Макинск құс фабрикасы – құс етін өндіру және қайта өңдеу саласындағы еліміздің ірі инвестициялық жобасы. Кәсіпорынның бірінші және екінші кезектегі инвестицияларының жалпы көлемі 48,5 млрд теңгеден асты. Макинск құс фабрикасының құрылысы 2015 жылы басталды. Жобаны іске асыру құны 74 млрд теңгені құрады, бұл оны саладағы ең ірі инвестициялық жобаға айналдырды.
2018 жылдың қыркүйегінде қуаттылығы жылына тірі салмақтағы құсты 34 000 тонна көлемінде өндіретін бірінші кезек пайдалануға берілді. Бірінші кезек аясында құрылыс инвестициясы 34 млрд теңгені құрады. Оған әрқайсысында 12 құс қорасы бар бройлер өсіретін 4 алаң, инкубаторий, құстарды қайта өңдеу зауыты, жем өндіру цехы, саңғырықты қордалау алаңы, әкімшілік ғимараттар кірді. Фабриканы пайдаланудың бірінші кезеңінде 882 адам жұмыспен қамтылды.
2020 жылы Макинск құс фабрикасында бройлер өсіру бойынша өндірістің екінші кезегі пайдалануға берілді. Жобаны жүзеге асыру құны 14,5 млрд теңге болды. 2020 жылы өндіріс көлемі 34 000 тонна тірі салмақтағы құс өнімін құрады. Екінші кезектің іске қосылуымен құс фабрикасы қуаты бойынша Қазақстандағы ең ірі фабрикаға айналды. 12 құс қорасынан тұратын төрт жаңа бройлер алаңы өндіріске қосылды. Инкубатор, жемшөп цехы, құс етін өңдеу зауыты және ет-сүйек бөлімі жаңа қуатта жұмыс істей бастады. Екінші кезекті іске қосудың нәтижесінде кәсіпорында жаңадан 570 жұмыс орны ашылды.
2021 жылы өндіріс көлемі 61 554 тонна ет өнімдерін құрады. Қазірде Макинск құс фабрикасының үшінші кезегін салу жөніндегі инвестициялық жобаны іске асыру жұмыстары қызу жүріп жатыр. МҚФ-тың үшінші кезегінің құрылысы 2021 жылы басталған. Жобаға салынған инвестиция сомасы 25 млрд теңгені құрайды. Алдағы уақытта құс фабрикасының қуаттылығы жылына 100 мың тоннаға дейін құс етін өндіруге мүмкіндік береді деп күтілуде.
Құс фабрикасының аумағы мен қуатын арттырудан бөлек, үшінші кезек жобасына жаңа құс қораларын салу, союдан қалған қалдықтарды қайта өңдеу жабдығының қуатын тәулігіне 133 мың бастан 140 мың басқа дейін ұлғайту, жем түйіршіктендіру желісінің өнімділігін сағатына 20 тоннадан 30 тоннаға дейін өсіру және өндірістің өзекті талаптарына жауап беретін дайын өнімді сақтауға арналған орындар көлемін арттыру кіреді.
МҚФ үшінші кезегінің құрылысы – құрамына аталған өндірістік кәсіпорын кіретін AITAS холдингінің стратегиялық жоспарының ажырамас бөлігі. Макинск құс фабрикасының үшінші кезегін іске қосу жобасы импортты алмастыру және аймақты дамыту, сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын ашу сияқты әлеуметтік нәтижеге қол жеткізуге бағытталған. Қазіргі уақытта мұнда 1 900-дан астам адам жұмыс істейді.
МҚФ-ның бүгінгі тыныс-тіршілігі, алдағы нақты жоспарлары туралы кәсіпорынға жасалған баспасөз туры барысында оның басшылығы, жауапты мамандары жан-жақты әңгімелеп берді.
«Макинск құс фабрикасы, оның жобасының үшінші кезегі құрылысының жүзеге асырылуы – Қазақстанның құс шаруашылығы саласына қосылған қомақты үлес, құс фабрикасының өзінде де, МҚФ айналасында дами бастаған басқа да шағын және орта бизнес кәсіпорындарында жаңа жұмыс орындарын құру. Біз өз қызметіміз аясында Бұланды ауданы мен Макинск қаласын дамытуға қатысып келе жатқан «Ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту қорымен» өте тығыз серіктестік қарым-қатынастамыз. AITAS – осы қордың бас демеушісі, ол ақшалай қаражатты өңіріміздің инфрақұрылымын, білім саласын, медицинасын дамытуға бағыттайды», деді «Макинск құс фабрикасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Ришат Раисов.
Бүгінгі таңда Макинск құс фабрикасында 17 өндірістік нысан, атап айтқанда, инкубатор, әрқайсысында 12 құс алаңы бар қолданыстағы 8 құс қорасы және пайдалануға берілу жоспарланып отырған 4 құс қорасы, құс өңдеу зауыты, құс саңғырығын, ет және сүйек қалдықтарын қордалау алаңы, жем өндіру цехы бар. Өндірістің биоқауіпсіздігі мен экологиялығы талаптарын сақтау мақсатында кәсіпорында инкубациялық өндіріс, құс өсіру, сою және ет-сүйек ұнын өндіру сатыларында жоғары технологиялық энергия үнемдейтін жабдықтар пайдаланылады. Барлық учаске, мекемелерде санитарлық талаптар қатаң сақталады.
Бұл жөнінде ЖШС-ның өндіріс жөніндегі директоры Сергей Серебренников: «Кәсіпорын ең озық үлгідегі еуропалық өндірушілердің жабдықтарын қолданады. Құрал-жабдықтар жағынан ең заманауи құс фабрикасы, бұл тұрғыда әлемдік көшбасшылардан еш кем түспейміз», дейді.
Осы арада кәсіпорын басшылығы мәлім еткен бір мәселе – фабриканың бүкіл құрылымдары әлемдік озық үлгілі техника, құрал-жабдықтармен жасақталуына орай оны игеру, басқару, қолдануға қатысты мамандарға зәрулік бар. Бұл жөнінде өндіріс цехының бастығы Евгений Овдиюк: «Алғашқы жылдары Еуропалық маман-кадрларға жүгінген едік. Өкінішке қарай, еліміздегі кәсіптік-техникалық арнайы білім беретін мекемелерде бізге қажет, қолданыстағы техника, жабдықтарымызды жақсы білетін мамандар даярлана бермейді. Сондықтан қазір біз тәлімгерлік тәжірибесін кең пайдаланудамыз. Іске ысылып қалған мамандарымыз жұмысқа жаңа келген жастарды қамқорлығына алып, тәжірибесімен бөліседі. Бір сөзбен, өз мамандарымызды өзіміз даярлаудамыз», дейді.
Құс фабрикасының аумағында орналасқан барлық ғимараттың жалпы ауданы 300 мың шаршы метрден асады. Жоба Еуропалық қайта құру және даму банкінің, Baiterek Venture Fund венчурлық қорының және Қазақстанның Даму Банкінің кредиттік желісінің қолдауымен, AITAS холдингінің дамудың ұзақмерзімді стратегиясы шеңберінде іске асырылуда.
Үшінші кезектің құрылысы бойынша жоспарларды іске асыру 2023 жылы кәсіпорынның қуатын жылына 100 мың тонна құс етіне дейін арттырады, бұл өсімдік шаруашылығын дамытуды және қанаттас салаларда жұмыс орындарын құруды ынталандырады. Кеңейту жобасы аясында 40 млрд теңгеден астам инвестиция тартылмақшы.
Макинск құс фабрикасы «Aitas» холдингінің құрамына кіреді. Холдинг стратегиясына сәйкес 2030 жылға дейін 350 млрд теңгеге жуық инвестициямен жылына 350 мың тоннаға дейін ет өнімдерін өндіру көлемін арттыру көзделіп отыр.
Айта кетелік, AITAS – Қазақстандағы ең ірі агроөндіріс холдингі, оның құрамына «Кус&Вкус» брендімен өнім шығаратын Өскемен және Орталық Азиядағы ең ірі Макинск құс фабрикалары, Алматы асыл тұқымды құс репродукторы, «AMP» брендімен шығатын ет, деликатес, шұжық өнімдері, Aitas Foundation корпоративтік қоры сияқты 15-тен астам кәсіпорын кіреді. Холдингте жемшөп және жемшөп компоненттерімен қамтамасыз ету мақсатында Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы 35 мың гектардан астам аумақты алып жатқан бірнеше шаруашылық кіретін Aitas Agro бизнес-бағыты бар.
Aitas Foundation жобалар портфеліне Ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту қоры, Білім беруді тұрақты дамыту қоры және Өңірлік зерттеулер орталығы кіреді. Қор мамандары қазақстандық ауылдардағы білім беруді, денсаулық сақтауды, туризмді, абаттандыруды және өңірлік дамуды тұрақты дамыту мәселелері мен мүмкіндіктерін зерделейді. Бұл жөнінде кәсіпорынның аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына лепті үлес қосып келе жатқанын ерекше атап өткен жөн.
Осы жылдар ішінде компания құс етін өндіру, өңдеу және тарату саласындағы жетекші холдингке және Қазақстанның аграрлық секторындағы көшбасшылардың біріне айналды. Холдингтің Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі менеджменті жүйесі ИСО 22000 халықаралық стандартының талаптарына сәйкес сертификатталған. Компанияның «Халал» сертификаты, сондай-ақ «ЭКО» белгісі бар. AITAS холдингі бүкіл ел бойынша ауылдық және қалалық аумақтарды дамыту арқылы Қазақстан халқына қызмет етуді өзінің басты борышы санайды. Ұйымда сенім мен сертті, жауапкершілік пен еркіндікті, қызығушылық пен батылдықты қамтитын құндылықтар арқылы басшылыққа негізделген бизнесті басқару жүйесіне ерекше назар аударылып келеді.
Кәсіпорынның бас ғимаратын, негізгі өндіріс орындарының бірі – мұздату және маринадтау учаскесін аралап көргенде анық байқағанымыз, мұнда тазалық, ұқыптылық, жинақылыққа ерекше мән берілетіні бірден көзге ұрады. Бейсауат жүрген бір адам, көлденең жатқан бір құрал-жабдық көрінбейді. Бәрі өз орнында, барлық қызметші, маман қауырт жұмыс үстінде, қалт етуге мұршалары жоқ. Және бір сұрап білгеніміз – мұнда еңбек ететін маман-жұмысшылардың еңбекақысы салыстырмалы түрде аса жоғары, оның көлемін азық-түлік өнімдері, халық тұтынатын тауарлардың қымбаттауына байланысты өсіріп отыру да – кәсіпорын басшылығының жіті назарында.
«Жалпы, бізде еңбекшілерді әлеуметтік-тұрмыстық тұрғыда қорғау, қолдауға ерекше мән беріледі. Әрісі Щучинск, Макинск қалаларынан, берісі фабрика маңындағы ауылдардан қатынап істейтін жұмысшыларды тегін тасымалдау, түскі тамақтандырудан бастап, еңбек демалысын дұрыс ұйымдастыруға, денсаулығын күтуіне, нығайтуына, тіпті балаларының қалауы бойынша білім алуына жағдай жасауға дейін тыңғылықты қарастырылған. Сондықтан да мұнда келген маман, жұмысшылар көп нәрсеге алаңдамай, тұрақты, нәтижелі жұмыс істеуге тырысады», дейді мұздату және маринадтау учаскесінің маманы Ринат Отыншин.
Ашылғанына бес жыл ғана болған, осы уақыт ішінде тауық етін өндіру көлемі бойынша Орталық Азиядағы көшбасшы кәсіпорынға айналған Макинск құс фабрикасының бүгінгі қайнаған тыныс-тіршілігі от шапшып жатқан отпан шоқыны елестетеді. Қай қызметшінің болсын ісінде еңбекке деген ерен құлшыныс бар, қай маманның болсын жүзінде кәсіпорын болашағына деген берік сенім бар. Жақын мерзімде өндірістің үшінші кезегін қосуға тас түйін дайын отырған үлкен ұжымның байыпты қадамдары аймақтағы, елдегі азық-түлік қауіпсіздігіне, молшылығына нақты кепіл бола алады.