Президент • 04 Шілде, 2023

Президенттің ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында сөйлеген сөзі

249 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Ақорда баспасөз қызметі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында сөйлеген сөзін жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Президенттің ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында сөйлеген сөзі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысты. Саммит бейнеконференция форматында өтті.

Мемлекет басшысы өз сөзінде Үндістанның Шанхай ынтымақтастық ұйымына табысты төрағалық еткені үшін осы елдің Премьер-министрі Нарендра Модиге алғыс айтты.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Иран Ислам Республикасының Президенті Ибрахим Раисиді ШЫҰ-ға толыққанды мүше мемлекет мәртебесін иеленуімен құттықтап, Беларусь Республикасының да Ұйымға мүше болу процесі аяқталуға жақын екенін атап өтті.

«Шанхай ынтымақтастық ұйымының халықаралық беделі жоғары. Бүгінде табысты әрі көпжақты ұйымға айналды. Жер шары халқының шамамен жартысын қамтитын ШЫҰ – күн тәртібінде ауқымды мәселелерді қарастыратын бірегей еуразиялық ұйым. Әлемдік ЖІӨ-нің төрттен бір, дүниежүзілік сауданың 15 пайызы біздің мемлекеттеріміздің үлесіне тиесілі. Саяси ықпалы зор, экономикалық мүмкіндігі мол және орасан зор адам ресурсына ие ШЫҰ орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге және адамзаттың заманауи сын-қатерлерін еңсеруге елеулі қоса алатынына сенімдімін. Жаһандық тәртіпті түбегейлі трансформациялау жағдайында бұрын-соңды болмаған геосаяси шиеленістің, сауда және санкциялық соғыстардың, сондай-ақ басқа да заманауи сын-қатерлердің күшейе түскеніне куә болып отырмыз. Халықаралық құқық негіздері мен оның маңызды қағидатының, яғни теңдей, бірлескен, бөлінбейтін, кешенді және тұрақты қауіпсіздіктің бұзылуы қалыпты жағдайға айналды. Осыған байланысты біз БҰҰ-ның орталық және үйлестіруші рөліне арқа сүйеп, анағұрлым байсалды, демократиялық және көпполярлы әлемді қалыптастыру бағытынан айнымауымыз қажет», деді Мемлекет басшысы.

Президент ШЫҰ-ны құруға әуел бастан атсалысқан мемлекет ретінде Қазақстанның осы беделді ұйымға алдағы төрағалығы аясында ШЫҰ кеңістігіндегі достық пен тату көршілік қарым-қатынасты нығайтуға үлес қосып, оның жаһандық рөлін арттыруды жалғастыратынын айтты.

Мемлекет басшысы Ұйымға мүше барлық мемлекет үшін стратегиялық мәні бар басымдықтарға тоқталды.

«Бірінші. ШЫҰ кеңістігіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету. Ұйымды құрған кезде біз XXI ғасырда туындайтын проблемалардың шешімін бірлесіп іздеу жөнінде уағдаластық. Қазіргі кезеңде Шығыс пен Батыс арасындағы геосаяси қайшылыққа жол бермеу біздің елдеріміздің ең басты міндетіне айналуға тиіс. Шанхай ынтымақтастық ұйымы әлемдік қоғамдастыққа қауіпсіз әлем туралы өз ұстанымын ұсына алады әрі ұсынуға тиіс. Сондықтан Қазақстан өзінің төрағалығы барысында «Әділетті әлем мен келісімді жақтайтын дүниежүзілік бірлік туралы» бастама көтереді. Бұл ауқымды құжатта сенім шараларын нығайту, тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау қағидаттарының негізі қаланады. Бұл бастаманы қолдау біздің ортақ мүддемізге сай екеніне сенімдімін. Сонымен қатар біздің төрағалығымыз кезінде «үш зұлым күшке», трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, заңсыз есірткі айналымына және киберқылмысқа қарсы күреске баса мән беріледі», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2025-2027 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасын жаңартуға күш салу қажет деп есептейді. Бұдан бөлек, Қазақстан ШЫҰ-ның 2024-2029 жылдарға арналған есірткіге қарсы стратегиясы мен оны жүзеге асыру жөніндегі Іс-қимыл бағдарламасын қабылдауды ұсынады. Сондай-ақ Ауғанстандағы дағдарысты еңсеруге арнайы назар аударған жөн. Қазақстан тарапы Алматы қаласында Орталық Азия мен Ауғанстан үшін тұрақты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ-ның аумақтық орталығын ашу жөніндегі бастамаға тағы да тиісті деңгейде мән беру қажет деп есептейді.

Мемлекет басшысы сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуді екінші басымдық ретінде атады. Президенттің айтуынша, географиялық тұрғыда мемлекеттердің байланысы, көлік-транзит әлеуеті, нарықтың ауқымдылығы мен экономикалардың бірін-бірі толықтыруы ШЫҰ-ның басымдығы саналады.

«Осыған қарамастан, ШЫҰ аясында 20 жылдан астам уақыттан бері бірде-бір ірі экономикалық жобаны жүзеге асыру мүмкін болмады. Жобаны қаржылық қолдау механизмдерінің болмауы – мұның айқын факторы. Осыған байланысты Үкіметтер басшыларының кеңесіне бірлескен Инвестициялық қор құру мүмкіндігін қарастыруды тапсыруды және осы маңызды жоба бойынша ұсыныстар айтуды ұсынамын. Әлемдегі қаржы институттарының үздік тәжірибелерін меңгерген «Астана» халықаралық қаржы орталығы ШЫҰ-ның аймақтық жобаларына тікелей және портфельді инвестиция құюды ынталандыру үшін тиімді платформа бола алады. Шанхай ынтымақтастық ұйымының экономикалық күн тәртібінде өзара сауда айналымын арттыру, сауда кедергілерін жою, бірлескен кәсіпорындар ашу үшін қолайлы жағдай жасау секілді міндеттерге баса мән берілуі қажет деп санаймыз. Ұйымның инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін «ШЫҰ-ның экономикалық преференциялары» базасын бірлесіп жасақтауға болар еді», деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-транзит саласындағы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану перспективалары туралы айта келіп, заманауи көлік инфрақұрылымын құрудың және жаңа бәсекелі бағыттар ашудың стратегиялық маңызына назар аударды. Ол іс жүзіндегі шара ретінде Ірі стратегиялық порттар мен логистикалық орталықтардың серіктестік желісін құруды ұсынды.

Мемлекет басшысы бүгінде энергетикалық ынтымақтастықты нығайтудың, бұл бағыттағы өзара жүйелі іс-әрекеттерді жолға қоюдың өзектілігі артып келеді деп санайды. Ол энергетиканың жаңа түрлеріне көшуге, экономика мен өнеркәсіпті көміртегінен арылтуға бағытталған келісімді іс-әрекеттер керек екенін атап өтті.

«Келесі Астана саммитіне дейін ШЫҰ-ның Энергетикалық стратегиясын келісуді ұсынамыз. Бұл құжаттың қабылдануы орнықты даму саласындағы БҰҰ Күн тәртібінің мақсаттарын жүзеге асыруға ықпал етеді. Біз аталған мәселенің аса маңызды екенін ескере отырып, Қазақстанда ШЫҰ-ның Энергетикалық форумын өткізуге дайынбыз. Бұл саладағы ынтымақтастықтың перспективаларын жан-жақты талқылау елдеріміздің энергетикалық қауіпсіздігі мен теңгерімді дамуын қамтамасыз ету үшін бірлескен әдістер әзірлеуге мүмкіндік береді», деді Президент.

а

Мемлекет басшысы цифрлық саладағы ынтымақтастықты кеңейту мәселесін келесі бір басымдық ретінде атап өтті. Оның айтуынша, түрлі елдер мен әлеуметтік топтар арасындағы «цифрлық алшақтық»  өзекті мәселеге айналып отыр.

«Сондықтан цифрлық теңсіздікті бірте-бірте азайту біздің ұйым қызметінде нақты басымдыққа айналуға тиіс. Үндістан ШЫҰ-ға төрағалық еткен кезеңде бұл бағыттағы ынтымақтастықты дамыту үшін ауқымды жұмыс атқарды. Енді осы стратегиялық маңызды саладағы үздік тәжірибелерді алмасу ісін одан әрі жалғастырып, жолға қойылған байланыстарды сақтау және нығайту  маңызды. Былтыр Қазақстан БҰҰ-ның электронды үкіметті дамыту индексі бойынша 28-орынды иеленді. Бұл – ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Қазақстанда жан-жақты цифрлық трансформация жасау үшін қолайлы жағдай жасалған. IT шешімдер мемлекеттік басқару жүйесіне жоспарлы түрде енгізіліп жатыр. Дамыған банктік экожүйе пайда болды. Қаржы технологиясының нарығы кеңейіп келеді. Электронды коммерция қарқын алды. Қазақстан Цифрлық хаб ретінде ШЫҰ кеңістігінде өз қызметін ұсынады.  Сондықтан 2024 жылы ШЫҰ-ның Цифрлық форумын Астанада өткізу маңызды деп санаймын. Осы ретте аталған жиынды технопарктер мен инновациялық кластерлер пулының Басқарушы комиссиясының бірінші отырысымен біріктіруге болады», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының пікірінше, экология саласындағы өзара байланыстарды нығайту – маңызды бағыт. Президент экологиялық күн тәртібін ілгерілетпей, орнықты экономикалық өсімге қол жеткізу және қоғамның әл-ауқатын арттыру  мүмкін емес екенін атап өтті.

«Өкінішке қарай, су тасқыны, қуаңшылық, өрт, судың және топырақтың ластануы секілді түрлі табиғи катаклизмдер айтарлықтай көбейгенін байқап отырмыз. Осы ретте Қазақстан қоршаған ортаны қорғау проблемасын шешу үшін күш біріктіруді көздейді. Біз ШЫҰ мен БҰҰ-ның Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасы арасында серіктестік байланыс орнату, Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді әзірлеу, Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды және экологиялық туризмді дамыту жөніндегі ынтымақтастық бағдарламасын қабылдау секілді міндеттерге  баса назар аудару қажет деп санаймыз. Бұл шаралардың барлығын бүгін қабылданатын Декларацияда бекітілген ШЫҰ-ның Экология жылы аясында ұйымдастыруды ұсынамын», деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту мәселесіне арнайы тоқталды. Оның айтуынша, елдеріміз бен халықтарымыздың арасын жақындатудың тағы бір тиімді тетігі – туризм. Дүниежүзі халқының 45 пайызын қамтитын ШЫҰ  кеңістігі  әлеуеті әлі толық пайдаланылмаған алып туристік нарық саналады. Мұны мойындау керек.

«Қазақстан бұл бағыт бойынша кешенді шаралар қабылдап жатыр. Былтырдан бастап елімізде Үндістан, Иран және Қытай азаматтары үшін визасыз режим енгізілді. Бұл шара мемлекеттеріміз арасындағы туризмді дамытуға ықпал етеді. Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалық ету кезеңінде Алматы қаласын Шанхай ынтымақтастық ұйымының туристік және мәдени астанасы деп жариялауды ұсынамыз. ШЫҰ-ның кең байтақ кеңістігі – Еуразиялық өркениеттің алтын бесігі. Ал мәдениеттердің біртұтастығын айшықтайтын бірегей «Шанхай рухы» –  оның баға жетпес құндылығы. Ортақ идеалдарымыз бен құндылықтарымызды әлемге дәйекті түрде дәріптеу маңызды. Қазақ жері – ежелден өркениеттер тоғысқан, дәстүрлер мен мәдениеттер біте қайнасқан мекен. Ал бүгінде Қазақстан бәрімізге ортақ, бай рухани мұраны сақтау және оны насихаттау ісіне барынша атсалысуға дайын. Осыған орай «ШЫҰ-ның киелі орындары» жобасын қолға алуды ұсынамын. Ұлы ойшыл Қожа Ахмет Ясауи кесенесі Қазақстандағы әлемдік маңызы бар осындай киелі орын саналады. ШЫҰ-ның «Алтын Орда және оның мұрасы» атты конференциясы аясында осы ортағасырлық сәулет өнерінің ұлы ескерткішінің таныстырылымын қасиетті Түркістан шаһарында өткізуді жоспарлап отырмыз. Мұндай ауқымды шара елдеріміз арасында анағұрлым тығыз гуманитарлық байланыстар орнатуға ықпал ететініне сенімдімін», деді Президент.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы бүгінде ШЫҰ жаңару жолына батыл қадам басқанын атап өтті. Оның айтуынша, Ұйымның әлеуетін арттыру жолындағы ортақ істе барлық күш-жігерді арадағы уағдаластықтарды жүзеге асыруға жұмылдырған жөн

«Халықтарымыздың ұзақмерзімді мүддесі үшін ШЫҰ бұрынғыша өзара түсіністік, ынтымақтастық ниетіне басымдық беруге тиіс. Шанхай ынтымақтастық  ұйымының жаңа даму стратегиясын қабылдайтын уақыт келді деп ойлаймын. Қазақстан аталған құжаттың жобасын әзірледі және оны алдағы төрағалық ету кезінде таныстыруды жоспарлап отыр. Жаңа стратегия өзара ынтымақтастығымыздың анағұрлым перспективті бағыттары бойынша ШЫҰ-ның  күн тәртібін кеңейтуді көздейді. Ұйым қызметін одан әрі жетілдіру жаңа сын-қатерлерге тиімді  төтеп беріп, ШЫҰ-ны заман талабына бейімдеу үшін маңызды қадам болмақ. Осы мақсатқа қол жеткізуге арналған Қазақстанның ұсыныстарын ескере отырып, Астанада өтетін келесі саммитке дейін ШЫҰ-ның әлеуетін күшейту тұжырымдамасын қабылдауды ұсынамын. Өзге халықаралық ұйымдардың тәжірибесіне сүйене отырып, ШЫҰ жанынан Тұрақты өкілдер кеңесін құру және оларға мемлекеттеріміздің мүддесін қорғау құзыретін беру маңызды деп санаймын. Әділ әрі үйлесімді келешек әлем туралы біздің өз көзқарасымыз болуға тиіс.  Өзара жауапкершілік пен тілеулестік негізінде инклюзивті даму мен жасампаз прогресс жолында алға қарай батыл қадам басуымыз керек. Төрағалық ету кезегін қабыл ала отырып,  ШЫҰ кеңістігіндегі қауіпсіздік, бейбітшілік және өркендеу ісін одан әрі нығайта түсу үшін  ұйымдағы мәртебесіне қарамастан барлық елмен  арадағы белсенді және табысты жұмысты жалғастырамыз», деп сөзін қорытындылады Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларын келесі жылы Астанада өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысуға шақырды.

Сонымен қатар жиында Үндістан Премьер-министрі Нарендра Моди, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шариф, Ресей Президенті Владимир Путин, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, сондай-ақ БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриш, бақылаушы мемлекеттердің басшылары Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Иран Президенті Ибрахим Раиси, Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсух және құрметті қонақ ретінде Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов сөз сөйледі.

Жиын қорытындысы бойынша Нью-Дели декларациясы және бірқатар құжат қабылданды.