Қазақстан • 10 Шілде, 2023

Қазақстан мен Өзбекстан мемлекеттік шекараны демаркациялау рәсімін аяқтады

266 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров 10 шілдеде өткен брифинг барысында Өзбекстанмен арадағы мемлекеттік шекараны демаркациялау рәсімі аяқталғанын хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

Қазақстан мен Өзбекстан мемлекеттік шекараны демаркациялау рәсімін аяқтады

Айбек Смадияров аталған шартқа 2022 жылғы 22 желтоқсанда Ташкент қаласында екі мемлекет басшылары қол қойғанын еске салды. 2023 жылғы 4 шілдеде Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасын шегендеу туралы шарт күшіне енді.

«Осы шарттың күшіне енуі Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мемлекеттік шекараны халықаралық-құқықтық шегендеудің 19 жылдық процесінің толық аяқталуын білдіреді», деді Айбек Смадияров.

Бұл оқиғаның алдында Бірлескен Қазақстан-Өзбекстан шегендеу комиссиясы шеңберінде өткен келіссөздердің 100 раунды болды. Ұзындығы 2357 км шекара сызығы 1301 шекаралық белгімен белгіленіп, көлемі 8000 парақтан астам шегендеу құжаттарда көрсетілген.

«Осы оқиға мемлекеттік шекара ауданында қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға, екіжақты, өңіраралық және шекара маңындағы өзара іс-қимылды тереңдетуге ықпал етеді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын заңды ресімдеу процесінің оңтүстік бағытта аяқталуын білдіреді", деп түйіндеді СІМ өкілі.