Фотогалерея • 23 Маусым, 2023

Жамбы ату: Тұңғыш тайтұяқты он алты жастағы мерген ұтып алды

512 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жамбы атудан (ат үстінде садақ ату) жасөспірімдер, жастар, ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты өз мәресіне жетті. Көкшетау қаласында өткен ел біріншілігінде тарихи жаңалық орын алды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жамбы ату: Тұңғыш тайтұяқты он алты жастағы мерген ұтып алды

Сурет авторы Мақсат Шағырбай

ҚР Жамбы ату федерациясы ат үстінде садақ ату өнеріндегі тарихи дәстүрді қайта  жаңғыртып, чемпионаттан тыс ат қылына байланған тайтұяқты нысанаға тіккен болатын.

Халықаралық деңгейде ел намысын қорғап жүрген ересек мергендеріміздің өзі мүлт кетіп, тұңғыш тайтұяқтың иесі анықталмай, Федерация тарапынан тағайындалған 300 000 теңге жүлдесімен қоса келесі жарысқа қалады деген болжамдар айтылған еді.

Ересектерден кейін, жастар арасындағы ел чемпиондары да тайтұяққа жебелерін тигізе алмады.

з

д

Жарыстың соңғы күндерінде атқа қонған жасөспірімдерге де мүмкіндік берілді. Бұғанасы қатпаса да, ат үстіндегі бала мергендердің арасынан қарағандылық Нұрасыл Оралхан ат қылына байланған тайтұяққа жебесін дәл тигізіп, тарихи рекорд орнатты.

Тайтұяқтың диаметрі - 10*10, салмағы - 318 гр, фарфордан құйылған, 4 метр биіктікте ат қылына байланған. Мергендер атпен 120 метр қашықтықта шауып өтіп нысананы көздеді.

Сондай-ақ осыған дейін жамбышылар «қазақ», «түрік», «корей» стильдерінде атып, үш нысананың жиынтығында жеңімпаз анықталатын. Биылғы чемпионатта үш нысана бойынша үш бөлек орындар мен жеңімпаздар анықталып, ұлттық құрама мүшелерінің саны үш есеге артты.

Жамбы атудан ҚР чемпионатының қорытындысы бойынша ересектер арасында Жамбыл облысы, жастар мен жасөспірімдер арасында Түркістан облысы үздік атанды.

Аталған чемпионатты ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру комитеті, ҚР ұлттық спорт қауымдастығы, ҚР жамбы ату федерациясы мен Ақмола облысының әкімдігі ұйымдастырды. Чемпионаттың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ҚР ұлттық спорт қауымдастығы тағайындаған 3 675 000 теңге жүлде қоры табысталды.

Ат үстіндегі мергендер 27 маусым күні Венгрияның Помаз қаласында өтетін Әлем кубогіне дайындық үстінде. Ел намысын Ералхан Айкөз, Бақдәулет Бабажан, Батыр Бексауыт, Мадияр Шәріпбаев сынды мергендер қорғайды. 

з

д

э

х

д

л

д