Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Соңғы онжылдықтарда елде тіркелген шағын және орта бизнес субьектілерінің 40-45 пайызы Алматының үлесінде болды. Халықаралық қаржы орталығы мен Ұлттық банк елордаға қарай қоныс аударғанмен, мұнда ірі банктердің орталық аппараттары, отандық қор биржасы, шетелдік банктер мен қаржылық ұйымдардың кеңселері орналасқан.
Алматы қалалық кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, 2022 жылы жалпы өңірлік өнім көлемі (ЖӨӨ) 8 505,5 миллиард теңгені құрады. Тауар өндіру үлесі – 8,2 пайыз, қызмет көрсету – 85,9 пайыздан асты. Өңірлік өнімнің қомақты түсімі көтерме және бөлшек саудадан екенін аңғару қиын емес. Бұл қалада сауда-саттық, қызмет көрсету саласы жақсы дамығанын көрсетіп тұр. Қаржыгер Ілияс Исаевтың айтуынша, банк секторына реформа жасау, ұлттық валютаны енгізу, ұлттық валютаны енгізуге байланысты арнайы комитет құру, Ұлттық банктің Қазақстан Республикасының дербес Ұлттық банкі болып қайта құрылуы осы қалада жүзеге асты. Коммерциялық банктердің жұмысы Алматыдан басталды. Валюталық биржа пайда болып, қор биржасына айналды. Ұлттық банк қаржы нарығының институционалдық негізін қалыптастырды, Ұлттық банк туралы, екінші деңгейдегі коммерциялық банктер туралы заң да Алматыда дүниеге келді. Дербес қаржы жүйесі, қаржы нарығы қалыптасты. Қысқасы, Алматы бизнесі инвестициялық-саяси атмосфераға дем берді.
Ұлттық банктің Астанаға көшкеніне биыл үшінші жылдың жүзі болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Алматы қаласынан Нұр-Сұлтан қаласына көшіру туралы» Жарлыққа 2020 жылдың 3 сәуір күні қол қойды. Орталық банктің орталық аппараты сол жылдың
1 шілдесіне дейін еліміздің бас қаласына қоныс аударды.
Айтпақшы, бас банк Астанаға қоныс аударады деген әңгіме 2000 жылдардың басынан бастап айтылып келді. Бұл шешімге қарсы болғандар «бұл көш Алматының экономикалық-қаржылық әлеуетіне, оның арғы жағы болашағына теріс әсер етуі мүмкін деген пайымға басымдық берді. «Қазақстан Қаржыгерлері қауымдастығы» (ҚҚҚ) кеңесінің басқарма төрайымы Елена Бахмутова 2019 жылдың қыркүйек айында Алматыда өткен кәсіпкерлердің жыл сайынғы V конференциясында Алматының қаржылық мәртебесін жоғалтуы мегаполистің экономикалық болашағына теріс әсер етуі мүмкін екендігін тұспалдап жеткізген. Таратып айтсақ, мұндай шешімнің арғы жағында тұрған тұлғалар ЕАЭО-ның 2025 жылы Алматыда ұлттықтан жоғары тұратын орган құру туралы шешімін орындауға кедергі келтіруі мүмкін дегенді басшылыққа алған-ды.
«2011 жылы аймақтық қаржы орталығы ретінде жоба жабылғанына қарамастан, Алматы әлі де халықаралық қаржы орталығы болып қалды. Қаржы орталықтарының жаһандық индексінде Алматы мен Астана – Орталық Азиядағы жетекші қаржы орталықтары деп аталады», деп түсіндірген еді Е.Бахмутова.
Ұлттық банктің Алматыдағы ШОБ-тың қалыптасуына, бизнесті дамытуға және шетелдік инвесторларды тартуға ынталандырып келгені, ішкі-сыртқы Алматының инвестициялық тартымдылығына әсер етіп келгені белгілі. Нәтижесінде, ел аумағындағы бизнестің кемі 40 пайызы Алматыға қоныс аударды. Басқаша айтқанда, тек бизнестің ғана емес, ішкі көші-қонның да тартылыс нүктесіне айналды.
Досым Сәтпаевтың айтуынша, Ұлттық банктің бұрынғы басшыларының бірі Григорий Марченко бір кездері Ұлттық банктің Астанаға көшуіне үзілді-кесілді қарсы болған. Ол Ұлттық банк тәуелсіз ойыншы болғысы келсе, Астана шенеуніктерінен аулақ болуы керек деп есептеді. Ал Қайрат Келімбетовтің төрағалығы тұсында бас банктің саяси орталықта, Мемлекет басшысына жақын болғаны деген пікір басым болды. «Саяси шешім деген ұғым бар, іскерлік мүдде деген ұғым бар. Қай жерде жұмыс істеген дұрыс екенін бизнес өзі анықтайды және шешеді. Әрине, белгілі бір бизнес құрылымдарын сол немесе басқа орналастыру нүктесіне күштеп айдауға болады. Дегенмен көптеген мемлекеттік емес бизнес құрылым үшін Алматыда жұмыс логистика жағынан да, жайлылық жағынан да ең қолайлы болды», дейді Д.Сәтпаев.
Естеріңізде болса, ХВҚ өкілдері 2020 жылы Орталық Азия, Кавказ өңіріне және Моңғолияға еліне аймақтық техникалық көмек көрсету орталығы жұмыс істей бастайды деп мәлімдеген еді. Енді екі жылдан кейін Еуразиялық экономикалық ұйымға қатысушы елдердің ортақ қаржы нарығын реттеудің ұлттықтан жоғары органы жұмыс істейтін болады. Мұның нәтижесі Алматыны тек мемлекеттік деңгейде емес, аймақаралық деңгейдегі қаржы орталығына айналдыруға жол ашуы әбден мүмкін. Мәселе осы тұрғыда келгенде Ұлттық банктің Астанаға қоныс аударуы стратегиялық жағынан да дұрыс шешім болды.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдердің бәрінің орталық банктері ел астаналарында орналасқанын білеміз.
Германия Федеративтік Республикасы мен Аустралия одағы мемлекеттік аппараты орталық банктерді көшіру жөніндегі өз еркімен шешім стратегиялық қажетіліктен қабылданған. Мысалы, Сидней континенттің қаржылық орталығы болып саналады, өйткені онда аустралиялық бағалы қағаздар биржасы (ASX), сондай-ақ 90 банктің бас кеңсесі және елдегі ірі компаниялардың жартысынан көбі орналасқан. Ал Германияның Франкфурт қаласы «банктік қала» ретінде танымал. Сол елдің ірі банкінің бесеуінің штаб-пәтері, соның ішінде «Үлкен үштік» – Deutsche Bank, Commerzbank және DZ Bank. Еуроаймақтың ақша-несие саясаты мен қаржылық бақылауына жауап беретін Еуропалық орталық банк Германияның Федералды банкінің жанында, қаланың іскери бөлігінде орналасқан. Неміс бағалы қағаздар нарығы айналымының 90%-дан астамы қаланың сауда алаңы арқылы өтетіні белгілі.
Ұлттық банктің Астанаға көшуін қолдайтын топ бас банктің елордада, ашығын айтқанда Үкіметтің иегінің астында жұмыс істегенін қолдап, мемлекеттік органдардың бәрі көшті, солай болуға тиіс деген дәлелді алға тартады. Ал қаржыгерлер болса орталық банктің елордада болуы ондай шешуші фактор емес, бірақ орталық банктің қаржы орталығында, бизнестің ортасында болуы қаржы ұйымдары үшін өте маңызды екенін айтады. Алматыда еліміздің ірі салық төлеуші компанияларының үштен бірі, 30-дан астам трансұлттық компаниялар, банктің бас кеңсесінің 86%, бірлескен және 43% ірі халықаралық ұйымдар орналасқан. Алматы – экономикасы 36 миллиард АҚШ долларын құрайтын Орталық Азиядағы ең дамыған мегаполис.
Алматы ШОБ, қаржы ұйымдары, Үкіметтің ұстанымынша қалыптасты. Нарықтың жағдайына бейімделді. Енді Ұлттық банктің әлеуеті Астана қаласының қаржылық әлеуетін көтеруге бағытталуға тиіс. Экономикалық талдаушы Ерлан Ибрагимнің айтуынша, Ұлттық банктің Астанаға көшірілуінің стратегиялық маңызы салмақты. Астананың басты ерекшелігі – ашықтығы және бұрынғы жүйенің ауыртпалығынан да азат. Экономикалық форумдарда қазіргі замандағы барлық ой-пікірлер ашық талданады. Сарапшының айтуынша, дәл қазір орналасқан орны емес, ұлттық валютаның пайдаланылуын бақылауы және дефолтқа жол бермеуі маңызды. «Мен бұл шешімді құптаймын, өйткені басшылықтың осында тұруы, Үкіметке жақын болуы маңызды. Соңғы екі-үш жылда Астананың мемлекет бюджетіне түскен түсім 80 есе артып, 1 триллионнан асып кетті. Қалалық бюджетке түскен қаржының 70 пайызы республикалық бюджетке беріліп, қалған 30 пайызы өз қазынасында қалатыны белгілі.
«Алдағы бірер жылда Атырау мен Маңғыстау облыстары, Алматы қаласы сияқты донор өлкелердің қатарында астанамыздың да аты аталатынына сенемін. Жаңа қоныс – жаңа мүмкіндік. Бір ғасыр бұрын қазақ жеріндегі капитализмнің іргетасы қаланған қала елдің әкімшілік орталығы ғана емес, экономикалық локомотивіне айналып келеді деуге негіз бар. Астана ІЖӨ-нің үлесі бүкіл еліміз бойынша 10 пайызға, шамамен 10-11 трлн теңгеге жақындады», дейді Е.Ибрагим.