Өндіріс • 23 Маусым, 2023

Өңдеу өнеркәсібінің өрісі

243 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

90-жылдар басында Қызылорданың Құмкөл кенішінде алғашқы мұнай өндіріліп, аграрлық сала атанып келген өңір өнеркәсібіне үлкен өзгеріс енгізілді. Осыған дейінгі 5-6 жыл жер қойнауындағы «қара алтын» қорын зерттеуге, инфрақұрылым тартуға жұмсалған-ды. Осылайша, Сырда тың кәсіпке жол ашылып, жергілікті кадрлар даярлауға баса мән берілді. Дегенмен соңғы жылдары отыз жылдан астам ел өзегін жалғаған өндіріс қарқыны бәсеңдеп келе жатқаны байқалады.

Өңдеу өнеркәсібінің өрісі

Қызылорда елімізде мұнай өндіру бойынша бесінші орында тұр. Елдегі жалпы мұнай өндірудің 6,14 па­йызы осы өңірге тиесілі. Он жылдан бері қоры азайған кен орындарындағы іркіліс аймақ экономикасына да кері әсер етіп отыр. Ұлттық статистика бюросының дерегінше 2020 жылы өңірде 4,6 млн тонна мұнай өндірілген. Бір жылда бұл 6,5%-ға төмендеп, өндірілген «қара алтын» көлемі 4,3 млн тонна болған. Былтырғы көрсеткіш – 4 млн тонна. Болжам бойынша биыл мұнай өндіруші компаниялар 3,5 млн тонна өндірмек, бұл 2022 жылғы деңгейден 12,5%, ал 2020 жылмен салыс­­тырғанда 23 пайызға аз. Жалпы қордың сарқылуынан өңірдегі өнеркәсіп өндірісінің 70 пайызы болатын тау-кен секторының табысы 10 жылдың ішінде 6,5 млн тоннаға азайған.

Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы маман­дарының айтуынша,­ қоры азайған «қара алтын» өндірісінің орнын басатын жобалар қол­ға алынуда. Экономиканы әрта­раптандырып, өңдеу өнер­кәсібін өрістету үшін облыста 2021-2025 жылдар аралығында индустрияландыру картасы аясында құны 607,7 млрд теңге болатын, іске қосылғанда 6,3 мың жаңа жұмыс орны ашылатын 34 жоба жүзеге асады. Бүгінде оның 14-і іске қосылды.

Биыл бағдарлама аясында 5,5 млрд теңгелік 3 жобаны жүзеге асыру жос­парланып отыр. Оларға мем­лекеттік қолдау шарасы ре­тінде жер телімдері беріліп, «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында инженерлік инфрақұрылым жеткізіледі.

Жаңақорған ауданында­ бас­талатын «Қызылорда – Агро­плюс» серіктестігінің томат пастасын өндіру жобасы да агроөнеркәсіп саласындағы тиімді бастамалардың бірі. Осы жылы Украинадан келген мамандар 5 гектар жерге америкалық қызанақтың бірнеше сорттарын егуді бас­тады. Тау-кен металлургиясын дамытуды көздейтін «Шалқия» және «Бала­сауысқандық» кеніштерін игеру жобалары да іске асырылуда. «Шалқия»  – дүние жүзіндегі ең ірі бес кеніштің бірі. Фабрика іске қосылғанда жаңадан бір мыңға жуық жұмыс орны ашылып, жылына 4 млн тонна өнім шығарылатын болады.

«Баласауысқандық» кен ор­нын­­дағы жұмыс толық шетелдік инвестордың қаты­суы­­мен іске асырылып жатыр. Осын­дағы ванадий кенішінен биылғы 4 айда 58,2 тонна аммоний метаванадаты Ұлыбритания, Швейцария, Аустрия елдеріне экспортталды.

Былтыр ашылған тағы бір ірі өндіріс орны – жылына 200 мың тонна өнім шығаратын шыны зауыты. «Orda Glass ltd»» ЖШС-ның табақша шыны өндіру және өңдеу зауытында күніне 500-510 тонна шыны түрлері шығарылып, басқа өңірлерге жөнелтіледі. Жергілікті өнімге көршілес Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мемлекеттерінен де сұраныс жоғары. Бұдан бөлек, қытай, неміс және түрік компанияларымен зауыт аумағында құны 100 млрд теңге болатын 8 шағын ілеспе зауыт құру үшін келіссөздер жүргізіліп жатыр. Өндіріс орнында еңбек ететін 400-ге жуық жұмысшының 70 па­йызы – жергілікті мамандар.

Өңір экономикасын әрта­раптандырумен қатар респуб­ликалық бюджет есебінен өңірдің мұнай-газ базасын толықтыру үшін Шу-Сарысу, Арал бассейндерінде зерттеу жүргізіліп жатыр. Шу-Сарысуды геологиялық барлау 2020-2022 жылдары 2,2 млрд теңгеге жүргізіліп, қазір қор көлемі бекітілу үстінде.

Арал шөгінді бассейніндегі «Западный» учаскесін 2D-сейс­микалық барлау жалғасуда. Шығындардың жалпы мөлшері 3,5 млрд теңге болады. Оның ішінде биыл жұмсалатыны –  1,2 млрд теңге. Осы бассейн­дегі зерттеліп жатқан «Вос­точ­ный» учаскесі бойынша да құрылымдық карталар, перс­пективалы мұнай-газ құры­лым­дарының схемасы жасалады. Жалпы, Арал шөгінді бассейнін геологиялық барлау келер жылы аяқталады.

Бұл бастамалар аймақтағы «қара алтын» өндірісінің келешегіне сенім ұялата түседі.

 

Қызылорда