Оқырмандардың есіне сала кететін болсақ, былтырғы наурызда осы орталықтың бір мұржасы құлап, бір адам қаза тауып, бүкіл қала халқының алаңдаушылығын тудырған. Содан бері қала мен облысқа жылу мен жарық беретін жалғыз көз – ЖЭО-2 жұмысы Үкімет пен облыс басшылығының назарында. Жуырда ғана оған облыс әкімі Айдарбек Сапаров та барып, жағдайымен танысты.
Қазір құлаған мұржаны қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кәсіпорын жұмысымен танысқаннан кейін Алмасадам Сәтқалиев облыс орталығының белсенді тұрғындарымен, мәслихат депутаттарымен С.Мұқанов атындағы облыстық кітапханада кездесіп, жағдайды баяндады және жиналғандарды мазалаған сұрақтарға жауап берді.
«Белгілі апаттан кейін министрлік Петропавлдың ЖЭО-2 орталығына тәуелсіз сарап комиссиясын жіберген едік. Олар барлық техникалық жағдайды анықтағаннан кейін орталықтың жұмысын қалпына келтіру бойынша Жол картасы дайындалды. Оны іске асыруға 2022 жылы 6,3 млрд теңге бөлінсе, биыл тағы да 5,3 млрд теңге қарастырылды. Биыл жол картасы бес блокқа бөлінген. Олардың бәрі ЖЭО жұмысын алдымыздағы жылыту маусымына уақытылы, сапалы дайындауға бағытталды», деді министр.
Министрдің сөзінен әрбір блоктың атқаратын жұмысы да белгілі болды. Алғашқы блок құлаған №1 мұржаның орнын тегістеуге бағытталған. Ол жұмыстар биыл толық аяқталып, жаңа мұржаны қалау жұмыстары басталып кеткен. Сонымен бірге осы блокта №2 мұржаны күрделі жөндеуден өткізу және №3 мұржаның жағдайын толық зерттеу жұмыстары қамтылған.
Жол картасының екінші блогы бас корпусты толық қалпына келтіру мен №4 және 5-қазандықтардың қалыпты жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін газдың №2 мұржаға өтуін қамтамасыз ететін уақытша газ құбырын салуды жоспарлаған. Қазір бұл жұмыстар толық аяқталыпты. Үшінші блок барлық қазандық және қосымша жарақтарды жөндеуді қамтыған еді. Қазір №9 және 11 қазандықтарды жөндеуден басқасы толық аяқталған, ал осы екеуіндегі жөндеу жұмыстары келесі айдың аяғында аяқталуға тиісті. Екі турбоагрегатты күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары төртінші блокта қамтылған. Бүгінде ол жұмыстар толық аяқталған.
Бесінші блоктың жұмыстары былтыр құлаған №1 мұржаны жаңадан қалауды қамтиды. Қазір бұл жұмыс қызу жүріп жатыр. Оны аяқтау мерзімі 2024 жылдың 30 қыркүйегіне белгіленген.
Қазір жаңа мұржаның іргетасын қалау жұмыстары аяқталып қалды. Одан әрі темір-бетоннан құйылатын мұржаның өзінің құрылысы жалғасады. Сонымен бірге инвестициялық келісімде көрсетілген №2 қазандықтың құрылысын жаңғырту жұмыстарын жүргізу де жоспарланған», деді А.Сәтқалиев.
Дегенмен шаруаның бәрі белгіленген сызбамен шотқа қаққандай толық жүргізіліп жатқан жоқ. Министрдің айтуына қарағанда, №9 қазандықты жөндеу жұмыстары сызбадан артта қалған. Ал №1 қазандықты күрделі жөндеу жұмыстарын инвестор 2024 жылға шегеріпті, биыл тек ағымдағы жұмыстарды жасамақшы. «ЖЭО негізгі жабдықтарының тозуы 56 пайызға жеткендіктен күрделі жөндеуді кейінге қалдыруға болмайды», деді министр. Сонымен бірге облыс әкімдігіне күл төгетін алаңның жаңа секциясын салу үшін жер бөлуді тездету керектігі айтылды.
Тұрғындармен болған кездесуде А.Сәтқалиев «Севказэнерго» АҚ электр қуатын өндіруіне ең жоғарғы тарифке рұқсат берілгенін атап өтті. Нақты айтқанда, бір квт/сағаттың босатылу бағасы – 16,47 теңге. Бұл – былтырғымен салыстырғанда бір жарым есе артық.
ПЕТРОПАВЛ