Елорда • 29 Маусым, 2023

Астанада аз қамтылған отбасыларға азық-түлік себеті үлестіріледі

240 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елорда әкімдігінің ұйымдастыруымен «Құрбан айт» мерекесіне орай демеушілер мен еріктілердің көмегімен әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға азық-түлік себеттері тапсырылды, деп хабарлайды Egemen.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Астанада аз қамтылған отбасыларға азық-түлік себеті үлестіріледі

Қайырымдылық іс-шарасында 1000-нан астам отбасыға азық-түлік себеті үлестірілді. Азық-түлік жиынтығын таратуда еріктілер мен белсенді азаматтар көмек көрсетіп жатыр. Қалалық Дін істері жөніндегі басқарма басшысының айтуынша, елордада тоқсан сайын мұқтаж жандарға көмек көрсетіледі.

«Қала әкімдігі жыл басында Qazaq oil-мен меморамдумға отырып, тоқсан сайын мұқтаж жандарға көмектесуді көздеп отыр. Осы жолы азық-түлік себетінің жанына құрбандыққа шалынған мал етінің бір бөлігін қосып береміз. Құрбан еттерінің үштен бір бөлігін елорда тұрғындары, оның ішінде мұқтаж жандарға тарату көзделген еді. Тұрғындар тізімі қалалық және аудан әкімдіктеріне түскен өтініштер бойынша жасалады. Мұндай сауапты істе көмектесіп жүрген барлық жандарға алғыс білдіремін. Құрбан айт мейрамы құтты болсын!», деді басқарма басшысы Нұрдәулет Әлмұханов.

Айта кетсек, елордада 180 мыңнан аса әлеуметтік аз қамтылған отбасы бар. Биыл осы санаттағы 4 мың отбасыға азық-түлік себетін тапсыру жоспарланған. Игі істің басы-қасында жүрген қала әкімінің кеңесшісі Қуаныш Молдабек өз сөзінде соңғы 4 жылда осындай 30-ға жуық қайырымдылық іс-шарасы өткізілгенін айтты.

ро

«Бүгінгі іс-шара дәстүрлі «Игі істер» марафоны аясында өтіп жатыр. Себетте әлеуметтік маңызды азық-түлік пен үй шаруашылығына қажетті заттар бар. Бір қорап шамамен 40 келіге тең. 2019 жылдан бері 30-ға жуық осындай игі іс жасалды. Осы орайда барлық елорда тұрғындарын қайырымдылық жасауға шақырамын. Құрбан айт баршамызға құтты болсын!», деді қала әкімінің кеңесшісі.

Азық-түлік себеттері тізімдегі мекенжайлар бойынша таратылады. Елордаға 2008 жылы Леңгірден көшіп келген Гүлбина Көшербаева қайырымдылық жасап жүрген барлық жандарға алғыс айтты.

«Бізге көмек қөрсетіп жатқандарыңызға өте қуаныштымыз. Менің 5 балам бар. Үйде жолдасым ғана жұмыс істейді. Бұл азық-түлік себеті біздің отбасымызға үлкен көмек. Қазір бір келі қанттың өзі 625 теңге тұрады. Қымбатшылық заманда азық-түлікке көп ақша кетеді. Қазір үй кезегінде тұрмын. Бізге көмектесіп жатқан қала әкімдігі, одан кейін Байқоңыр аудан әкімдігі мен еріктілерге алғысымды айтамын!», деді Гүлбина Көшербаева.

пт