Жәдігер • 10 Шілде, 2023

Халифа Алтайдың тақиясы

406 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Жүрген аяққа жөргем ілінеді» дегенге тағы бір мәрте көзіміз жетті. Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, кенші, ақын Мұса Тілеуов екеу­міз ардақты ақсақал Яхия Асатов аға­мызға сәлем бере бардық.

Халифа Алтайдың тақиясы

ҚР еңбек сіңір­ген энергетигі, Сәтбаев қаласының Құр­метті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Яхия Жақыпбекұлы – сексеннің бел­ортасындағы көнекөздердің бірі. Көп­ті көрген қартымыз көпті біледі. Таби­ғатынан ақын болып жаратылған аға­мыз мамандығы энергетика саласы бол­са да, мәдениетке, өнерге өте жақын адам.

Көзіміз ағаның басындағы тақиясына түсті. «Ерекшелеу екен» дестік.

– Бұл атақты Халифа Алтай ақса­қал­дың сыйлаған тақиясы ғой – деген кезде «оу, бұл сіздің қолға қалай түсіп жүр?» деп, әңгімені тереңдете түскіміз келді.

– 1992 -нің күзінде Дүниежүзі қазақ­тарының тұңғыш Құрылтайы өтті емес пе? Шетелдегі қандастардың үлкен то­бы Жезқазған – Ұлытау өңіріне келді. Олардың басшысы Халифа Алтай ақса­қал болды.

Қандастарымыз Ұлытауға барып тәу етіп келген соң, Сәтбаев қаласына ат басын тіреді. Қаладағы «Достық» мейрамханасында қонақтарды күтіп, дастарқан жайылды. Қаланың басшысы Владимир Николаевич Малышевтің сонда қазақы шапан киіп алғанын, алғаш рет қазақша сөйлегенін көрдім. Дастарқанды ақын, жыршы, термеші Шынболат Ділдебаев басқарды. Оның өнеріне тәнті болып кеткен Халифа Алтай ақсақал: – Айна­лайын, сені бұрын видеодан көріп едім, енді, міне, көзіммен көріп тұрмын. Мы­нау менен саған сый-сияпат, естелік болсын деді де, осы тақияны тарту етті – деп, әңгімесін бір шиырып тастаған ағамызға «бұл сонда әуелгіде Шынболат ағамызға сыйланған тақия болды ғой» деп нақтылай түсуді жөн көрдік.

– Солай. Ал Шынболат – менің кіш­кентайымнан бірге өскен жан досым. Тақия оның басына тарлық етті. Сосын ол маған сыйлады. Содан бері үйде тұр. Кейде осылайша ара-тұра киіп қоямын.Өткенді еске салады, тарихты оятады, – деген Жақаңа мұны үйде сақтай бермей, қала музейіне табыстау туралы ұсыныс айттық. Ағамыз бұған келісті.

 

Ұлытау облысы,

Сәтбаев қаласы