Бұл туралы олар Samruk-Kazyna Construction Басқарма Төрағасы Мәулен Айманбетовтың жұмыс сапары аясында өткен жеке кездесулерде айтты. Еске сала кетсек, өткен аптада SK Construction басшысы Қарағанды, Павлодар, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарына ат басын бұрды.
ШҚО-ға жұмыс сапары кезінде Айманбетов өңір басшысы Ермек Көшербаевпен кездесті. Облыс әкімі проблемалық мәселелерді шешуде көмегін аямайтынын айтып, сендірді.
Ұлттық жобаны іске асыруға жетекшілік ететін облыс әкімінің орынбасары апта сайын SK Construction Шығыс Қазақстан өңіріндегі өкілі және мердігерлік ұйымдардың өкілдерімен жиналыс өткізіп отырады. Бұл жаңа мектептерді жобалау және салу барысында туындайтын барлық мәселелерді жедел және сапалы шешуге мүмкіндік бермек.
Сондай-ақ Айманбетов өңір басшысына жайлы мектептерге жиһаз таңдау бойынша арнайы комиссия құруды ұсынды. Комиссия құрамына облыс әкімінің жауапты орынбасарынан бөлек білім басқармасының қызметкерлері, мектеп директорлары және олардың әкімшілік-шаруашылық жұмыс жөніндегі орынбасарлары кіруі тиіс. Комиссия мектеп жиһазының дизайнын, түсін және басқа сыртқы параметрлерін анықтайды. Ермек Көшербаев кездесу барысында қарамағындағыларға осындай комиссия құруды тапсырды.
ШҚО-ға жұмыс сапары барысында Samruk-Kazyna Construction басшысы жайлы мектептер салынатын бірнеше жер учаскесін аралады. Бірінші кезекте ол Риддер қаласына барды. Мұнда мердігер «AN Groups» ЖШС келесі жылдың күзіне дейін 600 орындық мектеп тұрғызады.
Риддер таулы жерде шамамен 700 метр биіктікте орналасқан, сондықтан мектеп салуға бөлінген учаскенің рельефі өте күрделі. Сонымен қатар, жер телімі орман алқабының аумағында орналасқан. Бұл нысанды орналастыруда қосымша қиындықтар туғызып жатыр.
«Мен ағаштардың ескі екенін көріп тұрмын, сондықтан санитарлық кесу жұмыстарын қолға алу қажет. Риддер қаласының әкімі Дархан Қосантаевқа және басқа да жауапты тұлғаларға жасыл желекті отау бойынша қоғамдық тыңдалым өткізуді ұсынамын. Техниканы жұмылдыру мен құрылысқа дайындықты уақытылы бастау үшін аумақты тез арада тазарту қажет», деп атап өтті Айманбетов.
Samruk-Kazyna Construction басшысы Глубокое ауданындағы Белоусовка ауылына да барды. Мұнда 300 орындық жайлы мектеп салынады. Аумақта бірнеше ескі нысан тұр, оларды бұзу керек. Сонымен қатар ескі инженерлік желілерді шығарып тастап, жаңалан тарту қажет. Осы мәселелердің барлығын мердігер «Фирма Азия» ЖШС жобалаушы ұйыммен бірлесіп тез әрі ұйымдасқан түрде шешіп жатыр. Айманбетов мұны консорциумның жауапты және үйлесімді жұмысының айқын мысалы деп атады.
Сондай-ақ Басқарма Төрағасы Опытное поле ауылындағы 300 орындық мектеп салынатын жер учаскесі мен Өскемендегі бірнеше құрылыс алаңын көріп, жағдайды бағамдап қайтты. Бір апта бойы өңірлерді аралаған SK Construction басшысының жұмыс сапары осымен тәмамдалды.
Ыстық ауа-райына қарамастан Айманбетов жайлы мектептердің құрылысына бөлінген барлық учаскелерде болып, дайындық барысымен танысты. Болашақта Басқарма Төрағасы ұлттық жобаның іске асырылу барысын бақылау үшін өңірлерді аралауды жалғастырмақ ниетте.
Айта кетейік, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Шығыс Қазақстан облысында 10 мектеп салу жоспарланған. Олардың жетеуі 2024 жылдың соңына дейін, ал қалған үшеуі 2025 жылдың аяғына дейін тапсырылады. Ұлттық жобаның арқасында өңір бойынша 4,2 мың жаңа оқушы орны құрылады.