Технология • 27 Маусым, 2023

ChatGPT мен журналистика

490 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қандай да бір ғылыми жаңалық ашса, өзінен бұрын киносын шығаратын Американың балалары жасаған ChatGPT біраз уақыттан бері қызу талқыға түсіп, көптің көкейіне орнықты. Одан бұрын да жасанды интеллект туралы жазбалар жаһанды жалпағынан басып жүрген-тін. Солардың арасында жасанды интеллект журналистика саласындағы жұмыстарды өздігінен мойнына алып, көптеген журналистерді «аш қалдырады» деген сыңайлы әңгімелер бар...

ChatGPT мен журналистика

«Bild», «Die Welt», «politico» және басқа да ондаған танымал басылымдарға иелік ететін «Axel Springer» баспа үйінің басшысы корпоративтік коммуникацияларда «жасанды интеллект журналистиканы бұрынғыдан да жақсартады немесе ауыстыра алады» деген ойын алға тартса, «Московский комсомолец» газетінің бас редакторы және иесі Павел Гусев «Axel Springer, ...Пушкин, Толстойдан жоғары ештеңе жоқ. Ешбір машина немесе жасанды интеллект ешқашан шығармашылықты, талантты жеңе алмайды. Журналистикаға да қатысты. Шынында да, бүгінгі таңда нағыз журналистика неге осындай көрініске тап болады? Өйткені журналистерді блогерлермен, жаза алмайтын, мүлдем кедей адамдармен өлшейді және олардың көпшілігінің ақыл-ой қабілеті кез келген жасанды интеллектке қарағанда төмен. Сондықтан мен нағыз журналистика да, жазушылар да, режиссерлер де, барлық басқа шығармашылық адамдар да әрқашан интеллект деңгейінде және адамдарға ләззат алуға, ойлауға мүмкіндік беретін ақыл-ой тұрғысында үстем болатынына сенімдімін» деп жазады.

Жалпы, барша көзқарастарды қорытып, 3 топқа бөлуге болады. Екеуі жоғарыдағыдай болса, бір топ адамдар «ортаңғы» көзқарасты ұстанады. Яғни, жасанды интеллект белгілі бір жұмыстың жалпы барысының бір бөлігін жасауда адам күшін «азат» етер еді, алайда жалпы шығармашылықты тек өзі ыңғайлай алмайды. Сол үшін адам мен жасанды интеллект өзара толықтыру қатынасында ғана болады дейді.

Бұлардың бәрі адамның көзқарасы. Ал жасанды интеллекттің өз көзқарасы қандай екенін білу үшін «жасанды интеллект болашақта журналистің орнын баса ала ма?» деген сауалын жолдағанымызда (ChatGPT қазақ тіліне шорқақ болғандықтан, екінші ретінде ChatGPT екеуімізбен тілі табысатын қытай тілінде жаздым) бүй деді:

«Болашақта жасанды интеллект журналистика саласында үлкен рөл атқаруы мүмкін, бірақ оның журналистика ғалымдарының орнын толығымен алмастыратынын айту қиын. Жасанды интеллект жаңалықтар мазмұнын құру, деректерді талдау, есептер жазу сияқты қайталанатын және жалықтыратын тапсырмаларды автоматтандыруы мүмкін. Ол ақпаратты тезірек алуға және аналитика жасау үшін үлкен деректерді талдауды және машиналық оқыту алгоритмдерін қолдана алады. Алайда, журналистердің рөлі жаңалықтар мен ақпарат беру ғана емес, сонымен қатар терең білімге, сыни ойлауға және адамның эмоциясын түсіну қабілетіне ие. Олар сұхбат, тергеу мен талдау арқылы толық, объективті және тереңірек есептер бере алады. Журналист репортаждардың дәлдігін, сенімділігін және бейтараптығын қамтамасыз ету және редакциялау үшін этикалық өлшемдерін, кәсіби әдеп қағидаларын қолдана алады.

Осылайша, жасанды интеллект технологиясы журналистика саласында маңызды рөл атқаруы мүмкін болса да, журналистердің кәсіби білімі, пайымдауы және адамның эмоционалды сипаттамалары әлі де қажет. Болашақта жасанды интеллект және журналистика мамандары бір-бірімен ынтымақтасып, технология арқылы жан-жақты ақпараттарды беруі ықтимал».

Әр тараптың көзқарасын ескере қорытындыласақ, «жасанды интеллект жаңалықтар мазмұнын құру, деректерді талдау, есептер жазу сияқты қайталанатын және жалықтыратын тапсырмаларды автоматтандыруы мүмкін» деген сипаттаманы баса назарға алсақ, жасанды интеллект журналистерді жазылу жүйесі де, сөз қолданысы да шегеге тартылған жіпті бойлаған кірпіштей төп-төртбұрыш «ақпарат қапасынан» босатып, адам деген жасампаз, ұлы жаратылыстың «обалына» қалмай, «маңдайыма жазылған» жұмысты өзім атқарайын деп келе жатқан жоқ па екен? Егер олай болса, нағыз шығармашылықтың бояуы қанықтай түсер ме екен? Тіпті, өлеңді де ұйқастырып тәп-тәуір құрайтындай деңгейге жетсе, ақындарымызды шам жарығымен, саусақпен санап, түр-түсін көріп алсақ, шіркін!

О, ЖИ, жүз жасағыр!

Қуатбек ЖӘКЕЙҰЛЫ,

ЕҰУ Журналистика және саясаттану факультетінің 3-курс студенті