
Аталған фирманың комбайнын солтүстікте алғаш алғандардың бірі – «Арқалық» ЖШС. 1992 жылы алынған сол комбайн әлі күнге дейін жұмыс істеп келе жатқан көрінеді. Бұл туралы шаруашылықтың қазіргі басшысы Асхат Барлыбаев айтты. Отыз жылдан астам пайдаланса да, осы комбайн әр маусымда 1 700 тонна астық бастырады екен. Ал қазір Қызылжар өңірінің егіс алқаптарында Сlaas-тың бір мыңның үстінде комбайны жүр.
2021 жылы бір топ журналист Петропавлдағы цехты аралап көргенбіз. Неміс мамандары төселген асфальттың өзінің мінсіз болуын талап еткен екен, айнала айнадай жарқырайды. Ал былтыр Петропавлға келген «Сlaas Group» компаниясы бақылаушылар кеңесінің төрағасы Катриной Клаас-Мюльхойзер цехтың талапқа сай жасалғанын атап өткен. Жалпы, «Сlaas» компаниясы – әлемдік ауыл шаруашылығы техникаларын өндіру нарығында бір ғасырдан артық қызмет етіп келеді. Бәсекелестеріне төтеп бере алған үздік компания. Қазір оның филиалдары АҚШ, Мажарстан, Қытай, Үндістан мемлекеттерінде бар.
Қазақстандағы құрастыру зауыты 2021 жылы іске қосылған, жобаны іске асыруға 4 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалды. Зауыт үш жылға жақын уақыт ішінде 700-ден астам түрлі техника шығарып, 54 млрд теңгенің өнімін өндірді.
Жуырда Петропавл қаласына «Сlaas Group» компаниясының бас директоры Ян-Хендрик Мор бастаған германиялық делегация келді. Делегация мүшелерін облыс әкімі Айдарбек Сапаров қабылдап, екіжақты ынтымақтастықтың барысы туралы айтты. «Қазір біздің шаруалар «Qyzyljar» АЭА ашылған филиалдың арқасында германиялық техниканы бұрынғыға қарағанда 30 пайызға арзанырақ алуға қол жеткізді. Осының өзі – үлкен жетістік, дегенмен біз бағаның бұдан да төмен болып, арзандағанын қалаймыз. Екіжақты ынтымақтастықтың одан әрі өркен жаюына мүдделіміз», деді Айдарбек Сейпілұлы.
Ян-Хендрик Мор: «Бағаға байланысты, біз алдағы уақытта оны жетілдіруге тырысып, барлық нұсқаларды қарастыратын боламыз», деді.
Сөз соңында шетелдік компания басшысы облыс әкімін Германияда өтетін ауыл шаруашылығы көрмесіне қатысуға шақырды.
Солтүстік Қазақстан облысы