Кәсіби мереке қарсаңында ұйымдастырылған салтанатты шараға Президент әкімшілігінің өкілдері, Ақпарат және қоғамдық даму министрі, БАҚ басшылары мен «Дара» президенттік бастамалар қоры мен «Халық» қайырымдылық қорының өкілдері, сондай-ақ БАҚ қызметкерлері қатысты.
«Журналистер күні тамаша бір тартумен басталып жатыр. Ең әуелі сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен, баспаналы болуларыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Мемлекет басшысы, министрліктің атынан үлкен алғыс білдіремін. Міржақып Дулатұлы атамыздың жақсы бір сөзі бар «Кімнің баспасөзі мықты болса, сол ел мықты» деген, қазіргі заманның тілімен айтқанда, кімнің журналисі мықты болса, сол озар. Енді құдайы көрші болыңыздар!», деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі.
Аталмыш тұрғын үйдің құрылысына «Дара» президенттік бастамалар қоры мен «Халық» қайырымдылық қоры атсалысқан.
«Әлеуметтік маңызы бар тақырыптарды әрі қоғам алдында тұрған өткір мәселелерді көтеріп, алғашқы болып дабыл қағатын да, оның оң шешімін табуға ықпал ететін де – БАҚ өкілдері. Сіздердің бүгінгі қуаныштарыңызға ортақпыз, бұл біздің де қуанышымыз. Оқырман мен көрерменге жауапкершілікпен қарайтын журналистер қашанда құрмет пен қолдауға лайықты. Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!», деді «Халық» қорының басқарушы директоры Нариман Әбілшайықов.
Баспанаға ие болған БАҚ өкілдері бұл кәсіби мереке қарсаңында шын мәнінде күтпеген тосынсый болғанын айтып, ризалығын білдіріп жатыр. Қуанышты хабарды жақын-жуығына сүйіншілеген әріптестердің қуанышында шек болмады.
Кәсіби мереке күні қарсаңында «Egemen Qazaqstan» газетінің журналисі Жолдыбай Базаров та бұл қуаныштың күтпеген тосынсый болғанын айтады.
«Мен үшін де, отбасым үшін де күтпеген тосынсый болды. Астанадан пәтер алсақ деген тілегіміздің осылай іске асқаны қаншалықты орасан қуаныш екені айтпасам да түсінікті. Мемлекет басшысына, «Дара» және «Халық» қайырымдылық қорларына, Ақпарат және қоғамдық даму министріне, мені осы тізімге қосқан өз ұжымыма зор алғысымды айтамын. Осының бәрі, айналып келгенде, еліміздің тыныштығы мен амандығының арқасында болып жатыр ғой. Сондықтан, еңбегіміз жемісті болсын, табысты болайық. Менің Алла берген алты балам бар, сондықтан да біз үшін бұл өте қомақты сый», дейді ол қуанышын жасыра алмай.
Сол қуанышты лектің ішінде ұлттық телеарнада 35 жыл бойы қызмет етіп келе жатқан Рахима Балтабаева да бар.
«Бүгінгі күн мен үшін ең бақытты күн десем болады. Өзім екі баланың анасымын. Және бұл менің алып отырған алғашқы пәтерім. Мұндай бастама көтерген Президентке, сол игі іске қолдау танытқан Қорға және телеарна басшылығына зор алғысымды айтқым келеді. Осыдан бірер күн бұрын кадр бөлімі бізден бір-екі құжат сұратқан еді, оны біз әлдебір байқауға тапсырып жатқан шығармыз деп жорамалдадық. Тап сол сәтте осындай үлкен қуанышқа кенелемін, маған пәтер бұйырады деп тіпті де ойламаппын. Міне, қазір ғана баспаналы болғанымды біліп, шыны керек, мұндай үлкен тосынсыйға жүрегім жарылардай қуанып тұрмын», деп ағынан жарылды Рахима Балтабаева.
Екі бөлмелі пәтердің кілтін алып тұрып, қуанышын жасыра алмай, көз жасына ерік берген BAQ.KZ ақпарат агенттігінің бас редакторы Мөлдір Асқар ойын толқып жеткізді: «Бұл мен үшін үлкен қуаныш! Мен еңбегім Президент тарапынан еленіп, осындай сый-құрметке ие боламын деп ешқашан ойлаған емеспін. Бұл ретте, осы игілікті шараны ұйымдастырушы «Дара» президенттік бастамалар қоры мен «Халық» қайырымдылық қорына айтар алғысым шексіз».
«Керемет көңіл күйдемін. Баспана деген көптеген замандастарымыздың проблемасы ғой. Алғашқы жарнасын жинайсың, әрі тартасың, бері тартасың – бәрібір жеткізе алмайсың. Ал бүгін күтпеген жерден пәтер кілтін тапсырғанда, қандай күйде болғанымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Барлығына зор алғыс. Әсіресе «Дара» және «Халық» қорларына мың мәрте рахмет. Бұл – енді сыйлықтың төресі болды!», деп қуанышымен бөліскен Jibek joly телеарнасының тележүргізушісі Әнуар Қарбозов сүйінші хабарды алдымен анасына жеткізіп жатты.
«Дара» президенттік бастамалар қорының директоры Әсел Шілдебаева ақпарат саласының қызметкерлерін мерекелерімен құттықтап: «Бүгін 65 отбасы үлкен қуанышқа кенелді. Баспаналарыңыз құтты болсын! Әрқашан армандарыңыз орындала берсін!», деген ақ тілегін айтты.
Ендеше, құтты қонысына көшетін бақытты әріптестерді қуаныштарымен құттықтай отырып, игілікті істің басындағы азаматтардың қадамына сәттілік тілейік.