп, көңілімнің түкпіріндегі «Ең әдемі келіншекті», драмаға толы тағдырымды көре білгені үшін Сұлтанәлі ағаға рахмет айт­қым келеді. Қойылымның табысты жүргені соншалық, 17 жылдың қалай өтіп кеткенін де сезбей қалыппыз. Ешкім қой демеді, бі­рақ автордың 60 жылдығынан кейін өзім ұялып, бұл рөлден бас тарттым. Дер кезінде қоя білген де жақсы екен ғой. «Қашанғы келіншекті ойнаймыз, кемпірлеу келіншектер болдық» деп қал­жыңдап, автордың рұқсатымен «Ең әдемі келіншекті» тапсырдым.

– Сахнада Лидияны Лидия еткен тағы бір рөл бар. Ол – өзбек драматургі С.Ахмадтың «Келіндер көтерілісінде» – Фар­мон бибі бейнесі десек, қате­леспеспіз. Дәл осы рөл сізге арналып жазылғандай...

– Рас, Фармон бибі – сүйіп ой­найтын рөлім. Тіпті кезінде қойы­лымды арнайы келіп көрген пьеса авторы да дән риза болып, сомдаған рөлімді өзбектің атақты актрисаларымен тең қоя талдап, ризашылығын білдірді. Жал­пы, ене мен келін тақырыбы ешқашан өлмейді ғой. «Келіндер кө­терілісін» әлі күнге дейін ойнаймын. Әр ойнаған сайын бар жанымды саламын.

– Ал өмірде қандай енесіз? Фармон бибімен ұқсастығыңыз бар ма?

– Қатып қалған қағидалар­мен өмір сүрмеймін. Еркіндікті сү­йемін. Қолымнан келгенше ке­лініме қолғабыс етуге тырысамын. «Сен – келін, мен – ене» деп санасып отырмаймын. Жағда­йым ке­ліп тұрса немерелерімді де ­ба­ғып, шайымды да өзім құйып іше беремін. Қазақ «Бала балдан тәтті, немере жаннан тәтті» деп бекер айтпаса керек. Дидарым­нан көр­ген қызығым – Дияр мен Дәлилә ат­ты қос немерем бүгін­де бар өмірі­мнің мәні. Бар тіле­рім – балаларымның амандығы. Солардың қызығын көрсем деп Алладан ұзақ өмір тілеймін. Өйт­кені Дидарым – жалғыз. Сол жалғызымды жалғыз өзім жү­ріп жеткіздім. Енді ұлымның қуа­нышына куә болып, қасында ұза­ғырақ жүре тұрсам деген үлкен арманым бар. Алладан жалғыз-ақ тілерім – осы.

– Сүйікті комедияңызды сүйіктіңізді жер қойнына тапсырып тұрып қайғыдан қан жұтқан халіңізді білдірмей, күліп те күлдіре жүріп ойнап шыққан екенсіз. Қаршадай ғана қазақ қызының бойына осыншалықты қайсарлық қайдан біткен?

– Бұл сәт көп қозғағым кел­мейтін өмірімнің бір қиын кезеңі ғой, қызым. Иә, ол қаралы күні ре­пертуарда «Келіндер көтерілі­сі» комедиясы болатын. Өзі өте ұзақ қойылым. Жолдасымның қаза­­сын спектакльге екі сағат қалған­да ес­тідім. Бірақ менің қолым­нан не келеді? Не істерімді білмей дәр­менсіз күйде Талғат Теменовке қоңырау шалдым: «Билет саты­лып кетті, ауыстыра қоятын да адам жоқ. Енді не істейсің? Жинал!» – деді. Амал жоқ, спектакльді аяғы­на дейін ойнап шықтым. Грим сал­ды, бірақ оны да сол күні бетім жа­тырқады. Бояуды қабылдамай қойды. Қасымдағыларға: «Мен ойнап болғанша біреуің кел­мең­дер қасыма» деп грим бөлмемді тарс жауып алдым. Ойнап шық­қаннан кейін ғана есік ашық дедім. Сырттай күліп, сахнада би­леп жүргеніммен ішім алай-дүлей болып жатқан еді. Бірақ амал қанша, бұл өмір ғой. Ондай жағдайлар болады. Хадиша Бө­кеева апаларымның басынан да мұн­дай жағдай өткен. Ол кезде біреулер әдейі телеграмманы әкеліп берген деп еститінбіз. Мені де тағдыр сынаған екен. Сынбай көтеруге тырысып бақтым. Оңай болмады. Үйде қандай жағдай болып жатса да, сахнада сен әртіссің. Оны көрерменге не деп айтасың? Қалай түсіндіресің? Мәселен, өзің өліп қалып, сахнаға шыға алмай қалсаң, онда себебін түсіндіруге болады. Ал мынадай жағдайда не деп айтады? Оған көрермен кінәлі емес. Сондықтан ештеңені біл­дірмей ойнап шығуға тура келеді. Әртіссің бе, демек ол – сенің мін­детің.

– «Сырттай күліп жүріп, іштей өксідім» дедіңіз. Өмірде мұндай сәттеріңіз көп болды ма?

– Өксідім демей-ақ қояйын, бірақ өкінген сәттерім болды. Қиындықтың бәрін көптің алдына жайып сала бермейсің ғой. Алай­да дымыңды білдірмей бәрін іш­тей қайыспай көтеру қажет кездер болады. Сондайда өзіңнен басқа тірегің жоқ. Жалпы, маған өмірде көп нәрсе қиындықпен келді. Жеке өмірімде де, шығармашылығым­да да солай. Арманымдағы кей­бір кейіпкерлер қиял күйінде кө­ңіл түкпірінде қалды. Кинодағы мүмкіндіктерімді де толық аша­тын режиссер жолықпады. «Халық әртісі» атағына ұсынылған жы­лы бұл атақ алынып қалды. Тіпті театрда талай кесек бейнелерді сомдап жүріп, «Үздік актриса» деген атақты сол ірі рөлдерім үшін емес, режиссер Асхат Маемиров қой­ған «Қара шекпен» қойылы­мын­дағы Қосүрей атты қоян рөлі үшін жақында ғана алдым. Қарап тұрсаңыз, парадоксы көп өмір. Бі­рақ оған мен еш өкінбеймін, бә­ріне Құдайға шүкір деймін. Тек Алланың берері таусылмасын! 

– Ал өмірдегі, өнердегі же­тістігіңіз неде?

– Өнердегі жеңісім – ұстаз­да­рым мен замандастарым. Оны мен ойланбай айта аламын. Біздің жастық шағымыз кіл мық­тылардың ұстаздық еткен уа­қытына тұспа-тұс келді. Қазақ­станның халық әртістері Ыдырыс Ноғайбаев, Рабиға Қаныбаева, Галина Рудковская сынды шеберлерден тәлім алдық. Оған қоса Асқар Тоқпановтан дәрісін тыңдау бақытына ие болған буынбыз. Нұрқанат Жақыпбай, Дос­хан Жолжақсынов, Ғазиза Әбді­нәбиева, Гүлжамал Қазақбаева, Қадірбек Демесінов – бәріміз осы сахнада бір буын болып қалып­тастық, өстік, жетілдік. Марқұм Құдайберген, Тоқсын, Уәйістей оғландармен қатар оқыдық. Ең алғашқы режиссерім Виктор Станиславович Пұсырманов деген кісі еді. Жастар театрына сол кісі шақырды. Мүмкіндігімді аш­қан, осы рөлге лайықсың деп қабі­летімді көре білген Р.Сейт­метов, В.Мажурин, М.Бай­серкенов, А.Кенжеков, М.Қа­сенов, Ж.Хаджиев, Е.Обаев сын­­ды режиссерлерге алғысым шек­­сіз. Кейінгіден М.Ахманов, А.Мае­миров, Ж.Жұманбай сын­­ды жігіттер де «осы рөлді дәл сіз ғана сомдай аласыз» деп қа­наттандырып, шабыт­тан­­ды­рып қояды. Жалпы, мен ба­қыт­ты жанмын. Қасым Жәкі­баев, Байділда Қалтаев, Мәкіл Құ­лан­баев сынды ағалар мен Әмина Өмірзақова, Сәлима Саттаро­ва, Тамара Қосыбаева сияқты апа­лардың мейіріміне бөленіп өстім. Әсіресе, Қасым ағаның қамқорлығы ерекше еді. Мінез­ді кісі ғой, кез келген адамды жа­ны­на жақын тарта бермейтін. Театрдағы әріптестерінің ішінде Роза Әшірбекова екеумізді өле-өлгенше «қыз» деп еркелетіп кетті. Әрқайсысы бір-бір мектеп еді ғой. Сол тәлімді көргенімді бүгінде үлкен бақыт санаймын. Ол кісілердің әр сөзі – құлағым­да, қамқорлығы – жүрегімде. Ал өмірдегі жетістігім – ұлым Дидар. Баламды 8 айлығынан бастап қол­тығыма қысып театрға әкелдім, гастрольдерге бірге алып кетіп жүрдім. Қазір өткенге көз жүгір­тіп қарасам, жеке өмірімнің өзін өнермен егіз өрген екенмін. Менде тек театр және балам болыпты. Ендігі тілек – Алла өмірімді де, өнерімді де мәнді еткені һәм Отанымның тыныштығы, елімнің амандығы.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Назерке ЖҰМАБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»