Суретті түсірген Жеңіс Ысқабай
Аграрлы өңірде алдағы уақытта ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 2,8 пайызға өсіп, 544 млрд теңгеге жетеді деп жоспарлануда. Осы саланы ілгерілетуге 57,9 млрд теңге жұмсалмақ. Соған сай 53 инвестициялық жобаны іске асады. Бұл – алдағы 4 жылдың көлемінде жүзеге асатын жұмыстың бір парасы. Оның ішінде «Ірі жобалар» қанатқақты жобасы аясында 44,8 млрд теңгеге 18 жоба көзделіп отыр. Соның бірі – жоғарыда айтқан сүт фермасы. Кәсіпорын келер жылы іске қосылады.
Жалпы, мал шаруашылығында құс фабрикасымен қосқанда облыста 113 кәсіпорын жұмыс істейді. Атап айтсақ, 33 мың басқа 76 бордақылау алаңы, 8,4 мың бас сиырға 36 сүт фермасы бар. Былтырмен салыстырғанда жалпы облыста мал мен құс саны, олардан өндірілген өнім көлемі орташа 5,8 пайызға өскен.
Шыны керек, іргесі енді қаланған өңірде халықтың сүт өнімдеріне деген сұранысын қаншалықты қанағаттандырып отыр деген мәселе туындайтыны анық. Бұл ретте аграрлы өңірге жауапкершілік артылатыны анық. Біз осы ретте Ескелді ауданына қарасты Көкжазық ауылындағы заманауи үлгіде салынған тауарлы сүт фермасының жайына үңілуді жөн санадық. Бұл өндіріс орны – Қазақстан мен Иранның бірлескен жобасы. Бүгінде жобаның І кезеңі сәтті жүзеге асып, халықты қуантып отыр. Қазір мұнда 270 бас сүтті гольштейн тұқымы бар.
Фермадағы мамандардың айтуынша, әзірге тайыншалар күніне 1500 литрге дейін сүт береді, бірақ тиісті күтімнің нәтижесінде жыл сайын сүт беру көлемі артып келеді. Қазір бір сиыр тәулігіне 30 литрге дейін сүт берсе, кейіннен бұл көрсеткіш 40-45 литрге дейін жетеді деп жоспарланып отыр. Келешекте фермадағы сүтті сиыр саны 610 басқа дейін ұлғайтылып, өңім көлемі де еселенбек.
Германиядан әкелінген қара ала тайыншалар жергілікті климатқа бейім. Сүт өнімділігі бойынша гольштейн тұқымы ірі қара малдың ішіндегі ең үздігі, оған қоса оны әмбебап тұқым деп те атайды, себебі оны сүтті де, етті де деп санайды. Мұны Ескелді ауданының фермерлері де растап отыр.
«40 жылға жуық мал шаруашылығы саласында еңбек етіп келемін. Бұрын мұндай тұқымға күтім жасап көрмеген едік, қазір үйрендік. Тұқымы өте жақсы, сүті де, еті де мол. Бұзауларға жақсы күтім жасалса, олар тез-ақ өседі. Бұл тұқымның 5-6 айлық бұзауларының өзі біздің жергілікті тұқымдардың бір жасар бұзауларымен бірдей. Әрине, оған күтім, жақсы азық пен климаттық жағдай да тікелей әсер етіп отыр, дейді ферманың ветеринар дәрігері Байкал Көптілеуов.
Кәсіпкерлер бірнеше жыл бұрын сүт фермасын құруды қолға алып, 2021 жылы ашты. Инвесторлар өз есебінен сиыр қораларын салып, алғашқы малдың басын тікелей Германиядан әкелді. Енді ферманы кеңейтпек ойлары бар. Қаражаттың жартысын отандық, жартысын ирандық инвесторлар салған.
– Бірінші кезеңінде сауын мал басын 270-ке жеткіздік, екінші кезеңде 440-қа, үшінші кезеңде 610 басқа дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Ал жас төлдермен бірге фермада жалпы саны 900-ге жуық мал ұстаймыз. Қазір сиырларымыз тәулігіне 1000-1500 литрге дейін сүт береді, кейіннен мұны 2500 тоннаға жеткіземіз. Бұл – сүтті тұқым. Бірінші төлдегеннен кейін тәулігіне 20-27 литр, екінші бұзаулағанда 30-35 литр сүт береді, – деді «Сүт Мастер-М» ЖШС директоры Фарид Джахангири.
Кәсіпкерлер бизнесті қолдау бағдарламалары арқылы мемлекеттің көмегін аламыз деген үмітте.
«Іргемізді кеңейтсек пе дейміз. 270 сиыр сыятын орын бар, енді әрі қарай құрылысты кеңейтіп салу керек. Кем дегенде 500 млн теңгені өз қаражатымыздан құюды жоспарлап отырмыз. Жеңілдікті шарттармен несие алсақ, жақсы болар еді. Осы жоспарларымызды жүзеге асыру үшін алдымен жемазық базамыздың мәселесін шешіп алуымыз керек. Бүгінгі таңда бізде 30 га жер бар, бірақ бұл жеткіліксіз, сондықтан жемшөптің көп бөлігін сатып алуға тура келеді. Бұл – шығынды ғана емес, ең бастысы, сүттің сапасына тікелей әсер ететін маңызды, өзекті мәселе», дейді серіктестік директоры.
Фермада тұрақты жұмыс орындары құрылып, жергілікті ауыл мен көрші ауылдан тұрғындар келіп жұмыс істейді. Орташа жалақысы – 150-200 мың теңге, қызметкерлерге тегін түскі ас беріліп, тасымал да ұйымдастырылған. Мұнда 17 адам жұмыс істейді. Фермадағы үдерістің 70%-ы автоматтандырылған, ал компьютерленген жабдық Швециядан жеткізіліпті. Кеңейтуден кейін жұмыс орындарының санын ұлғайту жоспарланып отыр. Жалпы, «Сүт Мастер-М» фермасында өндірілетін сүт «Аркабаев ЛТД» ЖШС сүт зауытына жөнелтіледі.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Ескелді ауданында осындай 8 тауарлы сүт фермасы бар. Оларда 1740-тан астам мал басы ұсталады. Қаңтар-наурыз айлары аралығында ауданда 7899,6 тонна сүт өндірілген. Ал жалпы Жетісу облысында барлығы 40-қа жуық сүт фермасы жұмыс істейді. Өңір халқы сүт саласында толығымен жетісулық өнімдерді тұтынады.
Жетісу облысы