«Мансап орталығы» дегенді бұған дейін ірі жоғары оқу орындарынан естуші едік. Айталық, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде, КИМЭП университетінде, Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде «Карьера орталығы», т.б. жоғары оқу орындарында болған. Мұндай орталық енді мемлекеттік еңбек нарығында пайда болып отыр.
Жаңадан құрылған еңбек мобильділігі орталықтарының негізгі қызметі: «жұмыс күшіне сұраныс пен ұсынысты талдау, болжау негізінде өңірдің еңбек ресурстарының теңгерімін қамтамасыз ету; өңірлік жұмыспен қамту карталарын әзірлеу және оларды жергілікті жерлерде іске асыруды үйлестіру; жұмыспен қамтудың барлық мемлекеттік бағдарламалар мен жеке бастамалар шеңберінде ашылатын жұмыс орындарының құрылуына мониторинг жасау; жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында азаматтардың ерікті көші-қонына жәрдемдесу және азаматтарды көшіру бағдарламаларын өңірлік деңгейде үйлестіру; жұмыс іздеуші ретінде жүгінген және жұмыссыз адамдарды тіркеу; халықты, жергілікті атқарушы органдарды және уәкілетті мемлекеттік органды өңірлік еңбек нарығының жай-күйі туралы хабардар ету», делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінде.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты Халықты жұмыспен қамту департаментінің директоры Асқар Ниязовтың айтуынша, жаңа құрылған орталықтың негізгі мақсаты – өңірдегі жұмыспен қамту саясатын жүйелі дамыту.
– Жаңа орталықтар осы функцияларды іске асыру үшін өңірде жұмыс істейтін еңбек нарығының барлық институтын тартатын болады. Ол үшін белсенді азаматтарды жұмысқа орналастыруға байланысты жекелеген функцияларды аутсорсингке шығару құқығы беріледі. Өз кезегінде, мансап орталықтары қалалар мен аудандардағы еңбек мобильділігі орталықтарының филиалдары деңгейінде ашылады. Жаңа орталықтардың негізгі міндеті – ұлттық еңбек нарығының көрсеткіштерін жергілікті ерекшеліктерімен ұштастыра отырып, өңірлік жұмыспен қамту саясатын дамыту, – деді ол.
Бұл ретте қазіргі уақытта жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, ерікті түрде қоныс аудару, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау бойынша көрсетілетін қызметтердің барлық спектрі сақталады және оларды көрсету сол мекенжайлар бойынша орналасатын мансап орталықтарда жалғаса бермек.
Асқар Ниязовтың айтуынша, бұл трансформация жұмыспен қамту қызметін жүйелі түрде қайта құруға, жұмысты жақсартуға және мемлекет көрсететін еңбек нарығына көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған. Қызмет көрсету жүйесін одан әрі дамытудың тағы бір маңызды тетігін – жұмыспен қамту саласындағы барлық қызмет пен қолдау іс-шараларын толық цифрландыру болып отыр.
– Цифрлық жұмыспен қамту орталықтары – жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілер арасындағы қарым-қатынастарды және бизнес үрдісін түбегейлі өзгертіп, оларды онлайн режімге ауыстыруға мүмкіндік береді, дейді А.Ниязов.
Онлайн қызметтерді іске қосу халықтың жұмыспен қамту органдары қызметкерлерімен тікелей байланысын азайтуға және азаматтар үшін қызметтердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда жұмыспен қамту саласында қызмет алуға өтініш білдірген азаматтардың шамамен 77%-ы электрондық еңбек биржасы арқылы онлайн режімді пайдаланады екен.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мамандары 12-14 маусым аралығында бүкіл республика бойынша халықты жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлерін оқыту семинарларын өткізген. Сондай-ақ жұмыспен қамту орталықтарын трансформациялау мақсаты мен еңбек мобильділігі орталықтарын құру қажеттілігі маңызды екенін айтады мамандар.