Осы облыстың Шалқар, Ырғыз аудандарынан шөп тасығандар да болды. Сол жылы қысқа түсетін малға 770 мың тонна шөп, 8 мың тонна сүрлем және 213 мың тонна құрамажем қажет екендігі анықталып, біраз бөлігі облыстың өзге аудандарынан әзірленді. Аймақта мал азығын дайындау үшін 114 бригада құрылып, 1000-нан астам адам және 170-тен астам техника жұмылдырылды.
Құрғақшылық зардабын төмендету үшін төтенше жағдай жарияланып, облыстың резерв қорынан 250 млн теңге бөлінді. Үкімет резервінен тауар өндірушілердің жемшөп сатып алу шығындарын ішінара субсидиялауға 1,7 млрд теңге қаржы қаралды. Жұрт қуаңшылық қиындығынан осындай қолдаудың арқасында өтті.
Қуаңшылықтан сабақ алған шаруалар былтыр малазықтық дақылдарды 4,9 мың гектарға артық егiп, оның жалпы көлемі 71,3 мың гектарға жетті. Бұдан бөлек, канал тазалау, ұңғымаларды қалпына келтіру және бұрғылау, қашыртқы суларды қайта пайдалану секілді тірліктер жемісін берді. Ерте көктемде көлдер жүйесін толтыру арқылы 75,9 мың гектар шабындық жер суландырылды. Осыдан да 2021 жылы 1200-1500 теңгеге жеткен жоңышқа бағасы былтыр 700-750 теңгеге түсті.
Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы мамандарының айтуынша, биылғы мал азығын дайындау науқанының мәліметтері шілде айының ортасынан ауа нақтылана бастайды. Ал аудан әкімдіктеріне хабарласқанда білгеніміз Жаңақорған ауданында биыл қысқа түсетін мал басы нақтыланып 183 мың тонна шөп, 36 мың тонна жем, 37 мың тонна сабан дайындау жоспары бекітілген. Қазір шаруашылықтарда жоңышқаның бірінші орымы бітіп, 40 мың тонна шөп дайындалыпты. Бір бумасы 500-600 теңгеден сатылып жатыр. Жалпы, облыстағы жоңышқалық алқаптың көп бөлігі осы ауданның аумағында.
Жаңақорғандағы «Агротехнология» ғылыми-өндірістік шаруа қожалығы 78 гектар аумаққа жоңышқа егеді. Шаруашылық төрағасы Керімхан Егізбаевтың айтуынша, биыл көктемде дарияда су жеткілікті болғанмен алқаптарға кеш беріліпті.
– Қазіргі шөп шығымы жаман емес. Бірақ су уақытында берілсе, бұдан да жоғары алуға болар еді. Облыстағы уақ малдың да, сиырдың да көбі осы біздің ауданда. Аудан шаруашылықтары ауыспалы егіс талабын барынша сақтап отыр. Бұл – мал азығын өзіміз дайындаудың басты мүмкіндігі. Бірақ бізді алаңдататыны аудан аумағындағы дария арнасында тоспаның жоқтығы. Үрлемелі тоспа жарамсыз болып қалғалы да біраз жылдың жүзі ауды. Егер дария арнасындағы су көлемі секундына 250 текше метрге түсіп кетсе, Келінтөбе магистралды каналы қаңсып қалады. Бұл – бүкіл аудан аяқ судан қалады деген сөз. Осы мәселе шешімін тапса, шаруаның көңілі жайланар еді, – дейді шаруашылық төрағасы.
Арал ауданындағы төрт түлік саны қазір 254 560 басқа жетті. Былтыр аудан бойынша 180 591 тонна мал азығы дайындалған, қазір соның 59 672 тоннасы қалып тұр. Алдағы қысқа 181 000 тонна жемшөп қажет. Қазір шаруалар осының қамында жүр.
Осы науқанда Жалағаш ауданындағы 58,9 мың бас малға 84 мың тонна шөп, 29, 3 мың тонна сабан және 19 мың тонна жем дайындалуы керек. Ауданда ауыспалы егіс талабына сәйкес 12050 гектарға жоңышқа егілген. Сырдария ауданы да жоңышқаның алғашқы орымын аяқтап қалды.
Жалпы, қай ауданда да қыста қиналып қалмаудың қарекеті жасалып жатыр.
Қызылорда