Жәдігер • 11 Шілде, 2023

Теміржол тарихынан сыр шерткен

325 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы музейіне бара қалсаңыз, талай тарихи жәдігерге көзайым боласыз. Солардың бірегейі – тұтас даланы дүбірге бөлеген Түрксіб темір жолының құрылысы кезінде тұтынылған бұйымдар.

Теміржол тарихынан сыр шерткен

Қазақ даласына жаңалық ала келген алып теміржолдың құрылысы жылдарға со­зылды. Арқасын ат тұяғынан бас­қа таптамаған салқар мекенді сан күйге бөлеген бұл шойынжолға мың­даған еңбек адамының тері сіңді. Музейде орын алған мына бір экспо­зи­цияға еңбеккерлердің құрылыс ке­зінде тұтынған темір шамдары қойылыпты. Оған қоса алғашқы рельс ретінде төселген шойын темірдің бөлшегі де тарихқа айналған өткен кезеңдердің жарқын көрінісіне сапар шектіреді. Музей қызметкері Абадан Тілеубергенова бұл бұйымдарға келу­ші­лердің ынта-ықыласы ерекше екенін айтады.

рр

«Түркістан-Сібір теміржолы Ор­та­лық Азия мен Сібірді байланыс­тыру үшін салынған КСРО-дағы ірі магистралдың бірі. Теміржол құрылысы бір мезетте солтүстікте Семей және оң­түс­тікте Луговой бекеттерінен бас­талып, 1442 шақы­рымдық жол 1930 жылы Айна­бұлақ бекетінде түйісті. Түрксіб теміржолының жолаушылар тасымалдайтын бағыттары бойынша белгіленген кестеге сәйкес Алматы-1 теміржол беке­ті­нің кассасы да арнайы инсталляция арқылы көрерменге ұсы­ныл­ған. Дала өркениетіндегі айтулы өзгеріс бірқатар шығармашылық ие­ле­рін терең шабытқа бөледі», дейді ол.

Қазақ бейнелеу өнерінің заңғары Әбілхан Қастеев те алғашқы еңбек жолын дәп осы теміржол құрылысының Айнабұлақ бекетінде жер қазушы болып бастады. Күндердің күні тосын сыйы көп тіршілік көкірегінде қайнап жатқан талант бұлағының бағытын үлкен арнаға бұрып, ұлы дарын туған топырағына құбылыс болып келген алып теміржолды күрекпен емес, қыл­қаламмен салып шықты. Кейін оның әйгі­лі «Түрксіб» шығармасы қазақ темір­жолының паспортына айналды. Түрксіб теміржолының құры­лы­сына қа­тысты көптеген қызықты дерек бар. Он мыңнан астам адам жылдар бойы тынымсыз еңбек еткен теміржол құры­лысында Тұрар Рысқұлов пен Мұхамеджан Тынышбаевтың рөлі ерекше.

 

АЛМАТЫ