Руханият • 29 Маусым, 2023

Ел анасы

443 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Халық шежіресі оның танымал өкілдерінің тағдырынан, соның ішінде ұлтты өрбітуде маңызды орынға ие әйел-аналардың ғұмырбаянынан да тұрады. Айша бибі, Домалақ ана, Қарқабат, Бопай, Қызай ана, Жүзей, Айғаным, Күнбике, Айбике, Зере, Аққағаз, Әлия мен Мәншүк, Дина өмірі – осының дәлелі.

Ел анасы

Отбасымен бірге саяси қуғын-сүргінге ұшырап, қарағайға қарсы біткен бұтақтай ұзақ жыл діндар әкесінің діни-рухани мұрасын насихаттаған ұлтымыздың қайсар қызы – Үкіжан (Мүминә) Садуа­қасқызы Ғылмани (1923-2020). Тірі болса, биыл ол кісі 100-ге толар еді. Алла ел анасына 97 жыл ғұмыр беріп, көп дүниесін халқына беріп кетті.

Үкіжан апаның әкесі – Қазақстанның белгілі дін және қоғам қайраткері, ақын және аудармашы Садуақас (Сәкен қалпе) Ғылмани (1890-1972). Қызы бүкіл саналы ғұмырын естелік, ғылыми еңбек, аударма, өлең, т.б. жанрдағы әке мұрасын сақтауға және насихаттауға арнады.

С.Ғылмани 13-14 жасынан қазақ балаларына дін негіздерін үйретумен айналысты. Қиын кезеңде Ақмола өңірі мен қаласында талай мешіт-медресенің не­гізін қалады, халыққа қалаулы имам бол­ды. 1929-1946 жылдары жасырын ат­пен қуғында жүрді. Кеңестік атеизм жыл­дары (1952-1972) ол Қазақстанның қа­зия­тында (Орта Азия және Қазақстан діни басқармасының уәкілетті өкілі) және Алматының бас имамы лауазымын­да­ ұзақ уақыт қызмет атқарды. Бұл ла­уазым қазіргі республиканың Бас мүф­тиі­мен бірдей еді. Сонымен қатар ол кісі­ – 1949 жылы қажылыққа баруға рұқ­сат алған аз ғана адамның бірі. Ға­лым­­­­ның отандық ғылымға қосқан үлесі де зор. «Арабша-қазақша сөздік» – С.Ғыл­­манидің қаламынан туған бірегей еңбек. Бұл – осы бағытта жазылған Қазақ­­стандағы алғашқы еңбек саналады. Мұра 108 мың 208 сөз тізілімін қамтиды. Өкі­нішке қарай, осы еңбегі, сондай-ақ­ Құран мағыналарының, орта ға­сыр­­лардағы әйгілі «Калила және Дим­на» ескерткішінің араб тілінен қа­зақ­ тіліне аудармалары, тәпсірлер, за­ман­­дас­ жекелеген ді­ни­ ­қайраткерлердің өмірбаяны, т.б. ең­­бек­­тері әлі күнге дейін толық түрде жария­лан­баған.

Үкіжан апа әкесі туралы естелігін бір сәтке де жадынан шығармай, кіші сіңлісі Әминамен бірге елеулі жұмыс тындырды. Ел тәуелсіздік алғаннан кейін бұл іс қарапайым азаматтардың да, жұртшылық пен академиялық ортаның да жүрегіне кеңінен жол тапты. Әкесі негізін қалаған елордадағы мешіттің 2005 жылдан бас­тап әкесінің атын иемденуіне Үкіжан апаның қосқан үлесі зор. Ал 2014 жылы Садуақас Ғылмани музейі құрылды, онда Үкіжан апа әкесінің жеке заттарын, фотосуреттерін, қолжазбаларын, кітаптарын, уағыздарының аудиожазбаларын, т.б. көптеген жәдігерді тапсырды.

Бұл бағытта Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-да айтарлықтай жұмыстар атқа­рыл­ды.­ 2010 жылы діндар тұлғаның поэзиялық мұ­расы жеке кітап болып жарық көрді. Өмірі мен шығармашылығына арналған ғылыми конференциялар мен дөңгелек үстелдер өткізіліп, шығыстану кафед­расы «Арабша-қазақша сөздігінің»
1 томы мен қосымшасын транслитерациялап, баспаға дайындады. Ә.Муминов пен А.Франк «Заманымызға болған ғұламалардың ғұмыр тарихтары» (2015) атты еңбегін жариялады.

ЕҰУ-да жүргізілген ғылыми жұ­мыстар аясында біз С.Ғылманидің қыз­дарымен, немерелерімен жеке танысу құрметіне ие болдық. Үкіжан апамен әңгімелесу жадымызда айрықша із қалдырды. Өмірінің соңғы күндеріне дейін ақыл-санасы дұрыс, есте сақтау қабілеті мықты адам күйінде болды. Ол кісі қай жерде де жеткен жасының, тәжірибесі мен даналығының деңгейінде бата беріп, әрқашан адамдарға жылу мен тыныштық сәулесін шашып жүретін. Тағдырдың барлық соққысы мен қиындығына қарамастан бақытты өмір сүрді. Бұл өмірдегі перзенттік парызын адал орындап, жалғаннан жаны алаңсыз, тыныш күйде аттанып кете барды... Зиялы және діндар қауым оның Садуақас Ғылманидің қызы ретіндегі миссиясын көбірек біледі. Біз ғасырға жуық өмірінде қиындықты жеңе білген мықты қазақ әйелі ретіндегі тұлғасын көрсеткіміз келді.

Үкіжан апа дін қайраткерінің отбасында дүниеге келгендіктен, барлық ауыртпалықтар мен қуаныштарды жақындарымен бірге көрді. 4-5 жас аралығында кішкентай Мүминә анасынан айырылады. Ол кездегі әдет-ғұрып солай болатын, Мүминә әкесінің кейінгі жұбайларын да мойынсына қабылдады, бірақ олар сол бір зұлмат жылдары бірінен соң бірі қайтыс болды, сонымен қатар олардың сүйіспеншілігі мен қамқорлығын алуға тырысты, туған бауырлары мен сіңлілерінің дүниеге келгеніне шын жүректен қуанды. Ол Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде хабар-ошарсыз кеткен ағасы Хамадты, сіңлісі Әминаны жақсы көрді. Әкесі қуғын-сүргінге ұшырап, елдің әр түкпірінде, тіпті шекаралас елде бой тасалап жүруіне тура келгенде, Үкіжанның ерліктері күнделігінде хатталып тұр.

Мүминә бала кезінен ақылды болып өсті. Қиындықтарды, аштықты, жақынын жоғалтуды, қудалауды, теріс көзқарастарды, сөге қараған сөздерді тұла бойымен сезініп өссе де ол ешқашан мойымады, келешектен жақсылық күтті, алға үмітпен қарады, өткен жылдарды жақсылығымен еске алып отырды. Әйтсе де қанша көзжасын төгіп, қайғылы күндерді кешуге мәжбүр болғаны естелігінде тұнып тұр. Жақсы мен жаманды ерте бастан ажырата білуді үйреніп, ол адам жанының құпиясын, өзінің өмір жолында кездескен әртүрлі психологиялық кейіпкерлерді еріксіз тани білді («Біреудің қолына қарау деген жақсы емес. Жаңарқада өле жаздадық, мұнда маңдайымыздан сипап жатыр. Бала екеш бала да кімнің кім екенін біледі ғой»), айналасындағы адамдармен тіл табыса білуді, тағдырдың қалауымен өмір сүруді үйренді. Оның әкесіне деген шексіз адалдығы жүректі тербейді. Үкіжан апа оны «әкежаным» деп атап, өте жақсы көріп қана қоймай, оны барлық жан-тәнімен уайымдады, құрмет тұтты, жоғары бағалады. Адам бойынан табылатын табиғи ерекшелік ғажап қой, ол жасынан әкесінің басқаларға қарағанда әлдеқайда ерекше екенін байқай білді («Кім-кімнің де өз әкесін керемет көрері анық, әй бірақ, менің әкемдей жан сирек. Алдына қойған асын өмірі өзі жемейтін, жанында отырғандарға бөліп беріп, Алла берген ризықты бөле-жара жеген дұрыс, берекесі артады дейтін. Үнемі оқып, жазып жүретін, зердесіне тоқыған дүниені аямай бөлісетін дархан жан еді. Бұрын әкемнің сонысын ұға бермейтін едім, енді қазір өзім асты жалғыз іше алмаймын», «Бірақ қай кезде де әкемнің рухы күшті болды. Бұл оның кезінде халық арасында кең тараған, кейін кітап болып басылған өлеңдерінен де көрінеді».., «Бұл ел әкемді сыйлағаны сонша, «Алла жолымен жүргеніңіздің өзі жұмыс» деп қара жұмысқа шығармапты. Малына шөпті де үйіп беріпті. Осының бәрін көріп төбеміз көкке жетті десек артық болмас»). Әкесі ол үшін ғаламның өзегіндей көрініп, өмірінің жарық сәулесі болып қала берді. Большевиктік билік титтей бүлдіршін қызға қауіп төндіріп, бірер күн абақтыға жапқанда, ол әкесінің тұрып жатқан жерін айтпады. Бұл кішкентай ғана қыздың қалыптасып келе жатқан күшті мінезін, темірдей ерік-жігерін айқындады...

Үкіжан апа қазақ дәстүрлері рухын­да тәрбиеленгенімен, әкесінің қам­қор­лығымен еркелеп өсті. Әкесі терең діндарлығына қарамастан, заманауи көзқарасы бар адам бола білді. Ол әкесін үлгі тұта отырып, өз өмірінің маңызды кезеңдерін жазып, жеке күнделік жүр­гізеді.

Әкесі мен үлкен ағасы Хамад Үкі­жан­ды ерекше сүйіспеншіліктеріне бөледі, олар тек тығыз туыстық байланыста ғана емес, сырластық достықта болды. Мүмкін, осы терең адамдық сезім, әке мен бауырдың сүйіспеншілігі жас қыздың эмоциялық жағынан жетілуіне ықпал еткен де шығар. Әкеден сіңген үлкен парасат, діни ұстаным намысын жанып, болашақ қазақ әйелін, анасын тәрбиелеп шығарды. Ол осы сүйіспеншілік пен қамқорлықты жұбайы мен балаларына бере алды.

Үкіжан апа – ұлт тәрбиесін бойына сіңіре білген жан. Бала кезінен үнемі күрделі жағдайдан шығудың жолын таба білді. Айталық, 14 жаста алғаш рет пойызға қорықпай отыруы, 82 жастағы атасын жалғыз өзі Омбыға әкесімен кездесуге апаруы, бірауыз орыс тілін білмей, мүлдем бейтаныс жерде сәтті жұмыс істеуі ерлікпен парапар.

Ел анасы өмірге әрқашан филосо­фиялық көзқараспен қарап, өзінің және өзгенің іс-әрекетіне дұрыс баға бере білді («Қанша ғұмыр қалғанын бір Алла біледі, бірақ ана дүниеге кетуден қорықпаймын. Жақсы көретін жақындарым сонда, мына дүниеге бәріміз қонақпыз, тек қандай қонақ бола алдық? Тобамнан жаңылмадым, соны дәтке қуат етемін, мен де жұмыр басты пендемін, жаза басып, қиянат жасаған жерім жоқ сияқты көрінеді, бірақ қатесіз емес шығармын»).

Үкіжан Садуақасқызы бала күні­нен ерекше байқампаздығымен, көре­ген­дігімен, жақсы есте сақтай біле­тін қабілетімен және жарқын ойымен ерекшеленді. Апаның бойындағы бұл  қасиет қанмен – әкесінен берілген болуы керек. Сәкен қалпе керемет дәріс оқып қана қоймай, шешен­дік өнерді де меңгерген жан еді. Мұрасындағы ой-пікірлер халық даналығымен ұштасатынын байқау қиын емес. Егер тағдыр тыныш өмірді яғни бүгінгідей заманды бұйыртса, Үкіжан апа жазушы немесе суретші болар еді-ау деп ойлаймыз. Бірақ ол ана болуды таңдады. 1942 жылы Ғалымжан Кәрімовке тұрмысқа шығып, перзент сүйді. Тірі қалған 7 баласының ішінде Ғабдулмажиті із-түзсіз жоғалып кетті, ал қызы Райхан 2014 жылы ауыр сырқаттан қайтыс болды. Жақындарын бірінен соң бірін жоғалтса да, Үкіжан апа тағдырдың соққысына төтеп берді. Ғабдысамат, Мұхамедғали, Күлжиян, Ғабдулахат, Сәуле сынды ұл-қызына ана махаббатын сыйлауға ерік-жігер тапты.

Апамыздың бір қасиеті – күрескерлік рухы, өзіне де және айналасындағы адамдарға да қатысты белсенді өмірлік ұстанымы дер едік. Ол сырттай қарағанда салмақты және шү­кір­­шіл көрінгенімен, әділетсіздікке, тоңмойындыққа, мақ­тан­шақтыққа көне бермеді. Әкесінің саяси қуғын-сүргінге ұшырауына байланысты ол Үкіжан деген атты қабылдап, бүкіл өмірін Мусимова деген текпен өткізуге мәжбүр болды. Иә, бір кездері әкесі өзімен түрмеде бірге отырып, қайтыс болған Әбдікәрім Мусимовтің атын қабылдап, осы текпен жасырынғаны рас (Александр Дюманың «Граф Монте-Кристо» романының қазақы нұсқасы).

Тәуелсіздіктен соң, 1999 жылы қа­жылық сапарға шығарда тарихи шын­дық­ты қалпына келтірді. 76 жасында Алланың жазуымен әкесінің шынайы тегін ресми түрде алып, Үкіжан Сәдуақасқызы Ғылмани болды... Сонау рухани азаттық бұлдыр күйдегі 70-80 жылдардан бас­тап 10-12 дәптер күнделік жүргізді. Тәуелсіздіктің 30 жыл бедерінде әке мұрасын насихаттады.

Әйгілі татар жазушысы Ғалымжан Ибрагимовтың «Қазақ қызы» (1923) атты романы бар. Мұнда ол қазақ жеріндегі ұстаздық тәжірибесіне сүйеніп, дала қы­зы­ның жинақтық бейнесін сомдайды. Үкіжан апа – осындай қазақ қызының жарқын үлгісі. Бұған түркілік ауқымда қарасақ, шыдамдылық, еңбекқорлық, тағдырдың соққысын еңсере білу, ізгі жолдан таймау, байқағыштық, жақсылыққа, даналыққа құштарлық, дәстүр мен текке адалдық қай заманда да өзгермейтінін аңғарамыз. Мұндай деңгейді бізде «ел анасы» дейді. Ғасыр жасаған Үкіжан Садуақасқызы осы биікке көтерілгеніне зия­лы қауым да, діни жамағат та, қара­пайым жұртшылық та куә. Қазақ қыз­да­рының даңқты жолы жалғасын таба бер­сін.

 

Самал ТӨЛЕУБАЕВА,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ

шығыстану кафедрасының профессоры,

филология ғылымдарының докторы