Қоғам • 05 Шілде, 2023

IACA сот әкімшілігінің қазақстандық моделіне жоғары баға берді

432 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өткен аптада Жоғарғы соттың ұйытқы болуымен «Тәуелсіз сот төрелігіндегі сот әкімшілігі: әлемдік стандарттар мен үздік тәжірибелер» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға қатысқан Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия және басқа елдердің судьялары мен сот әкімшіліктерінің өкілдері сот тиімділігін оңтайландыру, сот төрелігіне қол жеткізу құралдары мен жаңа технологиялар жөнінде ой-пікірлерін ортаға салды.

IACA сот әкімшілігінің қазақстандық моделіне жоғары баға берді

Дөңгелек үстел жұмысына Буэнос-Айрестен (Аргентина) арнайы келген Халықаралық сот әкімшілігі қауымдастығының (IACA) президенті Луис Мария Пальма қатысты. Алқалы жиыннан кейін ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жазған хатында еліміздің тәуелсіздігін қамтамасыз етудегі сот жүйесінің шешуші қадамдарына ерекше тоқталды.

«Сот әкімшілігі және сот реформасы саласындағы 25 жылдан астам тәжірибеме арқа сүйей отырып Астана сот әкімшілігінің жаңа озық стандарттарын белгілей бастағанын айта аламын. Әлемдік үздік тәжірибеге сүйенген Қазақстан қысқа мерзімде сот басқаруының бірегей моделін енгізе отырып, терең реформалар жүргізе алды», деп жазды ол.

Л.Пальма осы уақытқа дейін жетекші елдер қол жеткізе алмаған сапалы және жылдам сот төрелігін қамтамасыз етуге бағытталған Қазақстанның цифрлық ақылды соттарын атап өтті. Жетістік халықтың соттарға цифрлық қолжетімділігі бойынша Қазақстан алатын әлемде 4-орын деп аталды. Ол жасанды интеллектті қолдануды және Жоғарғы соттың аумақтан тыс соттылықты бастауын басқа елдер үшін үлгі бола алатын тамаша тәжірибелер деп санайды.

Мәртебелі мейман Астана және Алматы соттарына арнайы барып, судьялар мен сот қызметкерлерінің жұмысын едәуір жеңілдететін және нақты уақыт режімінде сот төрелігіне онлайн қол жеткізу үшін ыңғайлы құралдарды ұсынатын АТ-сервистердің қажеттілігіне көз жеткізді. Осыған орай IACA бүкіләлемдік хабарлық әдістеме – онлайн конференция арқылы сот басқаруында ақпараттық технологияларды қолданудың қазақстандық тәжірибесін зерделеуге және таратуға ниетті.

«Сот жүйесін қаржыландырудың қазақстандық моделі де назар аударуға тұрарлық. Бюджеттің ең төменгі шегін заңнамалық бекіту, сондай-ақ судьялық өзін-өзі басқару органының судьялық жалақының мөлшерін айқындау құқығы қазақстандық соттарды биліктің басқа тармақтарынан шынымен тәуелсіз етудің қуатты құралы болып саналады», деп есептейді Л.Пальма. Оның пікірінше, еліміздің Сот әкімшілігінің институционалдық деңгейде дербес мемлекеттік орган ретінде қалыптасуы судьяларды әкімшілік-бюрократиялық қызметтен босатуға ықпал етті. Тақырыптың өзектілігін және басқа елдерден келген сауалдарды атап өткен IACA президенті Қазақстан Сот әкімшілігімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғанын және сот басқармасының қазақстандық моделі туралы ақпаратты IACA ақпараттық ресурстарына орналастырғанын хабарлады.

IACA еліміздің Жоғарғы сот басшылығын биыл 25-27 қазанда Буэнос-Айресте (Аргентина) өтетін халықаралық конференция жұмысына қатысуға шақырды. Л.Пальма сол іс-шара аясында сот басқармасының қазақстандық моделін таныстыруды ұсынды. IACA Орталық Азия және Үндістан атынан вице-президент ретінде ҚР Сот әкімшілігінің өкілдерін ұсынбақ.

Естеріңізге сала кетейік, IАСА – құрамында 100-ден астам мемлекет, соның ішінде АҚШ, Қытай, Канада, Жапония, Германия, Франция елдері бар іргелі ұйым. Еліміз халықаралық қауымдастыққа 2015 жылдан бері мүше. IACA-ға мүше болу үнемі тәжірибе алмасуға және сот менеджментінің озық қырларын меңгеріп, оны тыңғылықты пысықтап алуға мүмкіндік береді.