Қоғам • 13 Шілде, 2023

Әлем чемпионына құрмет

270 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жақында Италияда өткен байдарка мен каноэ есуден жастар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы Мария Бровкова елге оралды. Әлем чемпионын облыс әкімі қабылдап, құрмет көрсетті.

Әлем чемпионына құрмет

Жеңісімен әлемді мойын­датқан спорт­шыны әуелі әуе­жайдан Батыс Қазақстан облыс­тық спорт және туризм бас­қар­масының басшылығы бас­таған жанкүйерлер тобы құшақ гүл­мен қарсы алды. Басқарма басшы­сының міндетін атқарушы Жеңіс Нығметуллин жеңімпазды құт­тықтап, Батыс Қазақстан облы­сының ғана емес, бүкіл Қазақ­станның мақтанышына айнал­ғанын жеткізді. «2024 жылғы Париж олимпиа­дасына жолдама алады деп сенеміз», деді Ж.Нығметуллин.

Айта кетейік, оралдық 18 жас­тағы спортшы Италияда өткен дүниежүзілік додада бір алтын, бір күміс және бір қола еншіледі.

– Осы жарыста Мажарстаннан келген Агнеса Кисспен сайысу ерекше қиын болды. Өте мықты қарсылас. Осы жолы жеңілсем де, болашақта әлі талай кездесеріме, жеңіске жетеріме сенемін, дейді М.Бровкова.

Еліміздің туын Италия аспанында әуелеткен спортшы мен оның жеке жаттықтырушысы әрі анасы Еле­на Евгенийқызын Батыс Қазақстан об­лысының әкі­мі Нариман Төреғалиев қабыл­дап, құрмет көрсетті.

– Бұл әлем чемпионатына әлем­нің 65 мемлекетінен мың­ға жуық спортшы қатысты. Осын­дай тартысты бәсекеде елі­­міздің спорт қоржынына бір алтын, бір күміс, бір қола медаль салған Марияның жеңісі – өте үлкен жеңіс! Мұндай же­ңіс оңайлықпен келмейді, бұл – талай жыл төгілген тердің, ты­ным­сыз еңбектің нәтижесі. Бұл же­ңісте спортшының да, жат­­тық­тырушының да, федерацияның да үлесі бар. Сондықтан баршаңызға шынайы алғысымды айтамын. Осы бағыттан айнымай, алға баса беріңіздер, – деді Н.Төреғалиев.

Кездесуде ескек спортының өңір­дегі кейбір түйткілдері де сөз болды. Чем­пионның анасының айтуынша, Орал қаласына ескек спорты кешені керек. Өйткені Орал қаласы үш өзеннің ортасында тұрғанымен, қыс кезінде жатты­ғу үшін жылы жаққа кетуге тура келеді. Федерация бөл­ген қаражаттың дені іссапарға кетеді. Бұған қоса жаттығу база­сын да жаңғырту қажет. Ғи­марат тозған, жөндеу күтіп тұр. Сондай-ақ жарысқа қажетті жүр­дек қайықтар да жетіспейді. Әлем­дік нарықта жақсы бәйге қа­йық 3 мың еуродан кем тұр­май­ды екен. Осы және басқа да мәсе­лелерді спортшының өз аузы­нан естіген облыс әкімі жуық арада чемпионның жат­тығу базасын өз көзімен көруге, түйін­ді мәселелерді шешуге барынша көмек­тесуге уәде берді.

Кездесу соңында Н.Төре­ға­лиев М.Бров­коваға алғысхат және 500 мың тең­гелік сертификат табыс етті.

Айта кетейік, М.Бровкова 2005 жылы 31 қаңтарда Орал қала­сында туған. 2022 жылы облыс­тық мамандандырылған олим­пиадалық резервтегі мек­теп-ин­тернат-колледжін бітір­ген. 2017 жылдан байдарка мен каноэ есуден БҚО құрама коман­дасының мүшесі. 2018-2022 жылдары Қазақстан чем­пио­наттарының жеңімпазы һәм жүлдегері. 2021 жылы Брати­славада (Словакия) өткен ха­лық­аралық регата жеңімпазы. Тай­ландта (2022) өткен Азия чем­пионатының күміс жүлдегері. Мария жастар арасында байдарка мен каноэ есуден екі мәрте әлем чемпионы, 2022 жылы Се­гед­те (Мажарстан) өткен әлем чемпио­на­ты­ның жеңімпазы және қола жүлдегері, 2023 жылы мамыр айында да осы қалада әлем кубогында жеңімпаз атанған.

 

Батыс Қазақстан облысы