Президент • 23 Маусым, 2023

Президент Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевты қабылдады

259 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысына мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру салаларын дамыту үшін қабылданып жатқан шаралар жөнінде мәлімет берілді, деп хабарлайды Egemen.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Президент Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевты қабылдады

Президентке биыл қыркүйек айынан бастап мектепке дейінгі білім беру мекемелеріндегі педагогтардың еңбекақысы 30 пайызға өсетіні туралы баяндалды. Жыл соңына дейін балабақшаларда 81 мың орын ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 98 мың бала тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі.

Оқу-ағарту министрінің айтуынша, педагогтарды аттестаттау рәсімі жетілдіріліп жатыр. Енді олардың кәсіби біліктілігі пәнді қаншалықты жақсы білетініне қарай, ал жұмысының нәтижесі білім алушылардың оқу жетістіктері негізінде бағаланады.

Ғани Бейсембаев биыл 1 қыркүйектен бастап 1-4 сынып оқушылары  толықтай тегін тамақпен қамтамасыз етілетінін айтты. Сондай-ақ білім беру ұйымдарын дабыл түймелерімен, лицензиясы бар күзетпен, турникеттермен және жедел басқару орталықтарына қосылған бейнебақылау жүйелерімен жабдықтау жоспарланып отыр.

Сонымен қатар Мемлекет басшысына Ауыл мектептерін дамыту тұжырымдамасы таныстырылды.  Биыл техникалық және кәсіптік білім алушы студенттердің 80 пайызы тегін оқиды. Қыркүйек айынан бастап олардың шәкіртақысы 50 пайызға, ал келесі жылы 100 пайызға артады. Кәсіпорындар колледж түлектерін міндетті түрде жұмысқа орналастыру шартымен мамандарды мақсатты даярлау ісіне алғаш рет атсалысып отыр.

Кездесу соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Оқу-ағарту министріне білім беру жүйесін одан әрі жетілдіру және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне ұдайы көңіл бөлуді тапсырды.