Көрмеге талантты суретшінің 80-нен астам кескіндемелік және графикалық жұмысы қойылған. Мұнда автор өзінің балалық шағынан бастап, табиғат сұлулығы мен адамдар арасындағы қарапайым қарым-қатынас және қаладағы өзіміз байқай бермейтін қым-қуыт тіршілікті қылқалам тілімен көркем сөйлете білген. Картиналарының бояуы қанық, образға бай. Әсіресе қылқалам шеберінің «Дала корридасы», «Ботаникалық бақ» атты циклді топтамасынан бастап, «Терезе алдында», «Күзгі терек», «Түнгі қала», «Айлы түн», «Күннің батуы», «Ескі жол», «Автопортрет», «Жусан» секілді майлы бояумен салған еңбектерінен оның жан-дүниесінің тазалығы мен өнерге деген адалдығын тап басып танисыз. Сондай-ақ туындыгердің адамды қиял әлеміне жетелейтін сәулет өнеріндегі композициялары да әсемдігімен көз тартып, баурап әкетеді.
Мәдени іс-шараның ашылуында танымал сәулетші Серік Рүстембеков пен қоғам қайраткері Дархан Мыңбай көрме иесінің сан қырлы талантына тоқталып, оның кәсіби сәулетшілігі мен суретшілігі туралы сөз қозғады. Суретшілер одағы Астана қаласындағы филиалының төрағасы Қоңыр Мұхамедиев жылы лебізін жеткізді. Белгілі суретші Қалиолла Ахметжан әріптесін сәулет пен бейнелеу өнерінде өз қолтаңбасы бар, ерекше талант иесі деп бағалады.
Іс-шара соңында сөз алған Берік Молжігіт көрмеге 1993 жыл мен 2013 жыл аралығындағы туындыларының ең таңдаулысы ұсынылғанын айтты.
«Менен көпшілік «Сіз суретшісіз бе, әлде сәулетшісіз бе?» деп сұрайды. Шынымды айтсам, бойымдағы екі өнерімді «мынау – артық, анау – кем» деп бөле алмаймын. Әркім өзіне ұнағанын көреді. Әртүрлі стильде жұмыс істегенді ұнатамын. Бір стильде 10-15 жыл жұмыс істегеннен кейін оны әрі қарай жалғастыра алмаймын. Қысқасы, көңілім нені қалайды, соны істеймін», деп көрмеге келген қауымға ризашылығын білдірді.
Көрме 6 тамызға дейін жалғасады.