Қоғам • 12 Шілде, 2023

Қазақстандық ғалым, дипломат Мұрат Лаумулин қайтыс болды

429 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ғалым, тарихшы, дипломат, саяси ғылымдар докторы Мұрат Лаумулин 65 жасында қайтыс болды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстандық ғалым, дипломат Мұрат Лаумулин қайтыс болды

Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) мәліметінше, Мұрат Лаумулин ұзаққа созылған науқастан кейін қайтыс болды.

Мұрат Лаумулин 1959 жылы Алматыда дүниеге келген.

Әр жылдары ол ҚазМУ-де сабақ берді, еліміздің жетекші ғылыми мекемелерінде ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысты, Сыртқы істер министрлігінде жұмыс істеді, дипломатиялық корпуста көптеген жауапты қызметтерді атқарды. Оның ішінде Германия мен Беларусь елдерінде жұмыс істеді. 2018 жылдан бастап «Астана» халықаралық ғылыми кешенінің Еуропа және Американы зерттеу орталығының жетекшісі қызметін атқарды.

Сонымен қатар Мұрат Лаумулин - көптеген марапаттардың иегері және көптеген ғылыми еңбектердің авторы.

«Лаумулин Мұрат Тұрарұлы бүкіл саналы өмірін ғылымға арнаған. Ол - ұлттық қауіпсіздік, сыртқы саясат, Орталық Азия геосаясаты, Қазақстанның Батыспен қарым-қатынасы, АҚШ-тың Орталық Азиядағы стратегиясы туралы ондаған монографиялар мен жүздеген мақалалар жазған ғалым. Оның ішінде кәсіби ғылыми ортада мойындалған 4 томдық «Дүниежүзілік шығыстанудағы Қазақстан және Орталық Азия тарихы» еңбегі бар. Мұрат Тұрарұлы ғылымда ерекше бағыт – әлемдік геосаясаттағы Орталық Азияны зерттеу мектебін қалыптастырды және дамытты. Мұрат Тұрарұлының қайтыс болуы Қазақстанның бүкіл сарапшылар қауымдастығы үшін ауыр қаза», деп жазды ҚазСЗИ.