Қылқалам шебері құс қанаты талатын байтақ даламызда бой тынықтырғанда ойы құстай самғай, қиялы шексіз кеңістікпен астасып кетеді екен. Тұмса табиғаттың тамашасын картинасына түсіргенше мазасы қашып, байыз таппай, беймәлім күй кешеді. Жыбырлаған қоңыздан қасиет іздеген қазақ баласы топырақтың түйіршіктеріне дейін тіл бітіріп, ауыл өмірін осылай әлдилейді. Оған суреткердің Аспантау бөктеріндегі Шалкөде жайлауына сапары дәлел, нақтырақ айтсақ – осы картина. Мұны бізге журналист Болат Мәжит баяндап берді. Ол композитор Бейбіт Дәлденбай ағамыздың жеке архивіне үңіліп, Әбілхан Қастеевтің Шалкөде жайлауына қашан барғаны, ондағы сұлу табиғатты қалай кескіндегенін жеткізді.
«Әкем Әбіл Дәлденбай атақты қылқалам шебері Әбілхан Қастеевпен дос-жаран болып, жақын араласты. Мен бастауыш сыныпта оқып жүргенде суретшінің Нарынқолға келгені, біздің үйде тұрып ұзақ уақыт жұмыс істегені әлі есімде. Қазір ол жайында ойласам, сол күндері Әбілхан Қастеев жай ғана қонақ болмапты. Алдына үлкен шығармашылық мақсат қойған екен. Хас талантты жасыл кілем жамылған жайлау ерекше қызықтырған. Сұлулыққа деген іңкәр сезімдерін қылқалам арқылы паш етті. Қазір суретшінің сол туындыларына қараған сайын әкем Әбіл мен Әбілханның қуана қауышқан сәттері, туған бауырлардай иықтасып бір-бірін құрметтегені көз алдыма келеді», дейді композитордың өзі.
Қастеевтің қасиеті сол, табаны тиген топыраққа тіл бітіріп, табиғатты картинаға көшіргенше ой үстіне жүреді. Кісіге артық әңгіме айтпайды, томаға-тұйық қалпы, жатғаламшарлықтай әлемге таңданыспен қарап, талғам түзеді. Мәселен, Шалкөде жайлауын аралап, оны майлы бояумен кенепке қалай кескіндегені де аңызға жүк болар әңгіме. Оны досы Әбіл Дәлденбай суреткер туралы естелігінде былайша тарқатады.
«Суретші уәдесінде тұрды. 50-жылдың соңына қарай Нарынқолға келді. Бұл күн біздің әулетіміз үшін кішігірім мерекеге айналды десем артық болмайтын шығар. Әсіресе Қастеевті көргеніне Күлия әпкем ерекше қуанды. Қадірлі қонаққа туған жердің қойнауларын түгел көрсетуге тырыстық. Алдымен Нарынқолдың батысындағы Байынқол аңғарына бардық.
Тастан-тасқа секірген тау өзенінің дауысы жартастарды жаңғыртады. Өзеннің биік сағасында алтын кені бар. Әбілхан оның тыныс-тіршілігімен танысты. Жанға жайлы Шоған сайына әкелдік. Мен Шоған абыздың ұрпағымын. Бабаларымыздың қандай өңірді мекендегенін көріп суретші таң-тамаша болды.
Қарындаш пен қылқаламда тыным жоқ. Әсерін қойын дәптеріне түртіп алатын ақындар секілді жазып жатады. Қарындашпен сызылған неше алуан нұсқалары дайындалады. Ақ қағазға сыймағанын ойға тоқып, жадына сақтайды. Бүлдіргеннің нәзік сабақтарына дейін ұмытпайды. Адамдардың көңіл күйін бояулармен көрсетеді.
Бірнеше күннен кейін өзімнің үш аяқты мотоцикліммен Шалкөдеге жол тарттық. Біраз ел жаңалықтан құлақтанып үлгеріпті. Басшылар мен қосшылардың тосып тұрғанын көрдік. Жайлаудың аумағы кең. Қақ төрінде қасқайып Айғайтас тұр. Суретшіге «Шоқан асқан» асуы туралы да айтып бердік. Қой бағып жүрген қарапайым еңбеккерлердің арасында ел мен жердің шежіресіне қанық небір сұңғыла адамдар бар. Олармен сұхбаттасқанда Әбілхан мүлдем арқаланып кетті.
Алғашқы сәттен бастап-ақ шығармашылық жұмысына белсене кірісті. Бір істі дұрыстап тиянақтамай жаны жай таппайды екен. Үнемі ой үстінде жүреді. Айналамен үнсіз тілдеседі. Өмірдің біз ұқпаған құпияларына үңіледі. Осы оқиғалар барысында көркем шығармалардың дүниеге оңай келмейтінін білдік. Ақ қағазға да, кенепке де суреттер салынып жатты», дейді досын сағына еске алып.
Дүниенің бояуы өзгергенімен, Қастеевтің картинасы өз биігінен түскен жоқ. Байырғы қазақтың тазалығын, жан мейірімін, тату тұрмысын, сұлу салтын шығармашылығының өзегіне айналдырған даңқты суретшінің жасампаз мұрасы дәуірмен бірге көшері хақ. Оған қазақ зәру, біз ескіні емес, естіні сағынғанда соған үңілеміз, рухымызды оятамыз. Қастеевтің бояуы қазақ тұрғанша тұғырдан түспесі анық.