Сол жылы қысқа түсетін малға 770 мың тонна шөп, 8 мың тонна сүрлем және 213 мың тонна құрамажем қажет екендігі анықталып, біраз бөлігі облыстың өзге аудандарынан әзірленді. Аймақта мал азығын дайындау үшін 114 бригада құрылып, 1000-нан астам адам және 170-тен астам техника жұмылдырылған еді.
Тіпті төтенше жағдай жарияланып облыстың резерв қорынан 250 млн теңге бөлінді. Үкімет резервінен тауар өндірушілердің жемшөп сатып алу шығындарын ішінара субсидиялауға 1,7 млрд теңге қаржы қаралды.
Қуаңшылықтан сабақ алған шаруалар былтыр малазықтық дақылдарды 4,9 мың гектарға артық егiп, оның жалпы көлемі 71,3 мың гектарға жетті. Бұдан бөлек, канал тазалау, ұңғымаларды қалпына келтіру және бұрғылау, қашыртқы суларды қайта пайдалану секілді тірліктер жемісін берді. Ерте көктемде көлдер жүйесін толтыру арқылы 75,9 мың гектар шабындық жер суландырылды. Осыдан да 2021 жылы 1200-1500 теңгеге жеткен жоңышқа бағасы былтыр 700-750 теңгеге түсті.
Жаңақорған ауданында биыл қысқа түсетін мал басы нақтыланып 183 мың тонна шөп, 36 мың тонна жем, 37 мың тонна сабан дайындау жоспары бекітілген. Қазір шаруашылықтарда жоңышқаның бірінші орымы бітіп, 40 мың тонна шөп дайындалыпты. Бір бумасы 500-600 теңгеден сатылып жатыр. Жалпы, облыстағы жоңышқалық алқаптың көп бөлігі осы ауданның аумағында екен.
Арал ауданындағы төрт түлік саны қазір 254 560 басқа жетті. Былтыр аудан бойынша 180 591 тонна мал азығы дайындалған, қазір соның 59 672 тоннасы қалып тұр. Алдағы қысқа 181 000 тонна жемшөп қажет.