Экономика • 29 Маусым, 2023

Биыл ел экономикасы 4,5-5%-ға өседі - Әлихан Смайылов

196 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов Астанада өтіп жатқан «AMANAT» партиясының барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының республикалық форумында Қазақстан экономикасының қалай дамып жатқаны туралы айтып берді, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Биыл ел экономикасы 4,5-5%-ға өседі - Әлихан Смайылов

Үкімет басшысы бүгінгі таңда республика экономикасы сыртқы келеңсіздіктерге бейімделіп, тұрақты даму жолына түскенін атап өтті. Атап айтқанда, өткен жылдың қорытындысы бойынша ел экономикасы 3,3%-ға өскен. Бұл ретте жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны 27%-ға көбейді, осы секторда жұмыспен қамтылғандар саны 18%-ға өсіп, 4,1 млн-ға жетті, ал экономикадағы ШОБ үлесі 33%-дан 36,5%-ға дейін ұлғайды.

«Қабылданып жатқан шаралар биыл тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. 5 айда жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 4,5%-ды құрады. Барлық негізгі сала бойынша оң динамика қалыптасып отыр», деді Әлихан Смайылов. 

Нақты өсім құрылыс саласында 12%-ды, сауда-саттықта 10%-ды, байланыс саласында 9%-ды, көлік саласы бойынша 7%-ды, өңдеу өнеркәсібінде 3,3%-ды құрады.

«Экономикалық өсім инвестициялармен тікелей байланысты. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың нақты көлемі 5 айда 17,2%-ға өсті. Биыл біз экономиканың өсуін 4,5-5%, ал орта мерзімді болашақта кемінде 6% деңгейінде көздеп отырмыз», деді Премьер-министр. 

Сонымен қатар Әлихан Смайылов Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың негізгі міндеттерінің бірі азық-түлік бағасын тұрақтандыру екенін атап өтті. Ол үшін бүгінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен форвардтық келісім-шарттар жасасуды, азық-түлік бойынша тұрақтандыру қорларының белсенді жұмысын, көкөніс қоймаларының құрылысын, монополияға қарсы және сыртқы сауданы реттеуді көздейтін инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешені іске асырылып жатыр.

«Нәтижесінде осы жылдың мамыр айында жылдық инфляция 21%-дан 15,9%-ға дейін баяулады. Біздің алдымызда жыл соңына дейін инфляцияны 2 есе төмендету міндеті тұр», деді Үкімет басшысы. 

Премьер-министр Мемлекет басшысының Сайлауалды тұғырнамасын және «AMANAT» партиясының бағдарламасын іске асыру Үкімет жұмысының негізі екенін атап өтті.

«Осы бағдарламалық құжаттарды тиімді іске асыру халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Алдымыздағы мақсаттарға қол жеткізу үшін қажетті ресурстардың барлығы бар. Қойылған міндеттерге қол жеткізу мәслихаттардың да белсенді қатысуын талап етеді», деді Әлихан Смайылов.