Президент • 04 Шілде, 2023

ШЫҰ-ға мүше елдер мемлекеттер басшыларының келесі саммиті Астанада өтеді

241 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы барысында сөз сөйлеп, елдер арасында энергетикалық ынтымақтастықты нығайту маңызы жайлы сөз қозғады, деп хабарлайды Egemen.kz.

ШЫҰ-ға мүше елдер мемлекеттер басшыларының келесі саммиті Астанада өтеді

«Бүгінде бұл бағыттағы өзара жүйелі іс-әрекеттерді жолға қоюдың өзектілігі артып келеді. Бізге энергетикалық тепе-теңдікті қамтамасыз ету жұмыстарын үйлестіру қажет. Сондай-ақ энергетиканың жаңа түрлеріне көшуге, экономика мен өнеркәсіпті көміртегінен арылтуға бағытталған келісімді іс-әрекеттер керек. Осыған байланысты келесі Астана саммитіне дейін ШЫҰ-ның Энергетикалық стратегиясын келісуді ұсынамын. Бұл құжаттың қабылдануы орнықты даму саласындағы БҰҰ Күн тәртібінің мақсаттарын жүзеге асыруға ықпал етеді», деді Мемлекет басшысы. 

Сонымен қатар Президент аталған мәселенің аса маңызды екенін ескере отырып, Қазақстанда ШЫҰ-ның энергетикалық форумын өткізуге дайын екенін айтып өтті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бұл саладағы ынтымақтастықтың перспективаларын жан-жақты талқылау ШЫҰ елдерінің энергетикалық қауіпсіздігі мен теңгерімін қамтамасыз ету үшін бірлескен әдістер әзірлеуге мүмкіндік береді. 

«Өзге халықаралық ұйымдардың тәжірибесіне сүйене отырып, ШЫҰ жанынан Тұрақты өкілдер кеңесін құру және оларға мемлекеттеріміздің мүддесін қорғау құзыретін беру маңызды деп санаймын. Өзара жауапкершілік пен тілеулестік негізінде инклюзивті даму мен жасампаз прогресс жолында алға қарай батыл қадам басуымыз керек. Төрағалық ету кезегін қабыл ала отырып, ШЫҰ кеңістігіндегі қауіпсіздік, бейбітшілік және өркендеу ісін одан әрі нығайта түсу үшін ұйымдағы мәртебесіне қарамастан барлық елмен арадағы белсенді және табысты жұмысты жалғастырамыз. Осы орайда баршаңызды Шанхай ынтымақтастық ұйымының Қазақстан елордасы – Астанада өтетін келесі саммитіне қатысуға шақырамын», деп түйіндеді Мемлекет басшысы.