Тілсіз жау Орал қаласында, сондай-ақ Ақжайық, Теректі, Сырым, Бөрлі, Қазталов және Бәйтерек ауданынан шыққан. Теректі ауданындағы Әбдірахман Әйтиев атындағы ауылда болған өрттің қауіптілігінен 10 үйдің тұрғындары уақытша көшірілді. Оқиға орнына Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевтің өзі барып, төтенше жағдайды көзімен көрді. Барлық арнаулы күштер мен мамандар жұмылып, үйлескен қимылдың арқасында мал-жан, тұрғын үйлер аман қалды. Түнгі сағат 00.40-та ауылдағы өрт толық сөндірілді, 44 адам үйіне оралды. Осы оқиғаның салдарынан 26 га мемлекеттік орман қоры және 24 га құрғақ шөп жанып кетті.
Орал қаласының өзінде үйіріле соққан қатты желдің әсерінен ағаштар құлап, электр желісіне зақым келген. Жергілікті уақыт 14.15-те 10 м/с желдің екпіні Орал қаласының жеке үйлер орналасқан секторы ішінара зардап шекті. Барлығы 800-ге жуық жеке үй, оның ішінде Деркөл кенті, Желаево кенті, Көне әуежай шағын ауданы, 2-жұмысшы, орталық базар аумағы (барлығы 1 898 жеке тұрғын үй) жартылай жарықсыз қалды. Батыс Қазақстан АЭЖК ЖШС күшімен (40 адам және 10 адам) кезең-кезеңімен қосылып жатыр.
Облыстың әр жерінде шығып жатқан өрттің басым көпшілігі дала өрті, құрғақ шөптің жануы болып тұр. Оқиға болған жерлерге арнайы топтар жіберіліп, апаттық-құтқару жұмыстары жасалды.
Қазір Батыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің базасында жедел штаб ашылған. Оның құрамында барлық коммуналдық қызмет бар. Осылайша, облыстағы барлық ақпарат сараланып, жағдай бақыланып отыр. Шекаралық аймақтарда ресейлік төтенше жағдай арнайы қызметтерімен хабар алмасуда.
Кеше кешкісін ең күрделі жағдай Теректі ауданының Құмақсай ауылында болған еді. 25 гектар алқапты шарпыған өрт орманға ауысып кете ме деген қауіп болған. Өрт сөндірушілер жұмыла қимылдап, дер кезінде өртті оқшаулады. Шамамен 25 га алқап отқа оранған. Оқиға орнында жергілікті атқарушы мекемелер, ерікті өрт сөндірушілер құрылымы, ТЖД, «Қазавтотревел» мекемесінен шамамен 50 адам, 15-тен аса техника болған.
Ауа райын болжау мекемелері Батыс Қазақстан облысы бойынша 10 шілде күні де дауылды ескерту жариялады: 10 шілдеде 35-39 градусқа қатты ыстық сақталады. 10-11 шілдеде облыстың оңтүстігінде, шығысында өрт қаупі жоғары. Оңтүстік, оңтүстік-шығысында күндіз жел екпіні 18 м/с. қатты ыстық 37-39 градус болады. Қазіргі уақытта облыс бойынша жағдай күрделене түсуде, жану мен өрттің барлық фактісі Төтенше жағдайлар департаментінің ерекше бақылауында.
Жоғарыда айтылғандай, жағдайды облыс басшысы да қадағалап отыр. 10 шілдеге қараған түнгі сағат 02.30-да Төтенше жағдай департаментінде құрылған жедел штабта Нариман Төреғалиев Қазталов, Тасқала, Ақжайық және Сырым аудандары аумағында орын алған өртті ауыздықтау бойынша үйлестіру жиналысын өткізген.
«Жергілікті атқарушы органдар мен өрт сөндірушілер 24/7 режімінде жұмыс істеуде. Ірі өрт ошақтары бар аудандардың басында бір орынбасарым және Төтенше жағдай департаменті басшысы жұмыстануда. Өртті локализациялауға департамент күштерінен бөлек шаруа қожалықтары, жергілікті ауыл тұрғындары қол ұшын беріп жатыр.
...Осыған орай, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды сұраймын: жол жиегіне темекі тұқылын тастамаңыз, табиғат аясына демалыс кезінде от жақпаңыз, өте қатты ыстық күндері шөп шабу жұмыстарын уақытша тоқтатып, шөпті тасымалдаған кезде тек ұшқын ұстағышпен жабдықталған техниканы пайдаланыңыз!», деген үндеу таратты облыс әкімі.
Батыс Қазақстан облысында жиілеп кеткен өртті сөндіру үшін көршілес Ақтөбе облысы Төтенше жағдайлар департаментінен 32 адам мен 5 техника жолға шықты, деп хабарлайды Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметі.
Дала өртін жедел сөндіру үшін Астанадан «Қазавиақұтқару-875» тікұшағы да ұшып шыққан.
Батыс Қазақстан облысы