Коллажды жасаған Алмас МАНАП, «EQ»
Мысалы, көшпелі халықтар мемлекеттерінің тіршілік көзіне айналған кәсібі (мал шаруашылығы) отырықшы халықтар мемлекеттерінің тіршілік көзіне айналған кәсібіне қарағанда көп территорияны қажет етеді. Өткен ғасырдың басында демографиялық фактормен қатар осы фактіні қазақ зиялылары жаңадан құрылған кеңес үкіметінің басшылығы алдында ғылыми тұрғыдан негіздеп, Қазақ өлкесі мен автономиялық республикасының қарамағында ұлан-ғайыр жерді сақтап қалуға қол жеткізді. 1920-1925 жылдары қазақтардың астанасы Орынбор қаласы болды. Кеңес үкіметінің Орынборды қазақ астанасы болып бекітілуіне келісім беруі таза тарихи және демографиялық факторлармен анықталған болатын.
Қазақтың, жалпы түркі халықтарының ата-бабалары ежелгі заманнан бері мемлекет пен кеңістіктің бір-бірінен ажырамас ұғымдар екендігін білген. Біздің заманымыздан бұрынғы 200 жылдың басында Мөде тәңірқұт ғұн тайпаларын біріктіріп қуат жинай бастайды. Көрші мемлекеттің елшілері тәңірқұттан мініп жүрген сәйгүлігін және тағы басқа құндылықтарды сыйлауды сұрайды. Мөденің кеңесшілері көрші елдің сұрағандарын бермеуді ұсынады. Мөде «Көршілерден соларды аяймыз ба?» деп сұрағандарын береді. Көрші мемлекеттің елшілері келесі жолы Мөдеден екі елдің арасында жатқан тақыр жерді сұрайды. Кеңесшілері тақыр жерде шаруашылық жүргізу қолайсыз деген сылтаумен көрші елге сұраған жерді беруге болатынан айтады. Мөде: «Жер мемлекеттің негізі, оны қалайша беруге болады?» деп жерді көрші мемлекетке беруге кеңес жасағандарды жазалайды. Тарихи деректерде келтірілген осы оқиға түркі көшпелілерінің мемлекет және кеңістік, территория және мемлекеттілік туралы ұғымдарының ежелгі заманда-ақ қалыптасқанын дәлелдейді. Қазақтың және түркі халықтарының тарихында кейбір мемлекеттер секілді жерді басқа мемлекетке сату немесе сыйлыққа беру секілді фактілердің орын алуы мүлде кездеспейді. Оның себебі «жердің» түркі халықтарының, қазақ халқының түсінігінде «мемлекет» ұғымымен тікелей байланысты болғандығында.
Ғалымдар ұлттың, қоғамның белгілі бір кеңістікте саяси тұрғыдан ұйымдасып, оны дұрыс пайдалана біліп, кеңістікті бақылап, мемлекетті басқару өнерін геосаясат немесе геостратегия деп атайды.
Бұл ретте қазақ мемлекеттілігі дәстүрін сипаттағанда оның геостратегиялық тәжірибесіне мән берген орынды. Қазақ елінің геостратегиялық тәжірибесі Қазақ хандығының немесе Қазақстан Республикасының құрылу уақытынан емес, қазақ ұлтын және көптеген басқа түркі халықтарының негізін құраған ежелгі ру-тайпалар бірлестігінің тарихынан бастау алады. Түркі ру-тайпаларының мемлекеттілік дәстүрінің ықпалы көрші мемлекеттер мен халықтарға тиіп отырды. Мысалы, көрші Ресей мемлекетінің мемлекеттілік дәстүрін қарастырсақ, мемлекетті басқаруға тікелей қатысы бар «деньги», «казна», «казначей», «тюрма», «таможня» және басқа терминдердің түркі тілінен енгені орыс мемлекеттілігінің қалыптасуы мен дамуының қай уақытта басталып, қандай ортада жүргені туралы анық ақпарат береді. Алтын Орда мемлекеті ыдырап, өзбектер өзбек, қазақтар қазақ атанып бөлініп шыққанда қараусыз қалған орыс ұлтының өкілдерінен де қазақтар (казактар) бөлініп шыға бастайды. Казактардың әскери-әлеуметтік құрылымын анықтауда қолданылатын «атаман», «ертаул», «есауыл», «харунжий» және басқа терминдер сол кездегі мемлекеттілік дәстүрдің ахуалы туралы мәнді мәліметтер береді.
Геостратегиялық тәжірибе бұрынғы заманнан бері қалыптаса бастаған. Бұл тәжірибенің алғашқы көрінісіне идеология мен экономикалық бақылау орнату, ежелгі соғыс және саясат жүргізу өнерлерін жатқызуға болады. Бұлардың соңғысы ғылым мен техниканың дамуына қарамастан, өзінің ежелгі заманнан бері келе жатқан мазмұны мен әдісінен айырылған жоқ.
Біздің заманымыздан бұрынғы VІІІ-ІІІ ғасырдан ежелгі Қытайда «геосаясат» пен «геостратегия» негіздері бойынша көп деректер сақталған. Осы кезең аралығында «аспан асты» империясы бытыраңқы жағдайда болып, бір-бірімен және басқа да елдермен соғысқан еді. Соғыс өнері бойынша жазылған «Сунь-цзы» және «У-цзы» (Соғыс заңдары) трактаттары мемлекетті басқарудың бірқатар жолдарын көрсетеді.
Сунь-цзы мемлекет үшін ұлы істерді белгілеп, оның негізіне бес құбылысты жатқызады. Біріншісі – жол, екіншісі – аспан, үшіншісі – жер, төртіншісі – қолбасшы, бесіншісі – заң.
Жол – мемлекет басшысының ойы мен халық ойының бірдей болуына қол жеткізу, халықтың мемлекет басшысымен бірге болуы, халықтың үрей мен күдік дегенді білмеуі екендігін негіздейді. Осыдан Сунь-цзының ел мен мемлекет басшысы арасындағы ой мен мақсат бірлігінің маңыздылығын айту арқылы бірінші орынға идеологиялық факторды шығарғанын байқаймыз. Бұл тек соғыс жағдайындағы бірлік дегенді білдірмейді, сонымен қатар мемлекеттің күнделікті өміріндегі, белгілі бір мақсатқа жетудегі ең басты қажеттілік дегенді білдіреді. Ел мен мемлекет басшысының ой тұтастығы, оның мемлекет өмірінде алатын маңызды орны жайында түркі қағандарының өсиеттерінен де көп нәрсені білуге болады. Күлтегін жырларында түркі билеушілері өз халқына, осыған орай келесі сөздерді өсиет ету арқылы ой мен мақсат бытыраңқылығынан сақтандырды: «Аштықта тоқтықты түсінбейсің, Бір тойсаң аштықты түсінбейсің. Соның үшін алдандың, Қағаныңның тілін алмадың» және «Соңындағы інілері қаған болған, Ұлдары да қаған болды. Соңындағы інісі ағасындай болмады, Ұлдары әкесіндей болмады».
VІІІ ғасырда идеологиялық және демографиялық фактор Орталық Азиядағы Көк түркітердің саяси өміріне ықпал жасап отырды. Көк түркітерінің билеушісі Білге қаған өзінің ордасын дуалмен қоршап, Будда мен Лаоцзыға ғибадатхана тұрғызып, отырықшылыққа көшу ниетін Қытайда өсіп, білім алған кеңесшісі Тоныкөкке білдірген еді. Тоныкөк: «Түркі елі Қытай халқының жүзден бір бөлігіне де теңеспейді: біздің оларға қарсы төтеп беруіміздің негізі аң аулап, мал бағуымызда. Көшпелі өмір сүріп, үнемі соғыс өнеріне жаттығуымызда. Күшті кезімізде соғысып, әлсіз шағымызда көшіп-қонып жүреміз. Сонымен қатар Будда мен Лаоцзының оқулары адамды жауынгер етпей, сезімшіл, бос қылады», деп ақыл айтқан. Осы үзіндіден біз түркілердің идеологиялық және демографиялық факторы жағдайларының қала тұрғызуға және өмір құндылықтарын өзгертуге мүмкіндік бермегенін байқаймыз. Шынында да, егер түркітер қала тұрғызып, отырықшы өмірге көшіп, Будда мен Лаоцзыға табынғанда олар миллиондаған қытайлықтардың арасында жоғалып кетер еді. Бұл ретте түркітердің тарихи мұрагерлерінің бірі Қазақстан жағдайы ерекше болды.
Ғылым мен техниканың дамуына орай ел мен жерді қорғаудың әдіс-тәсілдері, негізгі жолдары өзгерді. Қазақстан тәуелсіздік жариялады. Ел астанасының солтүстікке көшіріліп, жаңа қаланың салынуында үлкен геосаяси мақсат жатты. Ол мақсаттың мәні бұрын геосаяси кеңістікте орын алған өзгерістердің барысын тоқтатып, Қазақстан мемлекеттігін нығайту, Қазақстан халқының оңтүстік пен солтүстіктегі демография арасалмағын реттеуді қамтамасыз ету еді. Астананы елдің солтүстігіне көшіру тек қазақ мемлекетінің тұғырын тереңдетіп қоймай, сонымен қатар түркі-мұсылман әлемінің өмір кеңістігін кеңейтуге бағытталған маңызды шаралардың бірі болды.
Тарихи тұрғыдан алғанда түркі халықтарының, олардың ішінде қазақ халқының туған бесігі мен әуелгі ордасы – Алтай өңірі. Алтай өңірінің экономикалық, мәдени-әлеуметтік, геостратегиялық әлеуетін арттырудың маңызы зор екені анық. Бұл ретте Түркі мемлекеттері ұйымының тұрақты бас ордасы (headquarter) мен астанасын еліміздің шекаралас аймағында – Алтай өңірінде орнатып, тұрғызуды түркі-мұсылман елдеріне ұсыну стратегиялық маңызы бар іргелі істерге ұласады деп болжауға болады.
Соғыс өнері туралы ежелгі трактаттар идеологиялық фактордан басқа географиялық, экономикалық және саясат жүргізу мәселелерін қамтыды.
Мемлекет құрылымы мен геосаясатта маңызды орын алатын экономикалық факторға байланысты Сунь-цзы: «Егер сенде мың жеңіл және мың ауыр арба, жүз мың әскер болса және егер азықты мың шақырымға апару қажет болса, онда ішкі және сыртқы шығын күніне мың алтынды құрайды. Соғыс кезінде мемлекет азықты алысқа таситындықтан кедейленеді. Азықты алысқа тасу қажет болғанда халық кедейленеді. Әскерге жақын орналасқандар қымбат сатады, ал олар қымбатқа сатқан соң, халықтың қаржысы азаяды, қаржысы азайғанда міндеткерліктерді (заңға бағындыру/бағыну) атқару қиын», – деп, экономикалық фактор мен мемлекетті басқару арасындағы тікелей байланысты көрсетеді. Ол соғысты пайда табу үшін күрес деп қарастырады: «Пайда табу дегеніміз – жеңіс», деп «Жақсының жақсысы – жүз рет соғысып, жүз рет жеңу емес, жақсының жақсысы – бөтен әскерді соғыспай-ақ жеңу. Сондықтан ең жақсы соғыс – алдымен жаудың ой айласын талқандау, содан кейін оның одақтастарын, кейін әскерлерін талқандау», деп жалғастырады. Ежелгілердің осы сөздерінен біз олардың өз қарсыластарының ой айласын, санасын (идеологиясын) жою, экономикалық бақылау орнату арқылы соғыспай-ақ көздеген мақсатқа жетуге болатынын білгендерін аңғарамыз.
Осыған орай мемлекеттің байлығын, экономикалық қуатын арттыру үшін Сунь-цзы: соғысты жүргізу тәртібі бойынша ең жақсысы – жаудың мемлекетін талқандамай сақтап қалу керектігін жазады. Сондықтан Сунь-цзы: «Соғыс – жауды алдау жолы», деп пайымдайды.
Экономикалық фактордың мемлекет өмірінде алатын шешуші орны жайында ғұндар мен көне түркітердің тарихынан анық көруге болады. Түркі басшылары өздерінің өсиеттерінде бұл жағдайларға көп көңіл бөлді. Орхон ескерткіштерінің мәтініндегі: «Алтынды, күмісті, дақылды, жібекті соншама шексіз беріп жатқан табғаш халқының сөзі тәтті, бұйымы асыл еді. (Олар) тәтті сөз, асыл қазынасын беріп, жырақтағы халықты өзіне сонша жақындатар еді… Тәтті сөз, асыл дүниесіне алданып Түркі халқы, қырылдың, жойылдың», деген сөздер осыны куәландырады.
Б.з.б. 160 жылы ғұндардың тәңірқұты Лаошан-Гиюй Қытаймен жақындасып, олардан көп жібек пен т.б. заттарды алып отырған болатын. Осыған байланысты оның кеңесшісі Үкі (Юе): «Ғұндардың саны Қытайдың бір аймағында тұратын халықтың санымен теңесе алмайды, бірақ олардың қуаты киім мен тамағының ерекшелігінде және олардың осы заттар бойынша Қытайға тәуелді, кіріптар еместігінде. Ал қазір, Тәңірқұт, сен дәстүрді өзгертіп жатырсың және қытайдың заттарына қызығасың. Егер Қытай, өз заттарының оннан бір бөлігін ғана қолданатын болса, онда соңғы ғұнға дейін Хань әулетінің жағына өтер еді» деп экономикалық тәуелділіктің саяси тәуелділік қаупін, мемлекеттік опат қаупін тудыратынын ескертіп: «Қытайдан жібек және қағаз маталарды алған соң, шеңгелдің арасымен жүгіріп, олардан жасалған киімдердің жүн мен былғарыдан жасалған киімге жетпейтінін көрсетіңдер. Қытайдан азық алғанда оларды жемеңдер, оның орнына ірімшік пен сүтті қалайтындарыңды көрсетіңдер» дей отырып, қазіргі тілмен айтқанда протекционистік шараларды қолдануға шақырды.
Ежелгі және Орта ғасырлардағы мемлекеттердің тарихынан экономикалық стратегия мен географиялық фактор арасындағы байланыстарды ажыратуға болады.
Кеңістікті, мемлекетті басқаруда маңызды орын алатын фактор – саясат немесе саяси лидердің қызметі туралы да ежелгі және орта замандағы тарихи деректерде мол мағлұматтар сақталған. Саясат жүргізу, саяси лидердің қызметі мемлекет құрылымындағы функцияларды реттеуде, функциялардың ішкі және өзара тұрақтылығын орнатуда үлкен рөл атқарады. Саясат жаудың ой-айласын болжап білуге, оларға тосқауыл қоя алуға мүмкіндік береді әрі үлкен шеберлікті талап етеді.
Саяси шеберліктің бір көрінісіне келесі оқиғаны жатқызуға болады. Б.з.б. 200 жылы Мөде бастаған ғұндар күшейіп, қытай императоры Гау-ди олардан жеңіле берген соң, кеңесшілерінен ғұндарды қалай жоюдың амалын сұрайды. Сонда Гау-диге кеңесшісі: «Ел іші енді ғана орнықты. Осындай жағдайда ғұндарды қарулы күшпен бағындыру тым қиын… Алдияр, менің ақылымды алып, патшайымнан туған үлкен ханшаны мол жасаумен Бүдүнге әйелдікке ұзатыңыз. Бүдүн тірі жүрсе, күйеу балаңыз ретінде өзіңізді сыйлар еді, өлсе, орнына жиеніңіз тәңірқұт (шаньюй) болып тағайындалар еді. Жиеннің нағашы атасымен үзеңгі қағысқаны қайда бар? Сөйтіп, ғұндарды соғыссыз бағындыра алар едіңіз…», деп ақыл берді. Ежелгі Қытай мемлекетіндегі тұрақсыздық қарсыластарын күшпен жеңуге мүмкіндік бермеген соң, саяси айла, әдістер іске қосыла бастады.
Орта ғасырлардағы орыс князьдерінің бірі Александр Невский Алтын Орда билеушілерімен туысқандық қатынас орнату арқылы орыстарға қауіп төндірген шведтер мен немістерді ойсырата жеңіп отырды. Ал жаңа кезеңдегі Герман империясының канцлері Отто фон Бисмарк өзінің естеліктерінде жоғарыда келтірілген жол бойынша Англияның Пруссия, ал кейінірек Герман саясатына тигізіп келген ықпалын былайша сипаттады: «Соғыс қимылдарын жүргізудегі қандай да бір өзгерістер лебі әдетте корольдан емес, бас штабтан немесе жоғарғы қолбасшы кронпринцтен шығатын. Бұл топтардың, адами тұрғыдан алғанда олардың дос кейпіне бөленгенде, ағылшын ықпалына түскендігі түсінікті: кронпринцесса, Мольткенің марқұм әйелі, бас штаб бастығының әйелі және бас штабтағы одан кейінгі ең беделді офицер фон Готбергтің әйелі – барлығы ағылшындар еді». Саясаттағы осы тәсілдің талай империялардың күйреп, пайда болуына түрткі болғаны белгілі.
Цинь дәуіріне дейінгі тарихи-әдеби шығармаға жататын «Го юй» (Патшалықтар сөзі) жазбаларында қыз ұзату және келін түсіру мәселесіне үлкен саяси мән берілгенін аңғаруға болады. Чжоу патшалығының сөздерінде: «Неке қию – опатқа немесе бақытқа әкелетін баспалдақтар. Олар арқылы көтерілген кезде пайда үйге әкелінсе бақытқа қол жетеді, егер пайданы басқалар көрсе, ол опатқа әкеледі», делінген.
Конфуций бойынша саясат өнерінің негізгі жағдайы мынада: «Көрші елдермен достықты істердегі адалдыққа негіздеп, қолдау керек, алыс елдермен адалдықты сөзбен білдіру қажет», болды.
Мемлекетті басқарудың (геостратегияның) алғашқы теориясы мен практикасы ежелгі Қытайда «цзун хэн» (б.з.б. ІV-ІІІ ғ.) мектебінің ықпалымен қалыптасты деп атап өткен орынды. Осы мектептің аты геосаяси одақтың екі түріне орай шыққан деп жорамалдауға болады: «цзун» – тік одақ, демек оңтүстік пен солтүстік арасында орналасқан хандықтардың одағы; «хэн» – көлбеу (көлденең), демек шығыс пен батыс арасында орналасқан хандықтардың одағы. Бұл мектептің мақсаты билеушілерге сыртқы саясат бойынша кеңесшілерді, сарапшыларды дайындауға бағытталды. Осы мектептің түлектерін алғашқы геосаясатшылар деп айтсақ, қателеспейміз.
«Цзун хэн» мектебінің нұсқаулары «тік» және «көлбеу» одақтарды жасаудың теориялық негізін салды, ал философ Хань Фэйцзы (б.з.б. 223ж. қайтыс болған) бұл одақтарға сипаттама берді: «Цзун» одағы көптеген кішігірім хандықтарды біріктіріп, үлкен бір хандыққа соққы беруге бағытталады, ал «хэн» одағы үлкен, күшті бір хандыққа қызмет жасап, көптеген әлсіз хандықтарға соққы беруге бағытталады», деген. Қазіргі кездегі әлемдік саяси-экономикалық кеңістікте осындай одақтардың жоқ еместігін теріске шығара алмаймыз.
Саясат тиісті геосаяси талдау жасалынып, шешім қабылданған соң, белгілі бір геостратегияны жүзеге асыруға бағытталады. Сондықтан саясат немесе оның «ерекше» көрінісі – соғыс өнері – геостратегияның, сонымен қатар геосаясаттың құрамдас бөлігіне, олардың құралына жатады.
Қазақстан – күллі түркі халықтарының қасиетті қара шаңырағы. Қазақтың сайын даласынан әлемнің әр түкпіріне тараған түркі тектес тайпалар мен халықтар басқа елдер мен өңірлердің тарихи үрдістеріне елеулі үлес қосты.
Мемлекеттілік өлшемі – «кеңістік» пен «уақыт» – тұрғысынан алғанда қазіргі түркі мемлекеттері мен мемлекет ішіндегі құрылымдардың ахуалын, бытыраңқылығын ХVІ-ХVІІ ғасырлардағы Герман мемлекеттерінің жағдайымен ұқсатуға болады. Көрсетілген кезеңде Герман мемлекеттерінің саны көп болатын. Германдықтардың өздері «аспанда қанша жұлдыз болса, жерде сонша герман мемлекеттері бар» дейтін. Сонымен қатар герман халықтарының сөйлеген тілдері де бір-біріне анық түсінікті болған жоқ. Бремен немістерінің тілін Баденнің немісі түсіне бермейтін. Вестфалиядағы немістердің тілін Саксонияның немістері түсінбейтін. Германияның саяси бытыраңқылығы тіл бытыраңқылығымен ушыға түскен болатын. Осындай жағдай герман мемлекеттеріндегі білімді, көзі ашық адамдардың, ғалымдардың көкейін теспей қоймады. Сол уақытта Герман мемлекеттерінде қырыққа жуық университеттер қызмет жасайтын. Мысалы, сол кездерде Франция, Голландия мен Англияда бір-екі университет қана болатын. Герман университеттерінің ғалымдары герман халықтарын біріктіру мақсатымен жиналып, сол уақытта ортақ әдеби неміс тілін қалыптастырды. Бастапқы кезде әдеби неміс тілі қалалардағы университеттерде оқытылды. Қала тұрғындары бірте-бірте әдеби неміс тілінде сөйлей бастады. Феодалдық қатынастар ыдырап, қалалардың күшеюіне байланысты ғалымдар құрастырған әдеби неміс тілі ортақ герман халқының тіліне айналды. Осылайша, ХVІ-ХVІІ ғасырда герман ғалымдары, ХІХ ғасырдың аяғында О. фон Бисмарктың басқаруымен Герман мемлекеттерінің түпкілікті бірігуіне қолайлы ахуал қалыптастырды.
Қазіргі таңда түркі мемлекеттерінің ортақ алфавит пен ортақ тіл құрастыруға бағытталған әрекеттері түркі халықтарының сана сезімінің жаңа деңгейге көтерілгенін, мемлекеттілік дәстүрінің тереңде жатқанын дәлелдейді.
Міне, осылайша, мемлекеттілік дәстүрінің маңызды көрсеткіші саналатын түркі халықтарының кең кеңістіктерді бақылау тарихы мен «идеологиялық» тарихы өзектілігін жоғалтпай, қазіргі уақыттағы халықаралық саяси өмірде де көріністерін тауып жатыр. Жоғарыда келтірілген Қазақ даласының тарихындағы фактілер мемлекеттілік тамырының тереңнен нәр алып отырғанын дәлелдейді. Қазақ ұлтын және көптеген басқа түркі халықтарының діңін құраған ежелгі ру-тайпалар бірлестігінің тарихы – Еуразия кеңістігіндегі мемлекеттер мен мемлекеттілік дәстүрінің қайнар көзі.
Жанғали ДӘДЕБАЕВ,
саяси ғылымдар кандидаты