Білім • 02 Шілде, 2023

АҚШ-тан келіп оқып жүр

197 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанаға АҚШ-тың Аризона университетінің студенттері келді. Олар Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде білім алып, алты апта ішінде жазғы мектеп форматында тіл меңгеріп, ұлттық құндылықтарымызбен танысады.

АҚШ-тан келіп оқып жүр

Аризона университетінің студент­теріне арналған оқу бағдарламасын Еура­зия университетінің оқытушылары әзірлеген. Мазмұнды оқыту әдістемесі тек академиялық жүктемені ғана емес, сондай-ақ ұлттық мәдениетті зерделеуге арналған аудиториядан тыс сабақтарды да қамтиды. Сонымен қатар аталған жоғары оқу орнының оқытушылары мен еріктілері шетелдік мей­мандарға Астана мен Ақмола облы­сының табиғатымен, көркем жер­лерімен таныстырып, экскурсия ұйым­дас­тырады.

Шетелдіктерге арналған курстың оқы­ту­шысы Айжан Майбалаева АҚШ-тан келген студенттер ұлттық мәдение­тіміз бен салт-дәстүрімізге ерекше қы­зы­­ғу­шы­лық танытып отырғанын атап өтті. Ше­телдік меймандардың сұра­ны­сы­на сәйкес оқу мазмұны елтануға бағыт­талған.

– Сондай-ақ студенттер қазақ тілін үйренуге ынта білдіріп, қосымша сабақ өткізуді сұрады. Біз қонақтарымызға күнделікті қарым-қатынасқа қажетті қазақ тіліндегі сөздер мен сөз тір­кес­терін үйретеміз. Сонымен бірге шетелдік студенттерді қазақ тілінің ерекше дыбыстарымен таныстыруды бастап, ең қажетті минималды лексиканы меңгеру­ге көмектесеміз. Оқу материалдарында халқымыздың тыныс-тіршілігі мен еліміздің әлеуметтік және мәдени дамуы туралы мәлімет молырақ, – деді ғалым.

Аризона университетінің студенті Мейсон Молтби біздің елге бұған дейін де ат ізін салып, Абай атамыздың шығар­масымен танысып үлгерген екен.

– Қазақстанға келуге көптен бері қызығып жүрдім. Профессорым маған осында баруды ұсынды. Бір жағынан, қазақ мәдениетімен, дәстүрімен жақын таныссам деп ойладым. АҚШ-та орыс тілі мен шығармашылық жазу және дінтану пәнін оқимын. Болашақта аудармашы болғым келеді. Әсіресе Орта Азия мен Қазақстан қаламгерлерінің әдеби шығармаларын аударсам деймін. Абайды біраз оқып, ерекше әсер алдым. Енді қазақ ақындарының жыр жинақ­тарын көбірек оқуды жоспарлап отырмын. Еуразия университетінің кампустары ерекше ұнады. Біздің университетте сіздердегі секілді йога, гимнастика және үстел теннисіне арналған залдар жоқ, – деді америкалық студент.

Жазғы мектеп жұмысының қоры­тын­дысында шетелдік студенттерге тілдік курс­ты аяқтау туралы сертификат табыс етіледі.