– Мейірбек аға, еліміздегі ғарыш саласының негізін қалаған үркердей топтың ішінде өзіңіз де барсыз. Қазір бұл саланың экономиканы әртараптандыруда маңызы зор. Мемлекет басшысының өзі мұны бірнеше рет айтты да. Осы бір жауапты міндетті жүзеге асырудың негізгі құралы қандай? Неге мән беруіміз керек?
– Бұл сұраққа бір сөйлеммен жауап берсек, онда ғылымды өндірістік күшке айналдыру қажет. Ғылымды қажетсінетін әрі жоғары технологиялық ғарыш саласын құру тәжірибесі тұрғысынан алғанда да тек осы қадам дұрыс болмақ. Оның үстіне ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы әртараптандыру міндетін қадап айтып келеді. Бұған қандай жолмен жетуге болады? Ол үшін бізде «ғылым – технология – өндіріс» үштігі іркіліссіз жұмыс істеуі керек. Ғылыми-технологиялық қолдаусыз өндіріс дами алмайды. Сол себепті бұл міндетті шешуде отандық ғылымның рөлі зор. Өйткені ғылыми әзірлемелерсіз технология жоқ, ал технологиясыз өндіріс тұралайды. Өкінішке қарай, әзірше біздегі шындық бұдан едәуір алыстау.
– Мұндай жағдайға қалай тап болдық?
– Бұған бірнеше фактор әсер етті. Соның негізгі екеуіне тоқталайын. Бірінші фактор – біздегі ғылым «қалдық» қағидаты бойынша қаржыландырылды. Бұл ретте еліміз посткеңестік кеңістіктегі мемлекеттер арасында да, дамыған елдерге маңайламайтын өзге республикалар арасында да аутсайдерлер қатарында болды. Екінші фактор – жоғарыда айтқанымдай, бізде «ғылым – технология – өндіріс» тізбегі жұмыс істемеді. Енді осы ойларды одан әрі өрістетіп көрейін.
Кейінгі бірнеше жылда ғана ғылымға деген бетбұрыс дұрыстала бастады. Ел билігі ғылым мен ғалымның мәртебесін көтеру үшін маңызды қадамдар жасады. Мәселен, 2019 жылы Қазақстанда ғылымды қаржыландыруға ішкі жалпы өнімнің 0,13 пайызына тең қаржы жұмсалған, ал индустриясы дамыған елдерде бұл көрсеткіш 3 пайыздан асады. Демек кемінде 23 есе жоғары. Бұл – ТМД мемлекеттері арасындағы ең төмен көрсеткіш. Ал одан кейінгі үш жылда қаржыландыру көлемі 70 пайызға ұлғайды. Мұны бір деңіз. Екіншіден, төрт жыл бұрын ғалымдардың ғылыми институттарда тұрақты жұмыс орны болған жоқ. Өйткені олар жобалар бойынша уақытша әрі конкурста жеңіске жеткен жағдайда ғана жұмыс істеді. Қазір заңнамаға бірқатар ғылыми институттың үздіксіз қызметін қамтамасыз ететін нормалар енгізілді. Үшіншіден, жобаларды орындау мерзімі үш жылдан бес жылға дейін ұзартылды. Бұл ғылыми мектептерді қалыптастыруға әрі ғалымдарға жүргізілетін ғылыми зерттеулер мен әзірлемелер үшін төленетін төлемнің үздіксіз аударылуына ықпал етеді. Осының бәрі ондаған жылдар бойы таза энтузиазммен жұмыс істеп келген ғалымдарды жігерлендіргені анық. Қазір ғылымға ағылған жастардың нөпірі қалың екенін байқап отырмыз. Бұл өте маңызды. Жас ғалымдарсыз отандық ғылымның болашағы бұлыңғыр. Бірінші фактор жөнінде айтарым – осы.
Ал екінші факторға қатысты бірнеше себепті айтуға тиіспіз. Бірінші себеп – еліміздің қолданыстағы «Ғылым туралы» заңында «ғылым – технология – өндіріс» тізбегіндегі ғылыми әзірлемелердің рөлі нақты көрсетілмеген. Заңнамалық нормаларды әзірлеу кезінде алдымен «Ғылымнан не алғымыз келеді?», «Экономиканы дамытуда ғылымға қандай рөл ұсынамыз?» деген қарапайым сұрақтарға жауап беруіміз керек еді. Еліміздің әлеуметтік және экономикалық дамуындағы ғылымның басты рөлі – тек қана жаңа білім алу емес, сонымен бірге өндіруші күшке айналу әрі экономикалық нәтиже беру. Бұған қалай қол жеткізуге болады? Өндірісті дамытудағы ғылымның рөлі «ғылым – технология – өндіріс» тізбегі арқылы жүзеге асырылады. Ал технологияның көзі – ғылыми әзірлемелер. Өкінішке қарай, қолданыстағы «Ғылым туралы» заңда ғылымның бірінші базалық бағыты – ғылыми зерттеулерге ғана назар аударылды да, екінші базалық бағыт – ғылыми әзірлемелерге тиісті көңіл бөлінбеді.
Екінші себеп – бізде ғылыми әзірлемелерге негізгі сұранысты тудыратын өнеркәсіптік өндіріс нашар дамыған. Бұрынғы КСРО-дан мұраға қалған өндірістің өзін жоғалтып алдық. Қазіргі уақытта ғылыми әзірлемелерге деген сұраныстың болмауының басты себебі – өнеркәсіптік өндірістің жоқтығы. Жаңа технологияларды әзірлеу мен жаңа өнімдерді шығару қажеттілігі туралы өндіріс мәлімдеп отыруы керек. Индустриясы дамыған елдерде ғылыми әзірлемелерді өнеркәсіптік компаниялар қаржыландырады. Ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерге жұмсалатын шығындардың 70 пайызына дейінгі сомасын төлеп береді.
Үшінші себеп – әлеуметтік әрі стратегиялық маңызды міндеттерді шешу үшін ғылым алдына тиісті деңгейде үлкен мақсат қойылмайды. Біздегі қазіргі жағдай қандай? Ғылыми әзірлемелерді ұйымдастырудың қолданыстағы жүйесі олардың нәтижесін түпкілікті тұтынушыға бағыттамайды. Ғылымды дамытуда әлеуметтік-экономикалық мақсат қоюдың қаншалықты маңызды екенін мына бір мысалмен айтуға болады. Мәселен, КСРО-да ядролық қаруды жеткізу үшін ядролық қару мен зымыран техникасын жасаудың стратегиялық маңызды міндеттерін шешуге ерекше назар аударылды. Аталған мәселелерді шешудің нәтижесі – үшінші дүниежүзілік соғысты тежейтін ядролық құралдар жасау ғана емес. Сонымен қатар бұл механика, математика, физика, химия, биология сияқты іргелі ғылымдардың да, есептеу техникасы (аналогтық және цифрлық), материалтану, автоматты басқару теориясы, радиоэлектроника, радиобайланыс, роботтехника, жасанды интеллект сияқты қолданбалы ғылымдардың да дамуындағы айтулы жетістік болды.
Төртінші себеп – ғылыми әзірлемелер жүргізу үшін жеке инвестицияларды тартуға тиісті мемлекеттік қолдаудың болмауы. Ғылыми әзірлемелерді орындауға бөлінетін бюджет қаражатының шектеулі екенін білеміз. Мұндай жағдайда ғылыми ұйымдарды өз қаражаты мен түрлі қорлардың қаржысы есебінен отандық технологияларды әзірлеуге немесе жеке инвесторлар тартуға ынталандыру маңызды. Ал бұрын бөлінген бюджет қаражаты шеңберінде орындалған ғылыми зерттеулердің нәтижелері ғылыми әзірлемелерге негіз бола алады.
– Ғылымды қаржыландыру құрылымындағы ғылыми әзірлемелердің үлесін қалай ұлғайта аламыз? Өнеркәсіптік өндірісті дамыту үшін бөлінетін қаражаттың тиімділігін арттырудың қандай жолдары бар?
– Мұның жолдары көп. Соның төртеуіне тоқталайын. Бірінші – ғылымды ғылыми зерттеулер және ғылыми әзірлемелер деп екі базалық бағытқа заңнамалық тұрғыдан бөлу. Бұл индустриясы дамыған елдердің ғылымды R&D (research and development) деп бөлу тәжірибесіне сәйкес келеді. Өйткені ғылымның негізгі екі бағыты мақсаты, жұмыс сипаты және түпкілікті нәтижесі бойынша бір-бірінен түбегейлі ерекшеленіп тұрады. Ғылыми зерттеулердің мақсаты – жаңа білім алу. Онсыз ғылым дамымайды. Ал ғылыми әзірлемелердің мақсаты – алынған білімді қолдану. Онсыз ғылым өндірістік күшке айнала алмайды. Алғашқысы іргелі және қолданбалы зерттеулер түрінде, ал екіншісі тәжірибелік-конструкторлық, технологиялық және сынақ жұмыстары түрінде орындалады. Ғылыми зерттеулер білім деңгейін және ғылыми жарияланымдарды арттыру арқылы әлеуметтік әсерге, ал ғылыми әзірлемелер жаңа технологиялар, ноу-хау, материалдар, өнімдер мен қызметтер арқылы тікелей экономикалық әсерге бағытталады. Экономистер мен қаржыгерлердің көзқарасы бойынша, ғылымның екі негізгі бағыты бір-біріне қайшы келеді. Өйткені алғашқысы ақшаны білімге, екіншісі білімді ақшаға айналдырады. Сондықтан «ғылым – технология – өндіріс» тізбегі жұмыс істеуі үшін әзірленіп жатқан «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңның жобасына ғылыми әзірлемелер өндіріс технологияларының көзі әрі оны кеңейту ғылымды өндірістік күшке айналдырудың негізгі жолы екені туралы ереже енгізу қажет.
Екінші қадам – ішкі сұранысты зерделеу әрі инновациялық үдерісті мемлекеттік тұрғыдан белсенді қолдау, экономика салаларында ішкі нарықта нақты сұранысқа ие түпкілікті өнімдердің тізбесін қалыптастыру. Экспорттық өнім өндірісі болмаса да осы тиімді. Өйткені ол жаңа жұмыс орындарын ашады әрі шетелдік өнімдердің импортын төмендетеді. Экономика салалары бойынша түпкілікті өнім тізбесі бар болса, оны өндіруде талап етілетін ғылыми әзірлемелердің жүйесін қалыптастыру қиын емес. Өнеркәсіптік өнімге сұранысты арттырудың мұндай тәсілі ең алдымен қорғаныс өнімдеріне қатысты қолданылуға тиіс. Онда да бұл халықаралық шарттарға сүйене отырып жасалуы керек. Қорғаныс-өнеркәсіптік кешені дамыған елдерде бұл саладағы ғылыми әзірлемелер әрқашан мемлекеттің инновациялық өсуі мен экономикалық дамуының қуатты қозғалтқышы болып саналады. Қазақстанда әскери өнім өндіруді ұйымдастыру бірінші кезекте отандық технологияларға сүйенуге тиіс.
Үшінші шара – бұрынғы КСРО-ның ғылым мен адами әлеуетін дамыту тәжірибесін қолданудан тартынбау. Бірден айтайын бұл – өткенді көксеу емес, қайта қажетті дүниені кәдеге жарату. Мәселен келмеске кеткен КСРО тәжірибесін қазір Біріккен Араб Әмірліктері сәтті қолданып отыр. Елдің технологиялық дамуы мен адами әлеуетін дамытудың жоғары стратегиялық мақсатына жету үшін БАӘ 2021 жылы Марсты зерттеуге арналған ғылыми ғарыш стансасын құруды нақты әлеуметтік маңызды мақсат ретінде анықтады. Бұл ел жастары арасында үлкен қызығушылық тудырды. Ғарыш техникасын, жаңа аппаратураның кең спектрін, перспективалы ғарыш технологияларын, азаматтық және әскери салаларда тұтынушылық әлеуеті жоғары қосымшаларды әзірлеу міндеттерін шешуге байланысты ғылыми зерттеулерге деген қызығушылықты оятты. Сол секілді 10 миллионға жетер-жетпес халқы бар алақандай Израиль тұрақты әскери қарама-қайшылық жағдайында күн кешіп отырса да, адами әлеует пен қорғаныс өнеркәсібі саласындағы жоғары технологияларды дамытуға ден қою арқылы индустриялық әрі ауыл шаруашылығы бағытындағы ғылым мен технологияларды дамытудың әлемдік көшбасшысына айналды.
Төртінші шара – мемлекеттік-жекешелік әріптестікті жан-жақты кеңейту. Бірақ бұл жерде мемлекет түпкілікті өнімнің сұранысына кепіл болуы керек. Мұндай қадамның тиімділігін дәлелдейтін мысал ретінде «Қазғарыштың» авариялар мен апаттар кезінде шұғыл әрекет ететін мемлекеттік автоматтандырылған ақпараттық жүйесі н айтуға болады. Бұл жүйе Кеден одағына мүше мемлекеттердің ортақ шешімімен құрылған болатын. Ортақ шешімнің негізінде мемлекет аталған жүйеге және оның қызметтеріне деген сұранысқа кепілдік берді. Осының нәтижесінде «Қазғарышқа» ведомстволық тұрғыдан бағынысты Ғарыштық техника және технологиялар институты жүйені әзірлеуге мүдделі жеке инвестор тапты. Сол секілді мемлекеттің шартты түрде сотталғандарды бақылауда ұстайтын электронды құралдар (электронды білезіктер) жүйесін құруы да дәл осындай жолмен іске асырылды. Демек егер әзірлеушілер өнімнің сұранысына кепілдік берілгеніне сенімді болса, онда олар отандық технологияларды әзірлеуге өз қаражатын да, жеке инвесторларды да тарта алады.
– Ғылыми зерттеулер мен ғылыми әзірлемелердің нәтижелілігін қандай өлшеммен бағалау керек?
– Екеуінікі екі түрлі болуы керек. Критерийлер ғылымның екі бағытының мақсаты, жұмыс сипаты және түпкілікті нәтижесі елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдету тұрғысынан алғанда бір-бірінен ерекше екенін нақты білдіруі керек. Шетелдік басылымдардағы жарияланым саны біздің ғылымның әлемдік деңгейдегі нәтижелілігін ғана емес, бәсекеге қабілеттілігін де бағалауға мүмкіндік береді. Алайда бұл критерий ғылыми әзірлемелердің нәтижелілігін бағалау үшін мүлдем жарамсыз. Мұндай тұжырымның салмақты үш себебін атауға болады: бірінші – ноу-хауды жариялау және өзгелерге паш ету ақылға қонбайды, екінші – ноу-хауды жарияланым арқылы өзгелерге таныстыру коммерциялық құпияларды ашып, отандық өндіріске бәсекелестік туғызады әрі елдің экономикалық мүддесіне үлкен зиян келтіреді, үшінші – мұндай қадам мемлекеттік және әскери құпияларды жайып салады, тиісінше елдің ұлттық мүддесіне айтарлықтай зиянын тигізеді. Осы себептерге байланысты ғылыми зерттеулердің нәтижелілік критерийі жарияланымдар санымен көрсетілмеуі керек. Ғылымның еңбек өнімділігін арттыруға және экономиканың ғылымды қажет ететін салаларын дамытуға қосқан үлесін еселеу тұрғысынан ғылыми әзірлемелердің нәтижелілік критерийі әзірленген технология негізінде, құрылған жаңа жұмыс орындарының санымен, әзірленген технологияны пайдалану арқылы өндірілген өнімнің/қызметтің қосылған құнымен көрсетілуге тиіс.
– Жоғарыда «Қазғарышты» тілге тиек еттіңіз. Бұл мекеме жасаған ғылыми әзірлемелерден қандай экономикалық, технологиялық және әлеуметтік әсер күтуге болады?
– Ғарыштық техника және технологиялар институты ғарыш жүйелерінің өнімдері мен қызметтеріне қол жеткізу үшін экономика салаларындағы және күштік ведомстволардағы түпкілікті пайдаланушылар үшін арнайы өнімдердің кең тізбесі бойынша ғылыми әзірлемелер жасады. Ғылыми зерттеулердің нәтижелері негізіндегі өнімге деген сұранысқа кепілдік берілсе, қазіргі уақытта сұранысқа ие реактивті снарядтар немесе ұшқышсыз ұшу аппараттары сияқты бірқатар азаматтық және әскери өнімдерді өндіру технологияларының ғылыми әзірлемелерін орындауға мүмкіндік бар. Отандық қорғаныс кәсіпорындарында әскери өнімнің белгілі бір түрлері бойынша мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орналастыру туралы шешім қабылданса, ғылыми-зерттеу және сынақ ұйымдарының өнімдеріне ұзақмерзімді әрі сенімді сұраныс қалыптасар еді. Бұл оларды жеке қаражат немесе түрлі қордың қаражаты есебінен жаңа өнім өндірудің отандық технологияларын әзірлеуге ынталандырар еді. Жеке инвесторлардың қаражатын тартуға да мүмкіндік береді. Бұл түбінде өндіріс құрылымын өзгерту және ғылымды қажетсінетін өнеркәсіп секторын қалыптастыруға, ғылыми әзірлемелерге жұмсалатын бюджет қаражаты шығындарының айтарлықтай төмендеуіне, түпкілікті өнімді өндіру технологияларын жасауға бағытталған ғылыми әзірлемелердің нәтижелілігін арттыруға, жаңа өнеркәсіптік өнім әзірлеу кезінде техникалық тәуекелдерді төмендетуге, ғылыми ұйымдарда да, қорғаныс өнеркәсібі мен машина жасау саласындағы кәсіпорындарда да жаңа жұмыс орындарын құруға жол ашады.
– Отандық ғарыш ғылымының негізгі жетістігі ретінде нені айтар едіңіз?
– Қазақстанның ғарыш ғылымын дамытуда саланы жасақтаудың жоғары стратегиялық мақсатын айқындау нәтижесінде ғылыми әзірлемелер бойынша серпіліс жасалды. Елімізде ғарыш қызметін дамытудың 2005-2007 жылдарға арналған және республиканы индустриялық-инновациялық дамытудың 2009-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламалары аясында ғарыш қызметін дамытудың салалық бағдарламасын қабылдау әрі іске асыру отандық ғарыш ғылымының дамуына айрықша серпін берді. Осылардың нәтижесінде 2007-2014 жылдары белгілі ғарышкер, майталман инженер Талғат Мұсабаев басқарған Ұлттық ғарыш агенттігі ғарыш саласының ғылыми және инженерлік өзегін қалыптастырды. Сол арқылы ғарыш техникасының отандық үлгілерін жасау жөніндегі ғылыми әзірлемелердің жаңа бағыттары дамыды. Ел ғалымдары мен инженерлерінің қатысуымен ғарыштық байланыс және Жерді қашықтан зондтау жүйелері құрылды. Еліміздің жоғары дәлдіктегі спутниктік навигация жүйесі дүниеге келді. Оны толығымен отандық ғалымдар әзірлеп шықты. Спутниктік навигация саласындағы құзыреттерді және ғарыш жүйелері қызметтерінің түпкілікті тұтынушылары үшін көптеген қосымшаны қарқынды дамыту үшін тиісті жағдай жасалды. Ғарыштық техниканы және ғарыш қызметтерін тұтынушылардың аппараттық-бағдарламалық құралдарын әзірлеу мен өндірудің ғылыми-технологиялық және өндірістік базалары құрылды. Біздің ғалымдар мен инженерлердің арқасында ғылыми және технологиялық мақсаттағы отандық екі ғарыш аппараты құрылып, ұшырылды, ойдағыдай іске қосылды. Міне, осының бәрі ғарыш ғылымының жетістігі емес пе?
Жалпы, ғарыш саласының, ғарыш ғылымының әлеуеті зор. Біздің нақты әлеуметтік маңызы зор бағыттың бірі қорғаныс-өнеркәсіп кешені болуы әбден мүмкін. Бұл аэроғарыштық кешеннің дамуымен байланысты. Өйткені олардың бірыңғай ғылыми-техникалық негізі бар. Қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің дамуы тұтастай алғанда мемлекеттің дамуына, оның қауіпсіздігіне айтарлықтай әсер етеді. Ғарыш және қорғаныс өнеркәсібі саласындағы ғылыми әзірлемелердің дамуын және олардың нәтижелерін өндіріске енгізуді тежейтін басты мәселе – осы уақытқа дейін ғылыми әзірлемелермен қатар өнеркәсіптік сынақтарды да қамтитын толық технологиялық циклі бар өндірістердің құрылмағандығы. Дәл осы жағдай ғарыштық, әскери және қос мақсаттағы өнеркәсіптік өнімдердің тізбесі мен өндіріс көлемін кеңейтуге мүмкіндік бермейді. Осыны ескерген абзал.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Фархат ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»