Өзінің сөзінде Е.Кочетов мемлекеттің жастар саясатына тоқталды. Бос жүрген жастардың жұмысқа орналасу, әсіресе NEET категориясына жататын жастардың қамқорлықсыз қалмау мәселесіне назар аударды. «Солтүстік Қазақстан облысы маусымдық жұмыстар кезінде жұмыс қолына зәру болатынын білеміз. Әсіресе, осындай кездерде жұмыссыз жастарды еңбекпен қамтамасыз ету керек», деді ол.
Жастар еліміздің болашағы, оларды Отанымыздың барлық саласының дамуына атсалысуын ұйымдастыру жастар ұйымдарының, жергілікті биліктің жастар ісі жөніндегі бөлімдерінің күнделікті міндеті болуы керек деген ол Солтүстік Қазақстандағы волонтерлік қозғалыстың дамуын қанағатпен атап өтті. «Бүгінгі таңда облыста 30 мыңға тарта жас азамат осы қозғалысқа белсене қатысады. Бұл халық санағына шаққанда республикадағы алдыңғы қатарлардың бірі. Бұл жұмысты одан әрі жандандыра беру керек», деді вице-министр.
Бұдан кейін Е.Кочетов жиналғандардың сұрақтарына жауап берді. Соның ішінде Кәсіпкерлер палатасының жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің мүшесі Гүлмира Жылқыбаева отбасыларын қолдау орталықтарының жұмысын жандандыру мәселесіне назар аударды. «Осы орталықтардың жұмысы қаншалықты тиімді? Біздің елімізде отбасылық зорлықтар, жұптардың айырылысуы күннен-күнге артып келе жатқанын көріп отырмыз. Демек орталықтың жұмысы көрінбей отырған сияқты», деді ол. Оған Е.Кочетов «БҰҰ-Әйелдер» деген халықаралық ұйым бар екенін айтып, осы ұйымның көмегімен қазір түрлі орталықтардың жұмысын жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізілетінін жеткізді. Қазір Қазақстанда отбасын қолдау бойынша 68 орталық бар екен, ал 2025 жылы оның санын 143 жеткізу жоспарланыпты.
Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Е.Кочетов Петропавл қаласының іргесіндегі Аққайың ауданының орталығы Смирново ауылында да болып, онда республикалық «Tulga bol» жәрмеңкесінің жұмысымен танысты. Сонымен бірге ол жергілікті басшылар және мамандармен сұхбат құрып, осы ауданның жас кадрларды, жұмыссыз жастарды жұмыспен қамту әлеуетін анықтады. Аудан әкімі Рүстем Елубаев: «біздің ауданда жаңадан 4 тауарлы-сүт фермасы ашылды, жылына 5 мың тонна құс етін дайындай алатын құс фабрикасын аштық, осы кәсіпорындарда жаңадан 200-ден артық жұмыс орындары ашылды. Сондықтан біз жастардың, соның ішінде мамандардың жұмысқа тұруына жағдай жасап отырмыз. Жұмыс істеймін деп келген жастарға әлеуметтік жағдайларды да қарастырдық», деді.
Солтүстік Қазақстан облысы