Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Сарапшылар оң өзгерістерге бастайтын факторлар күшейіп, тамырланып келе жатқанын айтады. Экономикалық өсу болашағына күмәнмен қарағанмен саяси реформалар жағдайды өзгерте алады деп үміттенеді.
2023 жылғы 19 сәуірде Үкіметте өткен әлеуметтік-экономикалық мәселелерге арналған кеңесте Қазақстан басшысы республиканың орташа кіріс тұзағына түсіп қалғанын айтты. «Егер қазір сапалы экономикалық өсім үшін берік негіз жасалмаса, халық табысының тоқырауы алыс емес», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы сол жолы Үкіметке өсудің қосымша көздерін іздеуді тапсырды. Экономикалық өсу қарқыны тоқырауға ұшыраған елдер орташа табыс тұзағына түседі. Бұл кезде жалақы өседі, соның салдарынан отандық тауарлар баға бойынша бәсекеге қабілетсіз болып қалады. Мұндай елдердің тауарлары мен қызметтері жоғары білікті еңбек ресурстары мен инновацияларға бет бұрған дамыған елдердің және экономикасы айтарлықтай дамып кетпесе де арзан жұмыс күші мен өнеркәсіп тауарларының арзан өндірісі бар мемлекеттердің импортымен бәсекеге түсе алмайды.
Қаржыгер Мақсат Халықтың айтуынша, біз межелеп отырған 6 пайыздық өсімді экономикамыздың мүмкіндігі көтере алатынын айтады.
Ол үшін экономикалық өсуді ынталандыруға, инвестициялық ахуалды жақсартуға және экономиканы әртараптандыруға бағытталған кешенді шараларды жүзеге асыру қажет. Сарапшының айтуынша, 2022 жылы республиканың ішкі жалпы өнімі 224,3 млрд долларға жетті. Ал Ұлттық статистика бюросының алдын ала мәліметтері бойынша ІЖӨ нақты көлем индексі 2021 жылмен салыстырғанда 103,3 пайызға өсті. ХВҚ сарапшылары Қазақстанның ІЖӨ өсімін 2023 жылы 3,5 пайыздық ал 2024 жылы 4 пайыз деңгейінде болатынын айтып отыр. Сондай-ақ биыл инфляция – 14,8, одан кейінгі жылы 8,5 пайызға дейін төмендейді.
«Ел ішінде экономикалық өсімді халықтың қалтасы сезбей отыр» деген пікір бар. Бізге ішкі жалпы өсім деңгейі халықтың табысына қаншалықты әсер етіп отыр деген тақырып әлі зерделенген жоқ. Ел экономикасы жыл сайын 10%-ға өссе де, бұл қоғамның көпшілігінің әл-ауқатына әсер етпей отыр», дейді М.Халық.
Қазақстанның ІЖӨ өсімін 6 пайызға дейін арттыру мүмкіндігіне тоқталған сарапшы ел экономикасының өсуі шикізат бағасының индексімен тығыз байланысты екенін атап өтті. Мысалы, 2016 жылы мұнай бағасының 50 пайызға дейін төмендеп кеткен кезде экономика 25,5 пайызға дейін төмендеді. Экономист елдің ішкі жалпы өнімі өскен кезде зауыттардың, пайда әкелетін кәсіпорындардың немесе ұлттық ғылыми-техникалық жаңалықтардың саны емес, өсетінін атап өтті. «Біз 2023 жылы ақша-несие саясаты жеңілдетіледі деп болжаймыз, алайда қалыптасқан жоғары инфляция мен несиелендіру құнының артуы биыл тұтынушылық шығындардың өсуін шектейді, бұл экономикаға тежеу әсерін тигізеді», дейді М.Халық.
ІЖӨ деңгейіне мұнай бағасының қымбаттауы сеп болса, теңгеміз алтын-валюта қоры және алтынды сыртқы нарыққа көбірек саудалауымыздың нәтижесінде күш алып қалғанын айтады. Бірақ мұның бәрі уақытша фактор. Әзірге тәуекелдер көп. «Мұнай фьючерстері наурыз айында мұнай барреліне 70-75 доллардан сатылуы экономикалық өсуімізге көмегін тигізеді. Жағдай жүрісінен жаңылып қалмаса, 4 пайыздық өсім уысымызда болады. Негізгі тәуекел Ресейге қатысты жаңа санкцияларға байланып тұр. Жағдай ушығып кетсе, экономикалық өсімге қауіп төнеді», дейді М.Халық.
Жыл басында әлемдік сарапшылар дүниежүзілік экономиканың беталысы АҚШ, Қытай және ЕО елдеріндегі жағдайға қарап көш түзейді деген болатын. Бұл елдердің экономикасының өсімі де, кері кетуі де бір мезгілде байқалады. Басқаша айтқанда, өсім мен кері кетуді итжығыс деп бағалауға болады. Демек біздің даму да сол итжығыстың ар жақ, бер жағында тұр.
Әзірге жағдай алдын ала болжанған сценарийдің шеңберінен шыққан жоқ. Айналамыздағы құбылыстың бәрі алдын ала болжанған факторларды шыр айналып жүр. Биылғы жартыжылдықтағы әлемдік экономиканың өсім деңгейі 3 пайыздың айналасында деп күтіп отырмыз.
Біздің елдің экономикалық жағдайы шикізатқа тәуелді. Басқаша айтқанда, шикізат – нарықтың да, бағаның да, валютамыздың жағдайының да барометрі. Осы жылдың алғашқы айларындағы жағдай біздің ел үшін қолайлы болғанын сарапшылардың бәрі айтып жатыр.
Жылдың алғашқы айларында Лондон тауар биржасында Brent маркалы мұнайдың саудасы барреліне 90 доллар деңгейінде саудаланды. Содан кейінгі айларда ол баға 70 долларға дейін төмендеп кетті. Ал маусымдағы баға – 72-75 доллар шамасында. Өткен жылдың осы кезеңінде бұл баға 120 доллар болатын. Үкіметтің биылғы жылы мұнай баррелі 85 доллар болады деген болжамы әзірге маңайламай тұр. Осы күнге дейін мұнай арзандаса теңгеміз күзгі жапырақтай қалтырап шыға келетінін талай рет байқағанбыз. Ал биылғы жыл басқаша болды. Теңгенің де, экономиканың да мұнай бағасына деген тәуелділігі кеміп келе жатқандай белгілер пайда болды деген үмітті төмендегі деректер жоққа шығарып тастады.
2023 жылдың мамыр айында екінші деңгейлі банктер мен жекелеген банктік емес айырбастау пункттерінде жалпы салмағы 155,4 кило 4 056 алтын құйма сатылды. Халыққа тазартылған алтын құймаларды сату және сатып алу бағдарламасын Ұлттық банк 2017 жылы іске қосқан болатын. Бағдарлама қолға алынғалы жалпы салмағы 4,4 тонна 129 605 алтын құйма сатылды. 2022 жылдың қаңтар-қараша айларында біздің алтын экспортерлері шетелдіктерге сомасы 66,9 млн долларға 4,2 тонна өңделген және өңделмеген алтын сатқан. Ал биылғы жартыжылдықтағы дерек әлі жаңартылған жоқ. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова келтірген деректерде 2022 жылы сыртқы нарыққа 20 тоннаға жуық алтын сатылғаны, бұл 7 млрд доллар табыс әкеліп, қордағы алтынның үлесін 68 пайыздан 58 пайызға дейін қысқартқаны айтылады. Демек біздің теңгенің доллар алдындағы жалын күдірейтіп тұрған фактор алтынның буы десек қателеспейміз.
Оның үстіне төрт айдың қорытындысы бойынша ІЖӨ деңгейінде жылымық өсім байқалды. Бірақ бұған сеніп, босаңсып қалуға болмайды. Мамыр айының қорытындысы бойынша экономикалық өсімде сәуірдегі алға жылжудан жарты пайызға кері шегінгенін көрдік. Бұл жағдайға мұнай бағасының төмендеуі және сыртқы сауда профицитінің қысқаруы әсер етті.
Дегенмен алғашқы жартыжылдықта ұлттық валютамыздың бағамы тамырын тереңге жіберуге жол тапқанын айтуға тиіспіз. Өткен жылы мұнайдың әлемдік бағасы барреліне 100 доллар деңгейіне дейін арзандап кеткен кезде теңге 7 пайызға, рубльмен салыстырғанда 11 пайызға дейін құнсызданып кеткен болатын. Ал биылғы жартыжылдықта теңгенің әлемдік валютаға қатысты позициясы 0,5-3,7 пайызға дейін күшейді. Доллар-теңге дәлізі 451,94-446,60 теңге аралығында тербеліп тұрды.
Мұндай көріністер доллар-еуро дәлізінде де байқалды. Сарапшылар еуро құнының қалыптасуына әлемдік нарықтардағы долларға қатысты бағамының өзгеруі де әсер етті. Сондықтан ЕО валютасының ресми бағамы айына орта есеппен бірінші жартыжылдықта 484,22 теңгеге дейін көтеріліп, төмендеді.
Ресейдің ұлттық валютасының биылғы жағдайы мәз емес. Мамырда теңгемен салыстырғандағы баға 5,53 теңгеге дейін арзандады. Өткен жылдың осы кезімен салыстырғанда теңге 14 пайызға дейін күш алып қалды.
Өткен жылдың үшінші тоқсанынан бастап теңге-рубль дәлізінде теңгеміздің бәсі басым бола бастағаны белгілі.
Тағы бір маңызды оқиға – ел резервтерінің ұлғаюы. Баға конъюнктурасының нашарлауы және экспорттық түсім ағынының қысқаруы халықаралық резервтердің көлеміне әлі әсер еткен жоқ. Ұлттық банктің мәліметінше, қаңтар-мамырда оның жалпы халықаралық резервтері 1,1%-ға (400 млн-ға) өсіп, шамамен 35,48 млрд АҚШ долларын құрады. Еркін айырбасталатын валютадағы активтері шамамен 6,5 пайызға өсті, алтын бойынша – шамамен 540 млн-ға азайып, тиісінше шамамен 15,53 және 19,95 млрд доллар деңгейіне жетті.
Ұлттық қор активтерінің доллармен есептегенде өсімі бес айда 3,48 млрд долларға жетіп, 59,2 млрд доллардан асты.
Қаңтар-мамыр айларының қорытындысы бойынша ақша агрегаттарының көлемі азайып, заңды тұлғалар депозиттерінің көлемі төмендеуіне байланысты екінші деңгейлі банктердің ресурстық базасы қысқарды. Бұл өз кезегінде экономиканың нақты секторын банктік несиелендірудің деңгейі әлі де мәз емес дегенді білдірсе керек. Мұндай құбылыстар бұрынырақ, оның үстіне шикізатқа қолайлы баға конъюнктурасымен байқалғанын және экономикада өткен жылдары қордаланған проблемаларға байланысты екенін атап өткен жөн.
Кейінгі бес айда айналыстағы мемлекеттік бағалы қағаздардың көлемі 11,2 пайызға өсіп, 18,86 трлн асты. Ұлттық банктің қысқамерзімді ноттарының көлемі маусым айының басындағы жағдай бойынша шамамен 2,54 трлн, Қаржы министрлігінің облигациялары 15,26 трлн теңгеден асты. Жыл басынан бергі өсім 300 млрд-ға, Қаржы министрлігінің облигациялары 1,4 трлн-нан астамға өсті.
Айналымдағы мемлекеттік бағалы қағаздар нарығының өсу динамикасы да оң. Сарапшылар бұл өзгерістің де уақытша екенін айтып жатыр. Бұл өсім экономиканы несиелендіруге ықпал ете алмайды.
Мұнайға байланысты баға конъюнктурасының нашарлауы ең алдымен тауарлар экспортының өзіндік құнына кері әсер етті. Қаңтар-сәуір айларында экспорт көлемі 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,8 пайыз төмендесе, импорт 40 пайызға өсті.
Импорттың артуы мен экспорттың төмендеуі нәтижесінде сауда балансының профициті төрт айда екі есеге азайып, 6,6 млрд долларынан аз деңгейге жетті.
Соңғы уақыттағы тағы бір ауыр жағдай инфляцияның жоғары деңгейі болды. Ақпан айында ол көпжылдық ең жоғары көрсеткішке жетіп, жылдық есептегенде 21 пайыздан асты.
Мемлекет басшысы Үкіметке инфляцияны екі есеге, яғни шамамен 10 пайыз деңгейіне дейін төмендету міндетін қойды. Алайда бұл көрсеткішке жету екіталай. ІЖӨ динамикасы және ішкі қаржы нарығының жекелеген параметрлері туралы ресми деректер, баға конъюнктурасының және сыртқы конъюнктураның нашарлауы экономикалық көрсеткіштерге және ақша-несие саясатына, оның ішінде ұлттық валюта бағамына әсер ете алмағанын көріп отырмыз. Үкімет басшысының айтуынша, ұлттық экономика қолайсыз сыртқы жағдайларға бейімделіп, тұрақты өсу жолына түсті. Осы қарқын сақталса, жыл аяғына дейін экономиканың өсімін 4 пайызға жеткеруіміз әбден мүмкін. Қысқасы, Үкімет жағдай бақылауда, өсімге үміт бар деп отыр. Біз мұның нәтижесін алдағы айларда білеміз. Демек отандық экономиканың құрылымы өзгермейді, Ұлттық банктің валюталық саясаты өзгеріссіз.
Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының жетекші сарапшысы Зарина Скрипченко бұл мақсатқа жету үшін құрылымдық шаралар кешенін жүзеге асыру қажет екенін атап өтті. Экономиканың өсуі пайдалы қазбаларды өндіру мен экспорттау есебінен болып отыр. Ал отандық өндіріс пен технология әлсіз дамып келеді. Сарапшы айтып өткендей, кен байлығы қайта қалпына келмейді, олардың құны әлемдік шикізат нарығындағы жағдаймен анықталады, демек оның экономикалық өсімге әсері шектеулі. Экономикалық құрылымдағы өзгерістер, шикізаттық емес экономикаға ғана өсімге жол ашады. «Бұл модель шикізаттық бағыттан сырттап, технологияны, ғылымды және инновацияны дамытуға, адами капиталға инвестициялауға басымдық беруге тиіс», деп нақтылады спикер.
Сарапшылар валюта нарығындағы қаңтар-маусым айларында байқалған оң конъюнктураның сақталатынына сенуге болмайтынын айтады. Себебі әлемдік экономиканың беталысы қырық құбылып тұр. Сыртқы нарықтың қабағы әлі ашылған жоқ. Сондықтан 4 пайыздық өсімнің ішкі нарыққа әсеріне де, теңгеміздің күш алып кетеріне де сенім аз. Әзірге абыройымызды алтын жауып тұр.
Демек ішкі нарық үшін «теңге қанша пайызға күшейеді емес, теңгенің құнсыздану деңгейі қанша пайыз болмақ?» деген сұраққа жауап алу маңызды...
АЛМАТЫ