Өңірде денсаулық сақтау, педагогика, дін, мәдениет және құрылыс салалары бойынша маман тапшы. Әсіресе дәрігер мамандар жетіспейді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Абдрахманованың айтуынша, дәл қазір облыста 247 маман-дәрігердің орны бос тұр. Соның ішінде жалпы тәжірибелік дәрігерлер, анестезиологтер, акушер-гинекологтер жетіспейді.
Әрине, өңірді қажетті мамандармен қамтамасыз ету үшін жан-жақты, жоспарлы шаралар жүргізіледі. Соның бірі – жергілікті бюджет қаражаты есебінен білім беру гранттарын тағайындау. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен өңірдегі түрлі басқармалардың сұранысын ескере отырып, 2017 жылы – 190 грант, 2018 жылы – 96 грант, 2020 жылы – 48 грант, 2021 жылы – 90 грант, 2022 жылы 114 грант бөлінген екен.
– 2023 жылға білім гранттарын белгілеуге біздің басқарма облыс бойынша қажетті мамандықтарға тапсырыс жинақтады. Қазіргі таңда қажеттілік 86 «бакалавр», 55 «резидентура», барлығы 141 маманды құрап отыр, – дейді облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева. Бұл гранттардың 60-ы – медицина саласына, 10-ы – математика пәнінің мұғалімі, 3-уі – логопед-педагог, 3-уі – тифлопедагог, 3-уі – сурдопедагог, 3-уі – олигофренопедагог мамандығына, 4-еуі құрылыс саласына берілмек.
Әрине, бұл мемлекеттік білім грантына қол жеткізе алмай қалған түлектер үшін әжептәуір көмек. Бұл грантқа көпбалалы немесе кемінде үш жыл толық емес отбасы мәртебесі бар отбасылардағы балалар, бала кезінен мүгедектер, бірінші және екінші топтардағы мүгедектерді тәрбиелеп отырған отбасылардың балалары басымдықпен қол жеткізбек. «Облыс әкімінің грантына» ие болған студент жергілікті атқарушы органмен және жоғары оқу орнымен үш жақты шартқа отырып, диплом алған соң 5 жыл бойы облыста жұмыс істеуге міндетті. Ал диплом алуға жетпей оқудан шығып кеткен жағдайда оқуға жұмсалған қаржы мен шәкіртақы облыстық бюджетке қайтарылады.
Облыс әсіресе дәрігерлерге мұқтаж дедік қой. Өзге өңірлерден медицина мамандарын тарту үшін гранттан бөлек, бір жолғы көтермеақы төлеу мәселесін де облыстық мәслихат депутаттары қолдап, арнайы шешім шығарған болатын. Яғни бұрын ауылдық елді мекендерге барып, қызметке кіріскен жас мамандарға 1 млн теңге көлемінде бір жолғы көтермеақы берілсе, биылдан бастап облыс орталығынан 500 шақырым қашықтықтағы Бөкей ордасы, Жәнібек аудандарына қызметке баратын мамандарға 5 млн теңге көтермеақы беріледі. Ал Орал қаласынан 250 шақырымдағы ауылға барып еңбек етсе, 2,5 млн теңге, шаһарға жақын маңдағы Бәйтерек, Теректі, Тасқала аудандарға баратын мамандарға 1,5 млн теңге көтермеақы ұсынылады. Қалада жұмысқа орналасушыларға 1 млн теңге көлемінде көтермеақы қарастырылған және тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.
Батыс Қазақстан облысы