Аймақтар • 13 Шілде, 2023

Ауылды түлету – ортақ игілік

173 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Павлодар облысында ауыл тұрғындарының жайлы өмір сүруі үшін маңызды жобалар қолға алынып жатыр. Алдағы үш жылда ауылдарға кіреберіс жолдардың барлығы толықтай жөнделіп, биыл елді мекендердің ауыз сумен қамтылуы 98 пайызға дейін жетеді деп күтіліп отыр. Бұған қоса бірнеше мекенде жаңа мектептер бой көтереді.

Ауылды түлету – ортақ игілік

Экология мәселесі етектен тартып тұр

Бүгінгі таңда Павлодар об­лы­сының әлеуметтік-экономи­ка­лық даму жоспары ұлттық және өңірлік стратегияларға, Мемле­кет басшысының Жолдауларына сәйкес жүзеге асырылып жатыр. Жыл басынан өңір экономикасына 235 миллиард теңге инвестиция тартылған, бұл өт­кен жыл­мен са­лыстырғанда 30 па­йызға көп. ­­Ең ма­ңыздысы, бұл салымдардың ­­84 пайызы – же­ке инвесторлар­­­дың қаражаты. Аумақта жалпы со­ма­сы 2 триллион теңгеден аса­тын ауқым­ды 113 инвестициялық жо­­ба­ны жүзеге асыру көзделген. Нә­ти­жесінде, ­7 мыңнан астам жаңа жұ­мыс орнын ашу жоспарланып отыр.

Орталық коммуникациялар қызметінде облыс басшысы Аса­йын Байханов Ертіс-Баян өңірі­нің әлеуметтік-экономикалық да­му барысы жайында баспасөз жиынын өткізіп, ақпарат құралдары өкілдерінің сауалдарына жауап берді. Әкім ерекше атап өткендей, аймақтың барлық әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері оң динамикаға ие. Десе де аумақтың экологиясына қатысты проблемалы жайттар да аз емес.

– Бүгінде Павлодар облысы электр энергиясы мен көмір өн­діру, химия өнеркәсібі, мұнай өңдеу және машина жасау кө­ле­мін сенімді түрде арттыру­да. Өкінішке қарай, біздің айма­ғы­мыз қоршаған ортаны ластайтын заттардың атмосфераға шыға­рылуы бойынша елдегі көшбас­шы өңірдің бірі екені мәлім. Олар­дың жалпы көлемі 2022 жылы 727 мың тоннаға жуық болды. Бұл бізден, яғни жергілікті биліктен қоршаған ортаға жүктемені азайту және кәсіпорындардың ке­шен­ді экологиялық рұқсаттарына бір­тіндеп көшу бойынша белсенді жұмысты талап ететіні анық.

Осы жылдың алғашқы тоқ­санында облыс бойынша эмиссиялар көлемі өткен жылдың сәй­­­кес кезеңімен салыстырған­да ша­мамен 1 пайызға немесе 1,8 мың тоннаға қысқарды. Эколо­гия мәселелері өңірдің денсаулық сақтау жүйесін күшейтуге мәж­бүр етуде. Онкология сырқаты бойынша республикада үшінші орынға шығып отырмыз. Жаңа медициналық жабдықтарды қол­данып, ерте диагностиканы ке­ңейту есебінен онкологиялық нау­­қастардың 5 жылдық өмір сү­ру көрсеткіші 51-ден 57 пайызға дейін ұлғайды. Сондай-ақ биыл 16 денсаулық сақтау нысанын жөндеу мен жаңартуға 2 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Келер жылдың басында облыс ор­талығындағы №1 қалалық ауруха­­­наны ауқымды жөндеу жұ­мыс­тарын аяқтауды жоспарлап отыр­мыз. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында 2 жыл ішінде 15 мың ауыл тұрғыны үшін жаңадан 30 жаңа медициналық мекеме салу жос­парда бар. Ауылдар үшін жаңадан 37 жедел жәрдем көлігі сатып алы­нып, шалғай елді мекендердің қажеттілігін толық қамтимыз деп ұйғарып отырмыз. Бұған қоса «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жаңадан 5 мектеп тұрғызылып, алдағы төрт жылда 176 орта білім беру мекемесі жөндеуден өтеді, деді әкім.

 

Ауыз су тарифіне миллиондар бөлінеді

Көлік инфрақұрылымын жа­ңартуға, ауылдардағы жолдарға асфальтті жабын төсеуге аумақта зор көңіл бөлініп отырғаны бай­қалады. Мәселен, биыл көлік жол­­дарын ретке келтіруге байланысты 136 жоба қолға алынып, облыстық және аудандық ма­ңыз­ға ие 656 шақырым жол мен елді мекендердегі көше жолдары жөнделіп жатыр. Бұл бағытқа аймақ үшін рекордтық сома – 27 млрд теңге бөлінген. Бір ғана мысал, Баянауылдағы Ұзынбұлақ, Аймауытов, Жұмат Шанин ауылдарына апаратын көлік жолдарына бұрын болмаған асфальтті жабын төселуде. Аталған жобалар шалғай ауылдарда халық­тың тұрақтап қалуына мүмкіндік сыйлайды. Бұған қоса ауылдар­ға кіреберіс жолдардың барлығы алдағы үш жыл ішінде толық­тай жаңарады деп жоспарланған.

Көлік жолдарын дамыту мен тасымал дәліздерін кеңей­ту мақ­сатында былтыр ел Президенті берген тапсырма аясында, облыс орталығында Ертіс өзені үстінен жаңа автомобиль көпірінің құ­ры­лысы басталады. Аймақта қоғам­дық көлікті дамытуға басымдық беріліп, трамвай маршруттары да кеңейеді деп күтілуде. Ол үшін жаңадан 70 вагон сатып алына­ды. Үш қалада қоғамдық көлікте пайдаланылатын заманға сай жаңа 135 автобус жеткізілді. Облыс ор­талығында қоғамдық көлік та­сы­малы қазір қалыпқа келгендей. Енді жергілікті билік автобус бағыттарының жүру жиілігін барынша тиімді етуге тырысып жатқаны байқалады.

«Өңірде ауыз сумен қамту жобалары да қарқынды жүзеге асып жатқанын атап өткен абзал. Жыл соңында орталықтандырылған ауыз суға ауыл халқының 97,8 па­йызы, қалалы жерлердің 97 пайызы қол жеткізеді. Көптеген елді мекендердің су құ­быры жа­ңартылып жатыр. Ауыл­дары­мыз үлкен-кішілігіне байланысты тарифтер әртүрлі. 224 елді мекен орталықтандырылған  ауыз суға қосылған. Ең қымбат тариф – 264 теңге болса, ең арзаны – 100 теңге.  Ауыз суды арзандату әрі салын­ған су құбырлары мен су мұнара­ла­рын күтіп ұстап мақсатында әр қала мен ауданда аумақтық  ауыз су мекемелері құрылды. Қол­даныстағы тариф жергілікті жер­дегі  ауыз су ұйымының шы­ғынын жабуға жеткіліксіз. Сон­дықтан көп ауылдар бюджеттен қаржыландырылады. Мысалы, Ертіс ауданындағы топтық су құ­бырына қазынадан 390 млн тең­ге бөлініп отыр. Нәтижесінде, ауыл тұрғындары тіршілік нәрінің бір текше метрін 264 теңгеден сатып алып отыр. Субсидия болмаса, ондағы нақты тариф 580 теңгені құрайтын еді. Ендігі арада мұндай субсидия Май ауданына да төлене бастауы мүмкін», дейді Асайын Қуандықұлы.

Жалпы, су мәселесін сөз еткенде, аймақтағы Қ.Сәтбаев атын­­дағы су арнасының бүгінгі мүш­кіл жағдайын айтпай кетпеуге болмас. «Қазсушар» РМК құрамына енгелі мекеме қыз­меткерлерінің кадрлық және әлеу­­меттік әлеуеті төмендеп қа­на қой­май, стратегиялық нысан­ның технологиясын жаңартуда елеу­лі кемшілік пайда бол­ған. Мә­жіліс депутаттары бұған де­­йін мекемеге дербес заңды тұл­ға мәр­­тебесін қайтарып бе­руді сұ­ра­ған еді. Қаржылық дер­бестігінен айрылған арнаның бү­гінгі ахуалы өте нашар. Жыл сайын, шамамен 2 млрд теңгеден астам табысын тартып алып, өзге өңірлерге құяды. Республикалық мекеме Түркістан, Жамбыл, Ақ­төбе об­лыстарындағы суару жүйе­лерін жөн­деуге халықаралық қар­жы ұйым­дарынан ұзақ жылға 316 млн АҚШ доллары көлемінде (145,4 млрд теңге) несие алып, оны Сәтбаев су арнасының есебінен жауып отырғаны туралы бұған дейін газетте мәселе көтерген­біз. Жергілікті жерде алынған пайда сол саланы дамытуға жұмсалуы тиіс емес пе?

Облыс басшысы бұл мәселені жуықта Экология министрімен арнайы талқылайтынын, су ар­на­­сының тағдырына жергі­лікті жа­уапты органдар бейжай қал­майтынын жеткізді. Облыстағы үш қаланы, сонымен қатар Астана, Қараған­ды, Теміртау қалаларын тіршілік нә­рімен қамтамасыз етіп, үлкен өндірістерді жүргізіп тұрған арнаның дами алмай отырғаны үлкен кінәрат деп баға берді.

Ертіс-Баян өңірінде Ертіс өзе­нінің әлеуетін пайда­ла­нып, суармалы егістікке кө­шіп жат­қан шаруашылықтар жыл са­нап көбейіп келеді. Тек биыл суармалы жерлерлердің көлемі 9 мың гектарға ұлғаяды. Ал егіс алқаптарының аумағы көк­темде 1,6 млн гектарға дейін өсіп, ауыл­дар маңындағы жайылым тап­шылығы екі есеге дейін қысқарған. Елдегі орташа баға­мен салыс­тырар болсақ, облыста бі­рінші сортты ұн, нан, қарақұмық жармасы, күнбағыс майы, сиыр еті, сүт пен айран, ірімшік, картоп және сәбіз бағасы әлдеқайда арзан. Өңірлік тұрақтандыру қоры 14 мың тонна өнімді сақтап, 273 дүкен арқылы босатып отырғаны тұтынушыларға үлкен сеп болуда. Былтыр облыс орталығында ашылған фермерлік базардың үлігісі енді Ақсу мен Екібастұз қалаларында да бой көтереді деген жоспар бар.

 

Екібастұз тағы мұз құрсана ма?

Көмірлі шаһардың жылу жү­йесінде орын алған былтырғы төтенше жағдай аймақтағы ин­же­нерлік желілердің күйі тым на­шарлап кеткенін дәлелдеп бер­гені анық. Облыстағы жылу же­лілерінің 82 пайызы тозып тұр. Үш қалада жаңадан жы­лу желілерін салуға, қолда­ныс­та­ғыларын жаңарту мен ағым­да­ғы жөндеуге жалпы сомасы 22 млрд теңге қаражат бағыттал­ған. Қа­зір Екібастұздың көше­лері мен жылу орталығында ал­дағы қысқа дайындық қызу жүргізіліп жатыр. Жы­лу стан­са­сын­дағы 10 қазандық­тың екеуі толықтай жөнделген, өзгесі жы­­­лу маусымына дейін дайын бо­­лады деді әкім.

Екібастұздағы көпқабатты 690 үйдің 184-де басқару формалары жоқ екені анықталып, олардың коммуналдық желілерін қысқа тас-түйін дайындау мін­деті жергілікті үлкен кәсіпорындар­ға, атап айтқанда қос МАЭС-ке, көмір кеніштеріне және «Пав­лодарэнергоның» еншілес ұйым­дарына жүктеліпті. Өзгесін жер­гілікті тұрғын үй инспекциясы бақы­лауда ұстап, дайындықта­рын күн сайын пысықтап отыр. Қазірдің өзінде 500-ден астам үй жылу маусымына дайын екен­дігі туралы актіге қол жеткізген. Жылу орталығына иелік ететін «ОАЭК» АҚ биыл жылу станса­сы мен желілерді жамап-жасқауға 10 млрд теңге қаражат бөлетіні ту­ра­лы алдын ала келісілсе, оның жар­тысынан астамы бүгінде құ­йылған.

Екібастұздағы жы­лу-электр ор­талығын мемле­кет пен «ОАЭК» АҚ бірле­сіп жөн­дейді. Қазіргі күні энерге­тика­лық нысанның 50 пайызы қала­дағы тұрғын үй-коммуналдық ша­руашылық, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөліміне басыбүтін берілген. Оған 326,9 ша­қырым жылу желілері мен стан­садағы су жылытқыш 5 қа­зандық агрегаты еніп отыр.

 

Павлодар облысы

 

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024